Бүгін Қазақстан президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Қызылорда облысына келді. Кандидат Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары және сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқыға салды.
Ел ырысына айналған Сыр күріші – өңір бренді саналатын өнім. Алайда соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы тартылып, облыстың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрделеніп отыр. Судың тапшылығы, әсіресе күріш шаруашылығына кері әсерін тигізуде.
«Көктем келсе, кетпенін сайлап егін егуге кірісетін диқан қауымының көңілі алаң. Су тапшылығы мәселесі жайбарақаттылықты көтермейді. Қамсыз егін егіп, су жетпей жатса, еңбектің еш кеткені емес пе?! Сондықтан біз су тапшылығы мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуіміз керек. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру жайы көптен бері айтылып келеді. Дегенмен бұл іске білек сыбана кірісетін кез енді келгендей. Себебі бір ғана күріш егумен еңбекші елдің несібесі артып, ел қамбасының тоқ болмайтыны айқын сезіле бастады», – дейді Жигули Дайрабаев.