Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абай туралы естелік» жинағының тұсаукесері өтіп, көрме ашылды. Көрменің ұйымдастырушылары атап өткендей, хакімнің данышпан тұлғасы туралы әрбір тарихи жазба – баға жетпес құндылық.
«Бұл құндылықтар уақытпен қатар жүруі керек, әртүрлі оқиғалардан сыр шертіп, бүгінгі ұрпақты кешегінің жұмбақтарымен қанықтыруы қажет. Сондықтан осындай кітаптар, жинақтар шығару, тексерілген дереккөздерден шынайы ақпарат беретін іс-шаралар өткізу өте маңызды», – деді шараға қатысушылардың бірі Балтабек Нұрғалиұлы.Көрмеге Абай мұражайының қорында сақталған құнды қолжазбалар мен естеліктер және «Абай туралы естелік» жинағы қойылды. Онда Тұрағұлдың ұлы, Көкбай Жанатайұлы, Архам Кәкітайұлы, Абайдың келіндері Камалия, Уасила Мағауияқызы, Мүсірәлі ақсақал, Ниязбек Алдажаров және тағы басқаларының Абай туралы естеліктері жинақталған. Көрме музей қонақтарына бір ай бойы ұсынылады.