Қазақстандықтар әскерге енді 6 айға ғана баруы мүмкін
Қазақстандықтар әскерге енді 6 айға ғана баруы мүмкін
Фото: yandex.kz
1,020
оқылды
Әскерде қызмет ету мерзімін 6 айға азайту ұсынылды. Запастағы әскери Байғали Тілек әскерге шақырылғандардың 1 жыл бойы әскери борышын өтеуден бас тартып, бұл қызметті басқаша құруын ұсынды. "Әскери міндетті азамат Отан алдындағы борышын тылдық мамандықтар бойынша – 18 ай, ал майдан мамандықтары бойынша   24 ай міндетті түрде өтеуі қажет. Бірақ бұл мерзім бірден өтелмейді: 3 сатыға ажыратылады. Тыл қызметінен әскери қызметке ішінара жарамсыз азаматтар өте алады, өткісі келмесе, 200 АЕК (612 мың теңгедей) армия салығын төлеуге тиіс. Қалғандары келесі әскери қызмет сатыларынан өтуі шарт: бірінші фаза 6 айға созылады. Оған бастапқы әскери даярлық, жаттығулар, қару түрлерінен атып үйрену, әскери техникамен танысып  жүргізу сияқты "жас жауынгер курсы" кіреді. Бұл америкалық  Вasic combat training  сияқты болуы қажет: онда drill sergeant, яғни нұсқаушы-сержанттар ақырып, жаңа шақырылған жас сарбаздарды ұдайы тыным таптырмай қуалап, бойындағы бар арам терін шығарып, шымыр етеді. Сонда небәрі 6 ай ішінде қарқынды жаттығулар арқасында бұл жігіттер қажетті әскери даярлықтан өтеді, соғыс жүргізу тактикасын, әскери өнерді үйренеді", – деді Байғали Тілек. Әйтпесе, тұтас жыл он екі айға шақырылған жауынгерлер "дух" пен "піл" болып, "аталар" мен "дембельдердің" тапсырмасын орындап, жайқалып жүргенде, көп ештеңе үйренбейді. Тіпті, танк, БМП жүргізбек түгіл, автоматты қалай шашып, жинауды дұрыс білмей оралатындардың бар екені жасырын емес. Ал НАТО жүйесінде, соның ішінде АҚШ-та солдаттарды даярлау бейбіт емес, соғыс жағдайындағыдай қуатты қарқынмен жүргізілетінін жеткізді. "1-фаза аяқталып қалғанда сол ысылған жауынгерлер арасынан контрактник немесе кадрлық әскери қызметші болуға лайықтыларын сапқа тарту үшін үгіттеу, рекрутинг басталуға тиіс. Мұның бәрі ерікті түрде жүргізіледі. Осы кіл мықтының арасынан ең үздіктерін қосымша сынақ-тесттер көмегімен Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті таңдап алып, өз қатарларын жаңа кадрлармен толықтырады. Егер сарбаз әскери қызметті таңдаудан бас тартса, онда оның Отан қорғау борышының 2-сатысы басталады", – деді Байғали Тілек. Оның ұсынуынша, осы фазадан толық түрде (тыл не майдан мамандығына қарай бірден 12-18 ай) немесе бөліп-бөліп өтуге болады. Яғни, толық өткеруден бас тартса, 6 айдан соң әскерге шақырылған жігіт үйіне қайта алады. Сонымен бірге ол 6-9 жыл бойы, жыл сайын 2 айға жиынға келіп тұруға міндетті болады. Сонда орта есеппен 30-35 жасында әскери міндетті азаматтар Отан алдындағы борышын толық өтеп болады. 3-саты запастағы қызметті қарастырады. Онда да жауынгерлер 40-45 жасқа дейін 2 аптаға созылатын әскери жиындарға шақырылуы мүмкін. "Қазақстанда қазір 20 өңір бар. Оның әрқайсысынан орта есеппен 5 мың солдаттан шақырса, онда 10 айға созылатын ағындық-конвейерлік жүйеде әр өңірдің шыныққан, әбден форма-қалыбына келген 25 мың жауынгері кез келген уақытта ұрысқа кіруге дайын тұрады. Сонда Қазақстанда соғыс салуға қабілетті 500 мың жауынгер Отанды қорғауға сақадай-сай болады. Олар жыл сайын 2 ай бойы қолына қару ұстап, атып үйренеді, сан алуан әскер түрлерінің үйлесімді шайқасуына бейімделеді, әскери техниканың құлағында ойнайтын жағдайға жетеді. Ол болмаған соң Қазақстан аз шоғыр ғана кәсіби армияға, сондай-ақ әскерде үйренгенінің бәрін 3-4 жылда тарс есінен шығарған экс-солдаттарға үміт артып отыр", – деді Байғали Тілек. Оның тұжырымдауынша, 6 айға созылатын және ары қарай жылдарға ажыратылатын мұндай жүйе әскери қызметке деген жастардың қызығушылығын арттырады. "Тұтас бір жылым босқа кетеді" деп әскерден қашатындардың санын азайтуға ықпал етеді. Баласының нағыз еркекке айналуын қалайтын ата-аналар және шынығып, шымыр болғысы келетін бозбалалар мұндай қысқа, әрі қарқынды жаттығуға құрылған заманауи әскери қызметті көктемгі-жазғы лагерь ретінде қабылдайтын болады. Концепция авторының ұсынуынша, 1-сатыдан соң жауынгерлерге түрлі бонустар таратуға, мысалы  жүк көлігінің жүргізушісі куәлігін беруге, бұған қоса бағдарламашы, басқа да мамандықтар курсынан өткенін дәлелдейтін және азаматтық салаларда күші жүретін сертификаттарды үлестіруге болады. Сонда 6 ай әскери қызметін өтеп қайтқан бозбала-жігіт бірден жұмысқа орналаса алар еді. Нәтижесінде, Қазақстанның армиясы азаматтар үшін "әлеуметтік лифтіге" айналады. Жалпы, ұқсас тәсіл Швейцарияда қолданылады. Әлемдегі ең ауқатты ел саналатын Альпі етегіндегі осы мемлекетте ер-азаматтардың барлығы үшін қарулы күштерде қызмет ету міндетті саналады. Ол қызмет 260 күнге немесе 8,5 айға созылады. Ол мерзімді 10 жылға бөліп алуға мүмкіндік беріледі. 9 миллиондай адам тұратын Швейцарияның тұрақты армиясының 220 мыңға жуық жауынгері бар (2004 жылғы реформаға дейін 524 мың болған). Бірақ оларға миллионға жуық жауынгер кез келген уақытта көмекке келе алады. Себебі швейцариялық әскери міндетті азаматтар атыс қаруын және бүкіл амунициясын өз үйлерінде сақтайды. Тек оқ-дәрілер ғана арнайы ортақ қоймада ұсталады. Швейцарияда армияға барудан ресми түрде бас тартуға болады. Бірақ бұл жағдайда бас тартқан азамат он жыл бойы өз табысының 3%-ын айыппұл түрінде төлеп, әскердің есепшотына аударып тұруға мәжбүр болады. Бұл ел де бейбітсүйгіш әрі бейтарап саналады. Бірақ бізден артықшылығы сол, оның дәл іргесінде Ресей мен Қытай сияқты империяшыл көршілері жоқ. Демек, озық елдердің өмір сынынан өткен тәжірибесін қабылдасақ, тек озамыз.