Біртанов ісі: Мемлекетке 1,1 млрд теңге қайтарады, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді

Біртанов ісі: Мемлекетке 1,1 млрд теңге қайтарады, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді

Судья Ибрагим Әлкенов Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті сот залынан босатты: Біртанов өзіне тағылған бірінші айып бойынша, яғни, санитарлық авиация ұшағын заңсыз пайдаланды деген айыптан толық ақталып шықса, ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-тармағы (билігін асыра пайдалану) бойынша Біртанов та, Әбішев те ақтала алмады. Бұл қылмыстары үшін Біртанов шартты түрде бес жылға, Әбішев төрт жылға сотталып отыр, – деп хабарлады azattyq-ruhy.kz.

«Сотталғандарға пробациялық бақылау жүргізуді қаулы етемін. Сонымен қатар, сотталғандар мемлекеттік қызметте, соттарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен олардың ведомстволарында, реттеу бойынша уәкілетті органда, қаржы нарығын бақылау мекемелерінде, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектордың ұйымдарында өмір бойы жұмыс істей алмайды», – деді сот.
Судья Ибрагим Әлкенов сондай-ақ, сотталғандарға тағы бір үкім кесті: Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігіне 1 млрд 350 мың теңге өтемақы өндіріп беруі керек.
«Қаражатты екі сотталушы тең бөліп қайтаруы керек. Үш ай үшінде осы азаматтық арызды өз еріктерімен орындауды үкім етемін», – деді судья Әлкенов.
Бұдан өзге, Олжас Әбішев жазасы аяқталғанша жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі жұмысқа жегілетін болды. Соттан кейін журналистерге бірауыз пікір беріп үлгерген экс-министр соттың шешіміне ішінара ғана қанағаттанатынын айтты.
«Платформаға қатысты эпизодтың шешімімен келіспеймін. Мен өзімді кінәсіз деп білемін және осы пікірімнен таймаймын. Соттың бұл шешіміне наразылық танытуға құқығым бар және мен оны пайдаланамын. Мен берілмеймін, соңына дейін күресіп, кінәсіз екенімді дәлелдеймін», – дейді Біртанов.
Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев коронавирус пандемиясы кезінде ақпараттық платформа жасау үшін бөлінген мемлекет қаражатын талан-таражға салды деген айыппен былтыр 3 қарашада қолға түскен болатын. 11 қазан күні Астана қаласының прокуратурасы Елжан Біртановты 6 жылға соттап, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, Біртанов пен оның орынбасарынан мемлекет пайдасына 1,5 млрд теңге, санитарлық авиация бортын пайдаланғаны үшін Біртановтың өзінен жеке 5,5 млн теңге өндіріп алуды талап еткен болатын. Дегенмен, бүгін 28 қазан күні Астана қаласы Сарыарқа ауданының қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Ибрагим Әлкенов Біртановты бірінші эпизод бойынша толық ақтап шықты. Әбішев пен Біртановты шартты түрде жазаға кескен ол айыпталушыларды сот залынан босатты.