Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Республикасының ұсынысы бойынша өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына бейнебайланыс форматында қатысты. Сонымен қатар саммитке Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты. Сессия барысында ҰҚШҰ-ның Арменияға биыл 15 қыркүйекте жіберген Миссиясы жұмысының нәтижелері талқыланды. Қазақстан Президенті жиында сөйлеген сөзінде жанжалды тек бейбіт жолмен және саяси-дипломатиялық тәсілдермен реттеу керек екенін атап өтті.