Түнгі клубқа кіріп, қайта шықпаған - Түркияға барған қазақ жігіті із-түзсіз жоғалып кетті
Түнгі клубқа кіріп, қайта шықпаған - Түркияға барған қазақ жігіті із-түзсіз жоғалып кетті
Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай Facebook әлеуметтік желісінде Түркияның Измир қаласына барып, жоғалып кеткен қазақ баласы жайлы ақпаратпен бөлісті. Рауан Дарханұлы 2001 жылы Тараз қаласында туған. Измирдегі Докуз Эйлуль университетінің тіл курсына биыл түскен. Жат елге барғанына 20-ақ күн болған. Ол 22 қазан күні кешкі сағат 20-00 шамасында бірге оқитын достарымен “Горилла” клубына барады. Бәрі сыртқа шыққанда ұялы телефонын ұмыттым деп ішке кірген жігітті содан бері жан баласы көрген жоқ. 15-20 минут сыртта күткен достары клуб ішіне кіріп сұрастырады, Рауанды көрдім-білдім деген адам жоқ.
"Измирде із-түзсіз жоғалған қазақ баласына қатысты ақпар айта кетейін. Рауан Дарханұлының жоқ болғанына бүгін 6-шы тәулік. Измирдегі “Горилла” клубында ұялы телефонын қалдырып, қазір деп кіріп, сол күйі есіктен қайта шықпаған. Қолында Қазақстан паспорты, қалтасында Каспий картасы бар. Картадан ертеңіне – 23 қазан күні сауда жасағаны белгілі болды. Достары сол күні клубқа тағы іздеп келгенде ұялы телефонын тапты, өзін ешкім көрмеген. Кеше түркиялық студенттер чатында біреу “Табылды, түрік отбасында екен” деп еді, өтірік болып шықты. @kamransamedov89 “Еш жамандық, өлім көріп тұрғаным жоқ. Тірі, жүр" дейді. Ең тамашасы, жер - дөңгелек демекші, Измир криминалдық полиция басшысы менің танысымның танысы болып шықты. Түнде Рауан жайлы барлық ақпаратты бердім. “Жердің астына кіріп кетсе де таң атқанша табамыз!” деді. Қазір Анадолы елі тәтті ұйқыда, таң атсын, жақсы жаңалықпен бөлісемін, бұйыртса. Ұл-қызын шет елде оқытып жатқан барша ата-ана тілекші болыңыздар", – деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Жергілікті полицияға хабар берілді, анасы Раушан Измирге ұшып кетті. Журналист ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкіліне хабар берген, әзірге жауап жоқ.
"Рауанның әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ. Ұялы телефонды да сирек қолданатын", – дейді анасы Раушан.