Шығыс Қазақстанда полицейлер жалған хабардың ақ-қарасын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Риддер тұрғыны қарызын қайтарғысы келмеген соң полицияға жалған ақпарат берген. Polisia.kz-тің дерегінше, ол өзін қарақшылық шабуылдың құрбаны ретінде көрсеткен. Жәбірленушінің айтуынша, түнде бетперде киген үш белгісіз адам оның үйіне кіріп, зорлық-зомбылық көрсетіп, 3,8 млн теңге көлемінде ақшасын алып кеткен. Аталған өтініш негізінде тәртіп сақшылары осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Алайда арызданушымен әңгімелесу барысында оқиға басқаша өрбіді. Ер адам полицейлерге оған қатысты ешқандай қылмыс жасалмағанын, мұның бәрін ол өзінің танысына 950 мың теңге қарызды қайтарғысы келмегендіктен ойлап тапқанын мойындады. Енді ҚР ҚК-нің 419-бабының 3-бөлігіне сәйкес, өтірік айтқан «жәбірленушіге» үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.