ДНҚ: бұлтартпас айғақ, тапжылтпас дәлел
ДНҚ: бұлтартпас айғақ, тапжылтпас дәлел
549
оқылды
ІІМ қылмыскерлердің кім екенін ДНҚ-сынан да еркін анықтайтын дәрежеге жетті. Оның нәтижесі – 100%. Криминалистер бұрынғыдай саусақ ізі, қандағы, гильзамен қа­тар, айғақ заттар үшін сілекей мен шаш сынды тағы да басқа биологиялық материал­дар­ды да жинайтын болған. Қылмыскер көшеде түкірсе немесе темекі шеккен болса, тіп­ті оның ас ішкен ыдысы табылса, қылмысты ашуға кәдеге аспақ. Ендеше ДНҚ зерт­ха­наның құдіреті қандай? Қазақстан – Орталық Азияда көш бастап тұр Ішкі істер министрлігінде ДНҚ зертханасы 2014 жылы ашыл­ған. Содан бері ұйым­дас­тыру-қалыптастыру кезеңін бас­тан өткеріп келеді. Ал былтыр жыл басында соның бір кезеңі – ДНҚ мәліметтері базасы іске қосылды. Осы жетістігінің арқа­сын­да Қазақстан Орталық Азия­дағы осындай ақпарат қорына ие алғашқы әрі жалғыз мемлекет атанып отыр. Бүгінгі таңда мұндай база жер шарының тек 60 елінде ғана бар екен. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, геномдық деректер қылмысты ашу мен алдын алуда тиімді екенін дәлелдеп отыр. Сон­дай-ақ осы 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап, «Дактилоскопия­лық және геномдық тіркеу ту­ралы» заң қолданысқа енгізілген екен. Екі кезеңмен жүзеге асыру көзделген құжаттың өзектілігі, ең алдымен қауіпсіздік мәселелеріне негізделген. Екінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Геномдық тіркеуді ІІМ-ның Же­дел-криминалистикалық депар­та­менті жүзеге асырады.
«Арнайы деректер базасында дактилос­копиялық және геномдық ақпараттардың болуы күдіктілер мен құрбандардың, сон­дай-ақ ха­бар-ошарсыз кеткен және та­ныл­маған мәйіттердің биомате­риал­дарын сәйкестендіріп салыстыруға мүмкіндік береді. Геномдық тіркеуге биоматериал кез-келген адамнан алынбайды. Оған ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады делінетін күдіктілер, соның ішінде жыныстық қыл­мыстардың барлық санаттары, қылмыс болған жерден табылған биоматериалдар­дың барлығы, жеке басы белгісіз мәйіттер, хабар-ошар­сыз кеткен азаматтардың биоло­гиялық туыстары жатады. Соңғы­ларының жазбаша келісімі керек. Сондай-ақ бұл ақ­параттарды жи­науды Ішкі істер министрлігі ДНҚ зертханалардың, Әділет министр­лігінің Сот және сот-медициналық сараптама ор­гандарының қаты­суы­мен ғана жүзеге асыра алады. Бұл қатынастардың барлығы жаңа заңда және 2018 жылы Үкімет Қаулы­сы­мен қабылданған оған дейін қол­данылып келе жатқан Ережеде рет­телген. Заңды дайындау бары­сында біздің департамент Еуропа, АҚШ, Қытай, Австралия, Жаңа Зе­ландия және Азия елдерінің ха­лықаралық тәжі­рибесін жіті зерде­леп шықты. Қылмыс­кер­лерден бө­лек, хабарсыз кеткендер мен та­нылмаған мәйіттердің жеке басын анықтауға да көп көңіл бөлеміз», – дейді ІІМ Жедел-криминалис­ти­калық департаменті басты­ғының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Танкеев.
ДНҚ дегеніміз – ғылыми тілде «дезок­сирибонуклеин қышқылы» (ДНҚ) деп ата­лады. Анықтамасы: тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа бе­рілуін, сақталуын, дамуы мен қыз­метін қамтамасыз етуіне жауапты нуклеин қыш­қылының екі түрінің бірі. Ерекшелiгi: бiр организмнiң барлық жасушаларындағы ДНҚ молекуласының құрамы мен құры­лымы жасына да, қоршаған ортада­ғы жағдайына да қарамастан біп-бiрдей болады екен. Мамандардың айтуынша, базаға жинауға биомате­риал ретінде адамның түрлі дене бөлінділерін пайдалануға болады екен. Қазақстан солардың арасынан ұрттық эпи­телийді, яки сілекейді таң­дап алыпты. Өйт­кені бір рет пай­далануға арналған аппли­каторлар арқылы оны алу қауіпсіз. Сондай-ақ сілекей жинау қан алу және оны талдау секілді арнайы машық пен білімді қажет етпейді. Екіншіден, адамның толықтай са­палы профиль мәліметтерін жасап шығаруға жарайды. [caption id="attachment_224331" align="aligncenter" width="1511"]ДНҚ зертханасы © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Қылмыс болған жерде «қышқыл» қалар ІІМ Жедел-криминалистикалық депар­таменті халықаралық әріп­тестікті де жолға қойған. Ұйымдас­қан қылмысқа қарсы күрес комитеті мен Интерпол арқылы алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыста. Мәселен, 2021 жылы ЖКД-ға Ре­сей, Беларусь, Польша, Швеция, Ирак, Латвия, Украина және АҚШ-тан 56 өтінім түскен болса, биылғы 9 айда Ресей, Беларусь, Латвия, Гер­мания және Өзбекстаннан 64 өті­нім келген. Бүгінгі таңда Қазақ­станның ДНҚ мәліметтері база­сын­да 30 мыңнан аса генотип бар.
