Алаяқтар адам емес!
Алаяқтар адам емес!
391
оқылды
Бір күні ұялы телефоныма қызық хабарлама келді. Көзімнің қиығын да салмай, мұрнымды шүйіріп отыра берер ме едім, бір ой сап ете қалды: «Не деген батпан құйрық? Айдалада жатқан құйрық? Оқи салайыншы!» Сөйтсем, маған Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйға беріліпті. Пәтерсіз жүргенмін ғой, қуан­ғанымнан, әйеліме айқай салдым: – Қатын, бері кел! – Не болып қалды? –деп сұрады әйелім илеп жатқан қамы­рын мойнына асып алып. – Астанадан екі бөлмелі пәтер беріліпті! – Не үшін? – Не үшіні несі? Сондай қам­қор­шыл қор бар екен. Көздері бізге түсіпті! – Астанадан? Неге Шымкент­тен бере салмайды? – Е, мен қайдан білейін? Құ­жаттарды реттеу үшін екеуміздің жеке куәліктеріміздің көшірмесін, және үш жүз мың теңге аударып жіберуін жазыпты. Кейін қай­тарады екен. – Не деген бақытты жандармыз! –деген әйелім илеп жатқан қамы­рын бетіме мыжып, екеуміз құшақ­таса кеттік. Сол күні ұйықтай ал­сам­шы! Астанада жүрмін! Астана­дағы үйіме келе жатырмын! Енді мен Астаналықпын! Байқап сөй­леңідер, мен Астана тұрғынымын! Үш жүз мың теңгені аударып жібердім. Бір апта өтті, екі апта, екі ай өтті. Хабарлама бойынша хабарласқан жігітті жылан жұтып қойғандай, жым –жылас болды. Сонда ғана алданғанымды білдім. Осы алаяқтар бар ғой, адам емес! Алданып қалатынымды алдын–ала ескертсе болады ғой! Тағы бір күні қызық хабарлама келді. Оқи салайыншы дедім. «Актив» компаниясы бойынша ұтысқа ие болыппын! Тұрақты нөмірім үшін! Арба емес, «Тайота» ұтыппын! Қуанғанымнан, қан қы­сы­мым жоғары көтерілмей, таба­ны­ма түскендей болды! Айқай салдым: – Қатын, бері кел! – Ойбай, тағы не болып қалды? –деп сұрады әйелім аршып жатқан сәбізін қолына ұстай келіп. – «Тайота» ұтыппын! – Төрт доңғалағы бар көлік пе? – Енді, екі доңғалақты көлік болмайтын шығар? – Моторы бар дей ме? – Моторсыз мәшине бола ма? – Рулі екеу ме? – Е, екі рулі болса ше? – Екеуміз қатар отырып, айдай беретін едік. – Туу, сен қатын не деп кеттің? – Сенбей отырған соң, созбалап жатырмын! Тағы да алданып қалар­мыз? – Осы жолы алданбаймыз, міне, суретін де жіберіпті! – Әйелінің бе? – Мәшиненің! Әйелі несі? Қуанғанымнан әйелімді құшақ­тай алдым. Ол сеніңкіремеді ме, аузыма сәбізін тыға салды. Сәбізді қы­тыр-қытыр шайнап жіберіп, ди­ванға шалқамнан түсіп, армандап кеттім ғой! Енді менің көлігім бар! «Тайота»! Әйелім алдына... Жоқ әйел адамның алдына отырғаны жарас­пайды, алдына емес, артына отырады. Алдына әкемді отыр­ғызып аламын. Ойхоой, шіркін, ауылға қыдырып барамыз! Қай­да­ғы, ауылға қыдырып барған? Ауыл­ға автобуспен бардық. Өйткені, тағы да алданып қалдым. Жүз мың теңге аударғанмын. Жым–жылас жоғалып кетті. Алаяқтар бар ғой, тағы да айтамын, адам емес! Бір ауыз ескертсе болады ғой, алданып қалатынымды... Ал, енді бұл біреулер үшін «майда-шүйделер» ғой. Жалған қаржы пирамидаларын айтсаңшы, миллиардтарды қалтаға басқан! Ақтөбеде сондай бірнеше қаржы пирамидалары бар, олар Алматы, Шымкент, Астана, Ақтөбе, және басқа да қала түрғындарын алдап, арбап, салымдарын сореп, сореп, ақырында «сен мені көрген жоқсың, мен сені көрген жоқпын!» –деп шыға келген. Салымшылар арызданған соң, қаржы пирамида­ларын ұйымдастырушы алаяқтар ұсталды. Өйткені, «Выгодный займ», «Гарант 24», «Эстейд лом­бард», «НұрАли капитал» сиқты қаржы пирамидаларына алданған­дар саны нөпір еді. Алаяқтар саны 48, ал ұйымдастырушы Жанболат Есіркеповтың беті бетон, былқ етпейді. «Адам емес алаяқ қой, ал­дай­тындарын алдын ала айтпайды ғой!» –деп ащылап күліп алсақ та болады. Ал, Алматыдағы бір-біріне туыс болып келетін, нотаруйстар Қарлығаш Қожақметова мен Ерлан Рысқалиевтердің қулығына құрық бойламайды. Олар бір пәтерді бірнеше жәбірленушілерге сатып, «нотаруйспен заңдастырып» бер­ген ғой! Не деген бетсіздер еді,ә? Бұлар да алдайтындарын айтпайды ғой! Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Сараш Егембердиева да алаяқтар курсын қызыл дипломмен бітіргендей. Ол Ордабасы ауданының тұрғыны Берік Сатыбалдиевті өзіне имандай сендріп, бір миллион теңгесін алып кеткен. Қалай дейсіздер ме? «Өзбек жұмысшыларын тауып беремін, үйіңіздің құрылысын арзан бағаға жүргізіп береді!» –деп оның екі құлағына «лапшаны іліп», сөзімен сендіре тіліп, жігіт ағасының іші–бауырына кіріп, ақырында қашып кеткен. Бұл да алдайтынын айтпай кеткен десем, ия? Алаяқтар алдай­тын­дарын айтар болса, кім алдана қояр дейсіз, жәй, бетімізді шым­шы­лап жатқан жайымыз ғой, де­ген­мен, сақ болыңыздар, ағайын! Алаяқтар арамызда жүр!

Жатыпатар ЖАНЫС