Қазақстандықтарға және билікке тіл тигізген қарағандылық қамауға алынды
Қазақстандықтарға және билікке тіл тигізген қарағандылық қамауға алынды
Фото: видеодан алынды
1,036
оқылды
Қарағандыда қазақстандықтар мен ел билігіне қарата боқтық сөз айтқан тұрғын "араздық қоздыру" ісі бойынша ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Қарағанды облысы Полиция департаменті хабарлады. "Полиция қызметкерлері видео түсірген адамды анықтап, полиция бөлімшесіне әкелді. Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынына Қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздық қоздыру) бойынша іс тіркелді. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр",-  деді департамент. "Вечерняя Караганда"  Telegram каналының жазуынша, ер адамның қазақстандықтар мен ел билігіне қарсы видеосы TikTok желісіне жарияланған. Ер адам видеосында Ресейдің Украинаға соғысын және Ресей президенті Владимир Путинді қолдай сөз сөйлейді. Қазір видео мен фото желіден жойылған. Сондай-ақ осы айда Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті Путинді "президентіміз" деп атаған, ал Солтүстік Қазақстанды "Ресейдің байырғы жері" деген екі әйелмен «сөйлескені» хабарланды. Бұл – Қазақстанда Ресейдің әскери агрессия мен сепаратизмін қолдаған алғашқы оқиға емес. Тамызда Қарағанды облысы Саран қаласында қаладағы танкі ескерткішіне Z таңбасын (Ресейдің Украинадағы соғысының белгісі) салып кеткен тұрғын жеті күнге қамалған еді. Қазанның басында Оралда желіде "Қазақстанның кейбір қалаларын Ресейге беру керек" деп жазған тұрғынға іздеу жарияланған.