«Халықаралық тәжірибе көр­сетіп отырғандай, нәтижелер жо­ғарырақ болуы үшін ең аз дегендегі шектік мәлімет – 100 мың генотип­тен көп болуы керек. Әйтсе де, қа­зірдің өзінде біздің көрсеткіштеріміз жаман емес. База ашылғалы ДНҚ арқылы 5 деректі анықтадық. Олар­дың арасында оқиға орнына айғақ тастап кеткен қылмыскерлер де, белгісіз мәйіттер де бар. Мәселен, 2018 жылдың маусымында Ақмола облысындағы бір ауылда тек көздері ғана көрінетін қара бетпердемен тұмшалаған үш белгісіз адам тере­зені ашу жолымен бір үйге еніп, иелеріне күш көрсетіп, байлап тастап, көп көлемде ақша, бағалы заттармен қоса сыртқы бақылау камерасының сақтау құрылғыларын алып кеткен болатын. Оқиға орны­нан 6 темекі тұқылы табылып, оны сараптау нәтижесінде үш қылмыс­кердің екеуінің ДНҚ мәліметтері анықталды. Тағы бір дерек, 2017 жылы Астана қаласынан табылған белгісіз мәйіттің жеке басы анық­талды. Ол бұрын сотталған И. есімді азамат болып шықты», – дейді ІІМ Жедел-криминалистикалық де­партаментінің бас криминалисі Әлібек Ералинов.
Бұл әдістің нәтижесі 99,99% құрайтыны түпкілікті дәлелденген. Тек базаны кеңейте түсу қажет. Мә­селен, Қытай елінің мұндай мәлі­мет­тер ауқымы 80 млн геномды құрайды екен. Қазақстан бойынша, 2021 жылы 14 613 жазасын өтеуші мен тіркеуде тұрған азаматтардың және хабарсыз жоғалғандардың 224 туысының геномы, ал 2022 жылдың 9 айында 12 189 сотталған және тір­кеуде тұрған азаматтар мен 285 туыс адамның биоматериалдары базаға тапсырылған екен. Қазан айының 1-і күнгі мәлімет бойынша, депар­таменттің үш қызметкері 11 024 жа­засын өтеуші (жалпы санының 41,8%-ы) мен 243 туыс адамның (жалпы санының 47,7%-ы) геномын талдаудан өткізіп үлгерген екен. Ал күн сайын тапсырылып жатқан биоматериал санының өте көптігін ескерсек, атқарылуы тиіс жұмыс ауқымы үлкен боп қалып отыр.
«2016 жылы заң жобасын әзірлеу барысында Еңбек министрлігі есеп жүргізіп, геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін 16 штаттық бірлік қажет екен­дігін анықтады. Ал бізде бүгінде тек 4 қызметкер бар. Осы кадр мә­селесі шешімін тапса, жоқ дегенде 12 адамға жеткізілсе деген тілегіміз бар. Одан өзге жұмыстар жоспар бойынша жүзеге асып келеді. Астана қаласындағы еліміздегі жалғыз зерт­хана орналасқан ғимаратқа күр­делі жөндеу жұмыстары жүруде. Биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. 2019 жылы жабдықтар мен серверлер автоматтандыру жүйесіне көшірілді. Ал 2021 жылы зерттеу нысанының, яки адамның көзінің, шашының терісінің түсі қандай екеніне дейін анықтайтын заманауи әдіс енгізіле бастады. Сол мақсатта секвенаор алынды. Енді 2023 жылы реактивтер мен шығыс материал­да­рын сатып алу көзделуде. Біздің департамент, сонымен қатар, елі­міздің ғылыми мекемелерімен мем­о­рандумға отырып, ғылымды дамы­туға да үлес қосып келеді. Ал қыл­мыспен күресте тиімділігі жағынан ғылымның рөлі бірінші орынға шығып отыр», – дейді по­лиция пол­ковнигі Ержан Берікұлы.
XX ғасырдың аяғы молекулярлы биология, генетика, медицина және химия саласында тың жаңа­лық­тарға толы болғаны белгілі. Соның ең бір озығы – ДНҚ. Тарихы 1869 жылдан басталатын ғылыми жетістік тек 1940 жылдары ғана криминалис­тикаға келген екен. Ал біздің еліміз бұл көшке енді-енді ғана қосылып жатыр. Ендеше, «Көш жүре түзе­леді» десек, ғылымға ерген ат-кө­лігіміз кенжелемеуі шарт. Өйткені, қанша ғасыр өтсе де, ДНҚ – бұл­тартпас айғақ, тапжылт­пас дәлел болып қала бермек.