Ақтөбеде Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосып, қоғамдық қызметте белсенділік танытқан ақтөбеліктерге мемлекеттік наградалар табыстады.
«1990 жылғы 25 қазан – Қазақстанның егемендігі туралы Декларациясы қабылданды. Осы күннен бастап шекарамызды шегендеп, көнеден жеткен дәстүрімізді, қастерлі мәдениетімізді, қасиетті тілімізді жаңғыртуға жол аштық. Республикамыздың 30 жылдық кезеңін табысты аяқтап, төртінші онжылдыққа аяқ бастық. Бұл жылдар маңызды оқиғаларға толы болды. Мемлекетіміз дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әлемдік қауымдастықта лайықты орын иеленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі саяси жүйені жаңғырту бағытындағы реформалары мемлекет пен қоғамның байланысын жаңа деңгейге көтерді. Ең алғашқы қадам – Конституциялық референдум өткізіліп, Ата Заңға толықтырулар енгізілді. Елдің бірлігі мен бітімгерлігі талқыға түсетін тарихи бастама Ұлттық құрылтайда мемлекетіміздің дамуының жаңа бағыттары айқындалды. Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісінде жаңа 3 облыс құрылды. Ұлттық құрылтайда қабылданған ең маңызды шешім 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Мемлекет басшысы егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді ұсынды. Республика күнін мерекелеу жалпыұлттық тұтастығымызды, қалыптасқан мемлекеттілігімізді айшықтай түсетін бүкілхалықтық тарихи күн. Бұл ата-бабаларымыздың орындалған арманы, ұлттық идея мен мемлекеттік бірегейлікке ұласқан күн, бұл тәуелсіздігімізді ұлықтайтын мереке!» – деді Ералы Тоғжанов.Аймақ басшысы облыстың дамуы жолында жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жоспарын бөлісті. Дәлірек айтсақ, тәуелсіздік жылдары облыста 12,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, биылдың өзінде 1 млн 250 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде тұрғын үйге мұқтаж жандардың мәселесін шешуге септігін тигізеді. Бұдан өзге, 176 медициналық нысан, 55 мың орынға шақталған 169 мектеп, 42,9 мың орынға арналған 553 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді. Өңірде елдімекендерді газ желісіне қосу қарқынды жүргізілуде. Егер 1991 жылы газбен қамтылған тұрғындар саны 48,9 пайыз болса, қазіргі көрсеткіш – 93,1 пайыз. Облыстың ауыл шаруашылығы саласында да оңды өзгерістер бар. Соңғы жылдары мал басы айтарлықтай көбейді. Өңірде ірі қара мал басы 371 мыңнан 630 мыңға, жылқы 77,6 мыңнан 255,6 мыңға жетті. Аймақтағы күрделі мәселелердің бірі – жол жағдайы. Ақтөбе облысында соңғы үш жылда ғана 855 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өтті, бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасады.
«Қадірлі жерлестер, алда үлкен саяси науқан – Президент сайлауы. Бұл әрбір қазақстандықтың болашағын айқындайтын, елдің тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз ететін, мемлекеттің дамуы жолындағы стратегиялық бағыттарды қабылдайтын жауапты кезең! Осы саяси науқанда ақтөбеліктер өз ауызбіршілігін көрсетіп, белсенділік танытады деп сенемін. Егемендікті көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы ету – әр азаматтың абыройлы борышы. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жарасып елдің дамуы үшін еңбек етейік», – деді облыс әкімі.Салтанатты шара аясында Президент Жарлығымен ақтөбеліктерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, қоғамдық қызметте белсенділік танытып, халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқаны үшін мемлекеттік наградалар табысталды. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғали мен философия ғылымдарының докторы, еңбек ардагері Алтай Тайжановқа «Парасат» ордені табыс естілді. «Құрмет» орденімен наградталғандардың қатарында Байғанин аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қожағали Аққожа, Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Қасымбек Алдияров, еңбек ардагері Көшкінбай Ахметов, дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Сергей Ведюшкин, облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев бар. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері Ақтөбе хром қосындылары зауытының шебері Раиль Ильясов, «Ұлы қабырға «ҚҚБК» ЖШС шебері Мереке Қадыралиев, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты цехының бастығы Сәбит Қайрақбаев, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Нұрғазы Қасымов атанды. Бұдан өзге, еңбегімен ерекшеленген бірқатар ақтөбелік «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Жомарт жүрек» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта кетейік, үш ақтөбелік Астанада өткен салтанатты шараға арнайы шақырылды. «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы «Отан» орденін, «Екі Езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан «Ерен еңбегі үшін» медалін және «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Жанна Дүйсенбина «Шапағат» медалін иеленді. Ақтөбеде Республика күніне бірқатар іс-шара арналды. Облыс орталығындағы ипподром алаңында өткен ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті. Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, спортсүйер қауым қатысты. Аймақ басшысы облыстағы ұлттық спорт ойындарының дамуын тілге тиек етті.
«Облысымызда көкпар десе, ішкен асын жерге қоятын азаматтар аз емес. Солардың бірі, алғашқы кезеңдерден облыстағы көкпар ойындарының дамуына үлес қосып, қазір бапкерлік қызметте жүрген тақымы тастай көкпаршы жігіттеріміз Әлиев Мейрамбек пен Додай Нұрланды әркез мақтаныш етеміз. Аударыспақтан 2018 жылы Сағымбаев Арман Азия чемпионы атанса, 2022 жылы Ержанов Шыңғысхан әлем чемпионы болды, Серғазин Азамат қола алды. Мемлекет басшысы таяуда ғана ұлттың мақтанышы әрі қазынасы қазақы тазы мен төбет иттің тұқымын сақтау керегін айтты. Қазіргі таңда ақтөбелік әуесқой тазы бегілерінің шоғыры қалыптасып отыр. Тазы асырау және оны баптау жұмысын жүйелеп, жолға қоямыз», – деп атап өтті облыс әкімі.Ералы Тоғжанов көкпар, аударыспақ, тазылар жарысында жүлделі орындарға ие болған спортшыларды марапаттады. Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.