34 қарағандылық Республика күніне орай мемлекеттік наградаларға ие болды
34 қарағандылық Республика күніне орай  мемлекеттік наградаларға ие болды
292
оқылды
Республика күні қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының атынан наградалар табыс етті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Өңірдің әрбір тұрғынының еліміздің қалыптасуы мен өркендеуіне қосқан үлесін мақтанышпен және шексіз құрметпен атап өткім келеді. Алғыс сөздермен құрметті ардагерлерге жүгінемін. Сіздердің көпшілігіңіз мемлекет тәуелсіздігінің бастауында тұрдыңыз. Ар-намыс пен өз істеріңізге адалдықтың үлгісі үшін сіздерге бас иемін. Біздің облыс әрқашан еліміздің индустриалды жүрегі болды және болып қала береді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде.
 width= Өңір басшысы кәсіпкерлерге де алғыс сөздерін жеткізді.
– Тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде жаңа класс – өз ісін табуға ұмтылатын, қалаларымыз бен ауылдарымызды дамытатын адамдарға жұмыс беруге ұмтылатын кәсіпкерлер, өршіл және батыл класс құрылды. Өңірдің экономикалық өсуіне қосқан зор үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз, – деді облыс әкімі.
ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін Қарағанды облысының 34 тұрғыны марапатталды. Олар «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында жұмысшылар, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, дәрігерлер, спортшылар және басқа салалардың өкілдері бар.
– Бұл менің сыйақым ғана емес, әріптестерімнің еңбегін бағалау деп білемін. Біз, аға буын өкілдері үшін Республика күні – Қазақстан Республикасы халқының бірлігі мен келісімінің нышаны, – дейді «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Осакаров ауданының Еңбек ардагері «Рябина» ҚБ төрағасы Владимир Кошевец.
  Салтанатты жиын «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру рәсімімен жалғасты. Бұл тізімді өңірдегі белгілі еңбек ардагерлері толықтырды. Олар – хирург-онколог медицина ғылымдарының докторы, профессор Қани Мұсұлманбеков; ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рымбала Омарбекова; Қарағанды облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Анатолий Степаненко. Салтанатты шара соңында мерекелік концерт өтті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