Қылмыскер заңсыз алған дүние-мүлікті туысының атына жаздырады – прокурор
Қылмыскер заңсыз алған дүние-мүлікті туысының атына жаздырады – прокурор
Заң бойынша кейбір істерге тыйым салынғанымен, заңға пысқырмастан жымысқы әрекетін жүзеге асыруға тырысатындар жетерлік. Құзырлы орган өкілдері оларды тайлы-тұяғымен іздеп, ізіне майшам алып түскенімен, заң бұзушылар жазадан сытылып кету жолын ұдайы ойластырып жүреді. Тіпті, кей орган қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып, «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп өзіне керектіні алудың түрлі амалын ойлап табады. Олардың арасында мемлекетке орасан зор залал келтіретіндер бар. Бұл тұрғыдан заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, әр сала бойынша тексеру жүргізіп, сотта мемлекет мүддесін көздейтін прокурорлар еңбегінің маңызы зор. Әсіресе, шекарада көлікпен тауар тасымалы қызып тұрған шақта мемлекет аумағына тауарларды заңсыз өткізіп, есірткі контрабандасына жол бергендерді анықтау, тексеру бойынша ҚР Бас көлік прокуратурасының атқаратын жұмысы шаш етектен. Ал көлікте объектісінде, тасымалдау қызметінде қандай қылмыстар мен заңбұзушылықтар жиі болады? Кеден саласындағы заңсыздықтарды анықтау жұмыстарының нәтижесі бар ма? Осы  және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Бас көлік прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Манарбек  Ерназаровпен сұхбаттасудың сәті түсті.    width= – Манарбек Мақсұтбекұлы, алдымен айтыңызшы, Бас көлік прокуратурасының міндеті не? – Жалпы, прокуратура мемлекет атынан Қазақстан аумағында заңдылықтың сақталуын заң шеңберінде  қадағалайды. Cотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекеттің атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады және т.б. Ал Бас көлік прокуратурасы көлік объектілеріне және кеден саласына қатысты қылмыстық істер бойынша сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді.  Өз міндетіне сәйкес, көлік аумағына байланысты сотта мемлекеттік айыптауды қолдайды. Негізінен көлік прокурорлары республиканың барлық дерлік соттарына қатысады. Олар қандай да бір облыс немесе аудан көлемінде шектелмейді. Бұл ретте, естен шығаруға болмайтын маңызды жайт бар. Прокуратура мемлекеттік айыптаушы ретінде жазалаушы орган емес, оның соттағы негізгі міндеті – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау,  заңды негізге ала отырып және әділ сот үкімін қамтамасыз ету. –  Түсінікті, Қазақстанда көлікпен есірткі және психотроптық заттар тасымалдау фактісі жиі анықтала ма? – Иә, жиі болады. Әсіресе, жастар арасында есірткі тасымалдау фактісі көбірек тіркелетін болды. Мысалы, соңғы жылдары есірткі сатумен айналысатын қылмыскерлердің арасында жастар көп екені байқалды. Биыл 12 шілдеде Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі көлемде контрабандалық жолмен салмағы 2 келіге жуық марихуананы иемденгені үшін кінәлі деп танылған азамат Резниковке қатысты айыптау үкімі жарияланды. Оған ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге сот қаулысы шықты. Ол 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Есірткі құралдары елге кеден қызметінің қызметкерлері тапқан ит тағамдарына салынған қаптамалармен келген. Оның жасы – небәрі 25-те. Биылдың өзінде бірінші сатыдағы соттарда БКП қызметкерлері 482 (613) тұлғаға қатысты 336 (475) қылмыстық іс бойынша айыптауды қолдады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз. Оның ішінде 15 (14) адамға қатысты 12 (5) аса ауыр санаттағы, 211 (180) адамға қатысты 85 (84) іс ауыр істер қатарына жатады. Аса ауыр санаттағы істердің басым бөлігін ірі мөлшердегі есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына, оның ішінде олардың контрабандасына байланысты істер құрайды. – Сотта мемлекет мүддесін қорғайтын Бас көлік прокуратурасы биыл қандай жетістіктерге жетті? Мемлекет пайдасына табыс түсіруге ықпал етті ме? – Бас прокуратураның және АФМ-нің үйлесімді жұмысының нәтижесінде 750 млн теңгеге шығынды нақты ақша түрінде және 400 млн теңгені тәркілеу арқылы өтеуге қол жеткізді. Барлығы  lexus lx570», Mercedes benz amg g-63  маркалы автокөліктері, елорданың