Ана мен бала мәселесі көлеңкеде қалмайды

Ана мен бала мәселесі көлеңкеде қалмайды

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ана мен бала мәселесі және оны шешу жолдары бойынша сала мамандарына тапсырма берді. Үкімет бақылауындағы ана мен бала өлімінің индикаторлары еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының стратегиялық көрсеткіші болып есептеледі. Осы орайда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қатысуымен Ана мен бала өлімін төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі облыстық штабтың алғашқы отырысы өтті. Штаб отырысынан соң облыс әкімі сала мамандарымен бірге Семей қаласын­дағы балаларды оңалту, ерте араласу, медициналық-генетикалық кеңес орта­лығы мен облыстық перинаталдық орта­лық жұмысымен танысты. Балаларды оңалту орталығында 3 жастан 18 жасқа дейінгі және ерте араласу орталығында туғаннан 3 жасқа дейінгі Семей, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бороду­лиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары және Курчатов қаласының балаларына 86 қызметкер медициналық көмек көрсетеді. Мұнда баланы қарауға күніне 100-ге тарта өтініш түседі. Ал облыстық перинаталдық орталық жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге стационарлық және стационарды алмастыратын нысанда мамандандырылған көмек береді. Ғимарат тәулік бойғы 220 төсек орынмен, сондай-ақ стационарды алмастыратын 80 төсек орынмен жабдықталған. Аталған мекемелердің жұмысымен толық танысқан соң облыс әкімі қалалар мен аудандардың әкімдеріне, сондай-ақ сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде жоғары қауіпті жүктілік тобындағы әйелдерді пансионатқа жат­қызу­ды және оларды тасымалдауды об­лыстық деңгейде қамтамасыз етуді; перзентхананың жас медицина маман­дарын әлеуметтік қолдау мүмкіндігін қарастыруды; кадрлар даярлауға арналған гранттарды ұлғайтуды тапсырды. Бұдан бөлек, облыс әкімі медицина саласы басшыларына экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, шетелдік және республикалық клиникалардағы өзекті тақырыптар бо­йынша медицина персоналының білік­тілігін арттыруға қосымша қаражат бөлуді қарастыру қажет екенін айтты.

А.ҚАЗАҚ