Сенатта рақымшылықтың мән-жайын түсіндірді
Сенатта рақымшылықтың мән-жайын түсіндірді
343
оқылды
 Қаңтар оқиғасына  қатысушыларға рақымшылық жасалады. Бүгін   Парламент Сенатының депутаттары заң қабылдады. Оқиғаға қатысушылардың бір бөлігі босатылатын болды, кейбіріне қамау мерзімі қысқартылады, қажет болған жағдайда жұмысқа орналасуға және тұрғын үйге көмек көрсетіледі.
«Қабылданған заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз. Сонымен қатар  заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Рақымшылық кімге жасалады? Рақымшылық тек 4-7 қаңтар аралығында болған жаппай тәртіпсіздікке байланысты немесе олардың жолын кесу кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдарға ғана жасалады. Кімдерге рақымшылық әсер етпейді? Терроризм, экстремизм үшін сотталғандарға, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен азаптау, сыбайлас жемқорлық қылмыс және мемлекетке опасыздық жасаған адамдарға, кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта тиіспеу жөніндегі қылмыстарға, рецидивистерге рақымшылық қолданылмайды. Рақымшылық қалай жүргізіледі? Ауырлығы аз және ауырлығы орташа қылмыс жасағандарға қатысты қылмыстық істер тоқтатылады, ол бойынша сотталғандар жазадан босатылады, ал жазасын өтегендерден соттылығы мүлдем алынып тасталады. Ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімі 3/4, аса ауыр қылмыстарға  1/2 қысқарады. Егер "Рақымшылық жасау туралы" заң қолданысқа енгізілген күні сотталғандардың жазасы бір жылдан аспайтын мерзімге өтеуі қалса, негізгі жаза оның барлық өтелмеген мерзіміне қысқартылады. Әлеуметтену: Рақымшылық жасалған жандар әлеуметке қайта араласуға құқылы. Оларға жұмысқа орналасуға, құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетіледі және медициналық жәрдем беріледі. Тұрғын үй болмаған жағдайда, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған орталықтарға орналастыру ұсынылады.