Былтыр ғана Жеңісбек Қадырұлы экстремал жанры бойынша «Темір адам» ретінде Қазақстанның рекордтар кітабының сертификатына ие болған. Бүгінде ол Нұр-Сұлтан қаласының ҚазМедиа орталығында «Бәйімбет Байтайлақ батыр» қоғамдық қоры мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастыруымен өткен «Киелі қарашаңырақ» атты мерекелік кеште тағы бір марапатты иеленді.
– Бұл шараға кештің құрметті қонағы ретінде қатыстым. Мұндай марапатқа ие боламын деп ойламадым. Еңбегімді, өнерімді бағалағандарыңызға мың алғыс! Меніңше, «Асыл тек» алтын медаль асылдан туған текті деген мағынаны білдіреді, – дейді Жеңісбек Қадырұлы.Ол талай мәрте пышақпен денесін кестіріп, өткір араның жүзіне жатып, үстінен он шақты адамды өткізіп елді таңдандырған.
Сондай-ақ кешке республикалық аймақтық, облыстық ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерболат Баятұлы, көптеген әдеби, тарихи танымдық мақалалар мен жинақтардың авторы, Ақпарат саласының үздігі Асылбек Байтанұлы мен елге белгілі азамат Қаз Бәкейұлы қатысты.