Атырауда болған жол апатынан 5 адам жарақат алды
Атырауда болған жол апатынан 5 адам жарақат алды
523
оқылды
 Атырауда көлік аударылып, әртүрлі жарақат алған 5 адам ауруханаға түсті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғасы бүгін, 24 қазанда сағат 17:15 шамасында болған.
«Атырау қаласындағы «Жұлдыз-3» шағын ауданының тұсында Toyota Hilux автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі солға қарай бұрылу кезінде апаттық жағдай туғызған. Соның салдарынан Атырау қаласына бара жатқан Toyota Ipsum автокөлігі жол жиегіне аударылған. Бұл көліктің рөлінде 20 жастағы жүргізуші болған. Toyota Ipsum автокөлігіндегі 5 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен жолаушының бәрі облыстық ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттарды жинақтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Атырау облысында жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, 21 қазаннан бері күн сайын тіркелген. Осыған байланысты патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жүргізушілерге жолда жүру ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертіп отыр.
«Құрметті жүргізуші, жол жүрісіне қатысушы ретінде басқа көлік құралдарына қауіп төндірмей, өзіңіз тасымалдап келе жатқан жолаушылар алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуіңіз қажет. Жол қауіпсіздігін сақтау әр жүргізушінің қолында екенін ескертеміз. Мереке күндері жол қозғалысы қатысушыларының жиілеуіне байланысты қауіпсіздік шараларына мұқият болғаныңыз жөн. Жүргізуші көлік жылдамдығын шектік мөлшерден асырмай, сақтық шараларын сақтауы қажет», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.