Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікті дамыту әрқашан Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтарының бірі болғанын атап өтті.
– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің барлық саласында қол жеткізген маңызды жетістіктерді айтуға жақсы мүмкіндік береді. Келесі жылы мерейлі датаны – дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Сіздің Қазақстанға ресми сапарыңыз өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенімізді білдіреді, – деді Қазақстан Президенті.Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы жан-жақты диалогты дамытуға зор мүмкіндік береді. Өз кезегінде Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңілі толатынын баяндады.
– Біз алғаш Брюссельде кездестік. Содан бері тығыз байланыс орнатып, түрлі салада жұмыс істеп келеміз. Өңірлік деңгейде бірлескен жұмыс жүргізу маңызды. Сізбен ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатысты мәселені талқылау мақсатымен кездескеніме қуаныштымын, – деді Шарль Мишель.Кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар олар Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Өз кезегінде «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын құру жобасын таныстырды. Инвестор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын «жасыл» сутегі өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша тәулігіне қуаты 255 мың текше метр су тұшытатын қондырғы, 40 ГВт жаңартылатын энергия станциясын (жел, күн) және негізінен экспортқа немесе ішкі нарықта тұтынуға арналған 20 ГВт су электролизі өндірісін салу әрі пайдалану көзделіп отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру барысында, құрылыс кезеңінде шамамен 3 500, нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу кезінде 1 800-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылуы мүмкін. Сондай-ақ Маңғыстау облысында маман даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қарастырылған. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Президент Еуропалық Одақты Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 30 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 миллиард доллардан асқан. Ал биылғы 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы 43 пайызға өсіп, 26 миллиард долларға жетті.
– Әсіресе, аса маңызды шикізатты тасымалдау және жасыл сутегі энергетикасын дамыту мәселесінде мол мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар, халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығын атап өттік. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» қолдау мүмкіндігін қарастырдық. Бұдан бөлек, Еуропа санкцияларының Қазақстан экономикасына ықпалын болдырмау мәселесін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Тараптар демократия, адам құқықтары және заң үстемдігін сақтау салаларындағы диалогты одан әрі кеңейту мәселелерін де талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша, Шарль Мишель еліміздің жаңа даму кезеңі – Әділетті Қазақстан құру жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларымызды қолдайтынын жеткізді. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөздердің табысты болғанына тоқталып, ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша бірқатар келісімге қол жеткізгендерін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсуге Шарль Мишельдің осы сапары елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельдің баспасөзге арналған бірлескен мәлімдемесі болды. Қос тарап достық және сындарлы ахуалда өткен келіссөздер барысында соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейі мен серпінді дамуын растады. Олар Қазақстан мен ЕО арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, тереңдету және кеңейту туралы уағдаласты. Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің кездесуіне қатысты. Мемлекет басшысының пікірінше, Азия мен Еуропа құрлықтары шектесетін жерде орналасқан Орталық Азия геосаяси орталықтар мен әлемдік нарықтар арасындағы байланыстырушы көпір саналады. Сондай-ақ Президент өңіраралық өзара ынтымақтастықты кең ауқымда дамытуға деген ұмтылыс Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы жан-жақты диалогтың берік іргетасы болатынына сенім білдірді. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық іс-әрекетті ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Бүгінде Еуропалық Одақ – Қазақстанның басты экономикалық әрі сауда серіктестерінің бірі.
– Соңғы он жылда Еуропалық Одақ Орталық Азия мемлекеттеріне 120 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Бұл, іс жүзінде, аймаққа тікелей салынған инвестицияның 40 пайызын құрайды. Бүкіл қаржының шамамен 70 пайызы Қазақстанға бөлінді. Биыл 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше елдер арасындағы сауда көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 40 пайыздан астам артты. Қазіргі таңда еуропалық капиталдың үлесі бар үш мыңға жуық компания Қазақстан экономикасының түрлі секторында жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.Президенттің айтуынша, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың құрылымы анағұрлым теңгерімді болуы керек. Қазақстан машина жасау, темір мен болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы секілді салаларда жылына құны 1,5 миллиард долларды құрайтын 100-ден аса өңделген өнім ұсына алады. Еліміз жыл сайын Еуропалық Одақ елдеріне 5 миллион тоннадан астам бидай экспорттайды. Тек былтыр Қазақстанның Еуропа елдеріне экспортталатын азық-түлік тауарларының көлемі 32 пайызға ұлғайып, 630 миллион доллардан асқан. Жиын соңында Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары және Еуропалық Кеңес Президенті бұқаралық ақпарат құралдары үшін Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қатысушылар өзара құрмет пен сенімнің ашық және достық ахуалында Орталық Азия мен ЕО мемлекеттері арасындағы көп қырлы және өзара тиімді ынтымақтастықтың өткен кезеңін қорытындылады және ортақ құндылықтар мен өзара мүдделерге негізделген берік, жан-жақты және перспективалы әріптестік құрылымын жалғастыруға өз бейілдіктерін растады.