ІІМ қылмыскерлердің кім екенін ДНҚ-сынан да еркін анықтайтын дәрежеге жетті. Оның нәтижесі – 100%. Криминалистер бұрынғыдай саусақ ізі, қандағы, гильзамен қатар, айғақ заттар үшін сілекей мен шаш сынды тағы да басқа биологиялық материалдарды да жинайтын болған. Қылмыскер көшеде түкірсе немесе темекі шеккен болса, тіпті оның ас ішкен ыдысы табылса, қылмысты ашуға кәдеге аспақ. Ендеше ДНҚ зертхананың құдіреті қандай? Қазақстан – Орталық Азияда көш бастап тұр Ішкі істер министрлігінде ДНҚ зертханасы 2014 жылы ашылған. Содан бері ұйымдастыру-қалыптастыру кезеңін бастан өткеріп келеді. Ал былтыр жыл басында соның бір кезеңі – ДНҚ мәліметтері базасы іске қосылды. Осы жетістігінің арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы осындай ақпарат қорына ие алғашқы әрі жалғыз мемлекет атанып отыр. Бүгінгі таңда мұндай база жер шарының тек 60 елінде ғана бар екен. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, геномдық деректер қылмысты ашу мен алдын алуда тиімді екенін дәлелдеп отыр. Сондай-ақ осы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң қолданысқа енгізілген екен. Екі кезеңмен жүзеге асыру көзделген құжаттың өзектілігі, ең алдымен қауіпсіздік мәселелеріне негізделген. Екінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Геномдық тіркеуді ІІМ-ның Жедел-криминалистикалық департаменті жүзеге асырады.
«Арнайы деректер базасында дактилоскопиялық және геномдық ақпараттардың болуы күдіктілер мен құрбандардың, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен және танылмаған мәйіттердің биоматериалдарын сәйкестендіріп салыстыруға мүмкіндік береді. Геномдық тіркеуге биоматериал кез-келген адамнан алынбайды. Оған ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады делінетін күдіктілер, соның ішінде жыныстық қылмыстардың барлық санаттары, қылмыс болған жерден табылған биоматериалдардың барлығы, жеке басы белгісіз мәйіттер, хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары жатады. Соңғыларының жазбаша келісімі керек. Сондай-ақ бұл ақпараттарды жинауды Ішкі істер министрлігі ДНҚ зертханалардың, Әділет министрлігінің Сот және сот-медициналық сараптама органдарының қатысуымен ғана жүзеге асыра алады. Бұл қатынастардың барлығы жаңа заңда және 2018 жылы Үкімет Қаулысымен қабылданған оған дейін қолданылып келе жатқан Ережеде реттелген. Заңды дайындау барысында біздің департамент Еуропа, АҚШ, Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия және Азия елдерінің халықаралық тәжірибесін жіті зерделеп шықты. Қылмыскерлерден бөлек, хабарсыз кеткендер мен танылмаған мәйіттердің жеке басын анықтауға да көп көңіл бөлеміз», – дейді ІІМ Жедел-криминалистикалық департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Танкеев.ДНҚ дегеніміз – ғылыми тілде «дезоксирибонуклеин қышқылы» (ДНҚ) деп аталады. Анықтамасы: тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуіне жауапты нуклеин қышқылының екі түрінің бірі. Ерекшелiгi: бiр организмнiң барлық жасушаларындағы ДНҚ молекуласының құрамы мен құрылымы жасына да, қоршаған ортадағы жағдайына да қарамастан біп-бiрдей болады екен. Мамандардың айтуынша, базаға жинауға биоматериал ретінде адамның түрлі дене бөлінділерін пайдалануға болады екен. Қазақстан солардың арасынан ұрттық эпителийді, яки сілекейді таңдап алыпты. Өйткені бір рет пайдалануға арналған аппликаторлар арқылы оны алу қауіпсіз. Сондай-ақ сілекей жинау қан алу және оны талдау секілді арнайы машық пен білімді қажет етпейді. Екіншіден, адамның толықтай сапалы профиль мәліметтерін жасап шығаруға жарайды. [caption id="attachment_224331" align="aligncenter" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Қылмыс болған жерде «қышқыл» қалар ІІМ Жедел-криминалистикалық департаменті халықаралық әріптестікті де жолға қойған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес комитеті мен Интерпол арқылы алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыста. Мәселен, 2021 жылы ЖКД-ға Ресей, Беларусь, Польша, Швеция, Ирак, Латвия, Украина және АҚШ-тан 56 өтінім түскен болса, биылғы 9 айда Ресей, Беларусь, Латвия, Германия және Өзбекстаннан 64 өтінім келген. Бүгінгі таңда Қазақстанның ДНҚ мәліметтері базасында 30 мыңнан аса генотип бар.
