Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары Абай өңірінің мәдени-тарихи мұрасы жайлы интерактивті карта әзірледі. Аталған карта арқылы саяхатшылар қасиетті өлкенің тарихи орындары арқылы 3 тілде ақпарат ала алады. Жас өнертапқыштар бұл өнертабыстарына авторлық құқық та алып үлгерді.
«Картамыз әзірге макет түрінде жасалды. Дегенмен саяхатшыға қажетті ақпараттың барлығын қамтыдық деп айта аламын. Неге десеңіз, Семей – Қарауыл күре жолынан бастау алатын карта маршрутында Күшікбай асуынан Бөрілідегі М.Әуезов мұражай-үйі, Қасқабұлақ, Ойқұдық, Еңлік-Кебек үңгірі, Ералы жазығы, Әйгерім қыстауы, Жидебайдағы мемориалды кешенге дейінгі тарихи-мәдени орындар жайлы мол мағлұмат береді», – дейді жоба авторларының бірі Мирас Айтбек.Картадағы ақпараттарды оқымай, тыңдағысы келетіндер үшін аудиожазба енгізілген. Оқушылар болашақта карта макетін толыққанды сайтқа айналдырып, оны интернетсіз жұмыс істетуді мақсат етіп отыр.
А.ҚАЗАҚ