элиталық ауданындағы 3 бөлмелі пәтер және көлік жуу бекеті тәркіленді. Осылайша, біз жұмыс барысында қылмыстық әрекеттен алынған кірістерді анықтау шараларына басымдық бердік. – Айыпталушы мемлекетке зиян келтіре отырып, иемденген мүліктерді қалай жасырады? Сот процестеріне жиі қатысатын прокурор ретінде мұны жақсы білуіңіз керек. – Әдетте, қылмыскерлер қылмыстық жолмен алынған ақшаға үйлер, пәтерлер мен автокөліктер  алады. Ал бақылаушы органдардың назарынан жасыру үшін оларды жақын туыстары мен таныстарының атына рәсімдейді. Себебі ұрлық жасаған кезде күдіктілердің жалақысынан басқа кірісі болмайды. Ал аяқастынан өз атына мүлік рәсімделген адамдар әлгі мүлікті қалай иемденгенін түсіндіріп бере алмайды. Алайда ұзақ уақытқа созылған  тергеп-тексеру және сот процесі кезінде олардың қылмысы бәрібір әшкереленеді. – Соттың шешім қабылдауына, азаматтардың жазасы қатаңдатылуына немесе жеңілдетілуіне прокурорлар қаншалықты ықпал етеді? –  Биыл прокурорлық қадағалудың нәтижесінде апелляциялық сатыдағы соттарда 63 (76) адамға қатысты 46 (53) іс қаралды. Оның ішінде сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдары бойынша 33 (57) адамға қатысты 27 (40) іс, прокурордың өтінішхаттары бойынша 30 (19) адамға қатысты 19 (13) іс қаралды. Прокурордың бастамасымен 25 (10) адамға қатысты 16 (7) сот актілері өзгертілді. Осылайша, 12 (2) сотталған адамның жағдайын жақсарттық. 6 (6) адамның жазасын қатаңдаттық. 7 (2) адамның жалпы сомасына қылмыстық құралдар мен қылмыс құралдарын тәркіледі. Мысалы, «Нұрлы жол» кеден бекетінің қызметкері С. бірнеше рет пара алғаны үшін бірінші сатылы сот оған тым жеңіл айыппұл түріндегі жаза қолданған. Апелляциялық өтінішхат негізінде оның жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Басқа жағдайда, прокуратураның бастамасымен «мамонттардың мүйізі» түріндегі контрабандалық заттар тәркіленді. Тағы бір мысал келтіре кетейін, елордадағы Сарыарқа ауданындағы №2 сотының үкімімен А. есімді азамат Қытайға мамонттардың мүйізі мен мүйізтұмсықтарды контрабандалық жолмен әкетуге тырысқаны үшін кінәлі деп танылды.  Сарапшылардың бағалауынша, олардың салмағы 5 тоннадан және құны 1 млрд теңгеден асады. Сот аталған контрабандалық заттардың жартысын Ресей Федерациясы  Саха Республикасының заңды иелеріне қайтарып берген. Прокуратура соттың бұл шешімімен келіспей, істі қайта қарау жөнінде  апелляциялық сатыға өтінішхат берді. Қайта қарау арқылы заттардың барлығы мемлекет пайдасына тәркіленді және Ұлттық музейге тапсырылды. Бір қызығы, ежелгі алыптардың қалдықтары біздің елімізге Саха Республикасынан (Якутия) әкелінген. Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігі өзінің ресейлік әріптестерімен бірге сотталушының кінәсін дәлелдейтін толық мәліметтер жинады. Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушының бастамасы бойынша сот Білім және ғылым министрлігінің (қазір министрлік екіге бөлінгенін ескеріңіз – ред.) атына қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы жеке қаулы шығарды. – Еліміздегі билік мұғалімдер мен дәрігерлер және полицейлердің білімін тексеруге, біліктілігін арттыруға келгенде шебер. Ал сот процесіне қатысатын прокурорлар біліктілігін қалай арттырады? – Қазіргі заман сотта айыптауды қолдайтын прокурорларға жаңа талаптар қояды. Осыған сәйкес болу үшін мемлекеттік айыптаушыларды, жас мамандарды даярлау мен біліктілігін арттырудың жаңа тәсілдерін енгіземіз. Мысалы, шешендік өнерді арттыру, заңдарды және басқа да нормативтік-құқықтық базаны білу бойынша сабақтар өткізіледі. Кейстік тапсырмаларды шешу бойынша практикалық семинарлар жүргізу тәжірибесі  енгізілді. Тапсырмалар, кассациялық сатының апта сайынғы отырыстарының нәтижелері бойынша қалыптастырылатын тәжірибеге, сондай-ақ Бас прокуратураның нұсқаулары мен талдауларына сүйене отырып жасалады. Сот отырыстарының бейнемониторингі жүргізіледі. Онда мемлекеттік айыптаушылардың қателіктері мен мінез-құлқы зерделенеді. Кейстер мен мониторинг қорытындылары жеке пәндік семинарлар мен жиналыстарда талқыланады. – Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Cұхбаттасқан Шапағат СЕРДӘЛІ