Қазақстанда ағза ауыстыруға донор тапшы. Ауруы асқынып, дертіне шипа таппағандардың да саны көбейіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. AsnataTV-ның мәліметінше, енді мәйіттің ағзасын алу үшін туыстарының рұқсаты қажет болмуы мүмкін. Себебі қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісетіндер жылдан-жылға азайып барады. Салдарынан күту парағында тұрған науқас көбейіп, трансплантология мәселесі күрделене түскен. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға өзгеріс енгізбек. Елімізде 5 мыңнан аса адам ағза ауыстыруға мұқтаж. Оның барлығы күту парағында тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тұрғындардың 73 проценті мәйіт доноры болуға келіспейді. Көпшілігі «адам денесі өзімен бірге жерленуі керек» деген ұстанымда көрінеді. Ал ауыр дертпен күресіп жатқандар өмір сүргісі келеді. Сұраныс болғандықтан, қазір әлеуметтік желіде өз денесін саудалайтындар да көп. Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. Олар жыл сайын мәйіт донорына келісетін адам саны азайып жатырғанын айтады.
Ұлттық ғылыми хирургия орталығы гепатопанкреатобилиарлы хирургия және бауырды трансплантаттау бөлімінің меңгерушісі Мақсат Досханов: «Күту парағында тұрған бағдарламалардың саны өте көбейіп бара жатыр. Бірақ мәйіт донорларының саны аз. Соған байланысты біздің науқастардың көпшілігі не өлім күтіп отыр немесе олар өзі қаражат тауып, шетелге барып, ағза ауыстыру оталарын жасатып келіп жатыр», – дейді.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғаттың трансплантацияға рұқсат беретінін айтады. Тек діни және медициналық тұрғыдан кейбір қағидаларға аса мән беру керек.
«Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді», - делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарламасында.Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға түзету енгізуді жоспарлап отыр. Енді мәйіттің денесін донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет болмауы мүмкін. Бірақ ол үшін азамат көзі тірісінде медициналық тексеруден өтуі керек. Содан кейін eGov.kz порталындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіріп, трансплантацияға келісім беруі шарт.