«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, нәтижелер жоғарырақ болуы үшін ең аз дегендегі шектік мәлімет – 100 мың генотиптен көп болуы керек. Әйтсе де, қазірдің өзінде біздің көрсеткіштеріміз жаман емес. База ашылғалы ДНҚ арқылы 5 деректі анықтадық. Олардың арасында оқиға орнына айғақ тастап кеткен қылмыскерлер де, белгісіз мәйіттер де бар. Мәселен, 2018 жылдың маусымында Ақмола облысындағы бір ауылда тек көздері ғана көрінетін қара бетпердемен тұмшалаған үш белгісіз адам терезені ашу жолымен бір үйге еніп, иелеріне күш көрсетіп, байлап тастап, көп көлемде ақша, бағалы заттармен қоса сыртқы бақылау камерасының сақтау құрылғыларын алып кеткен болатын. Оқиға орнынан 6 темекі тұқылы табылып, оны сараптау нәтижесінде үш қылмыскердің екеуінің ДНҚ мәліметтері анықталды. Тағы бір дерек, 2017 жылы Астана қаласынан табылған белгісіз мәйіттің жеке басы анықталды. Ол бұрын сотталған И. есімді азамат болып шықты», – дейді ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі Әлібек Ералинов.Бұл әдістің нәтижесі 99,99% құрайтыны түпкілікті дәлелденген. Тек базаны кеңейте түсу қажет. Мәселен, Қытай елінің мұндай мәліметтер ауқымы 80 млн геномды құрайды екен. Қазақстан бойынша, 2021 жылы 14 613 жазасын өтеуші мен тіркеуде тұрған азаматтардың және хабарсыз жоғалғандардың 224 туысының геномы, ал 2022 жылдың 9 айында 12 189 сотталған және тіркеуде тұрған азаматтар мен 285 туыс адамның биоматериалдары базаға тапсырылған екен. Қазан айының 1-і күнгі мәлімет бойынша, департаменттің үш қызметкері 11 024 жазасын өтеуші (жалпы санының 41,8%-ы) мен 243 туыс адамның (жалпы санының 47,7%-ы) геномын талдаудан өткізіп үлгерген екен. Ал күн сайын тапсырылып жатқан биоматериал санының өте көптігін ескерсек, атқарылуы тиіс жұмыс ауқымы үлкен боп қалып отыр.
«2016 жылы заң жобасын әзірлеу барысында Еңбек министрлігі есеп жүргізіп, геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін 16 штаттық бірлік қажет екендігін анықтады. Ал бізде бүгінде тек 4 қызметкер бар. Осы кадр мәселесі шешімін тапса, жоқ дегенде 12 адамға жеткізілсе деген тілегіміз бар. Одан өзге жұмыстар жоспар бойынша жүзеге асып келеді. Астана қаласындағы еліміздегі жалғыз зертхана орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. 2019 жылы жабдықтар мен серверлер автоматтандыру жүйесіне көшірілді. Ал 2021 жылы зерттеу нысанының, яки адамның көзінің, шашының терісінің түсі қандай екеніне дейін анықтайтын заманауи әдіс енгізіле бастады. Сол мақсатта секвенаор алынды. Енді 2023 жылы реактивтер мен шығыс материалдарын сатып алу көзделуде. Біздің департамент, сонымен қатар, еліміздің ғылыми мекемелерімен меморандумға отырып, ғылымды дамытуға да үлес қосып келеді. Ал қылмыспен күресте тиімділігі жағынан ғылымның рөлі бірінші орынға шығып отыр», – дейді полиция полковнигі Ержан Берікұлы.XX ғасырдың аяғы молекулярлы биология, генетика, медицина және химия саласында тың жаңалықтарға толы болғаны белгілі. Соның ең бір озығы – ДНҚ. Тарихы 1869 жылдан басталатын ғылыми жетістік тек 1940 жылдары ғана криминалистикаға келген екен. Ал біздің еліміз бұл көшке енді-енді ғана қосылып жатыр. Ендеше, «Көш жүре түзеледі» десек, ғылымға ерген ат-көлігіміз кенжелемеуі шарт. Өйткені, қанша ғасыр өтсе де, ДНҚ – бұлтартпас айғақ, тапжылтпас дәлел болып қала бермек.