Еңкейіп жүріңдер!
Еңкейіп жүріңдер!
207
оқылды
Еңсем ертегідей, көңілім көктем, сөздерім өктем, түнім айлы, жүрегім жайлы болатын. Биыл көктемде мектептегі жұмысымнан қысқарып қал­дым. Дене шынықтыру мұғалімі едім, екі дипломым болса да, жұмыс таппай, әр мекеменің табалдырығын аттай, мүгедек байымды, бала–шағамды қалай асырасам деп, ұйқым «күйеуге» қашып кетті. Содан, бір күні ресей патшасы соғысқа мобилизация жариялап, орыстар біздің елге селдей ағылып, желдей ұшып кеп берсін. Оларға жанашырлық танытып, өз жұмыссыздарымызға жатырқап қараған үкімет басшысының: – «Оларды тіркеп, жұмыс тауып беріңдер!» – деген тайғанақ тапсырмасы, еңсемді ескі шұлығыма дейін түсіріп, еңкейдім де қалдым. Тұрып, бойымды көтеріп жүрейін десем, өз елімде, өз жерімде еңкейе беремін. Көшеге жұмыс іздеп шықтым, Балаларым қара нанды ғана қаужап отырған соң, несиеміз бар, сүмелек салықтар бар, пәтер ақымызды төлеуіміз керек дегендей, төрт қызымды шұбыртып келе жатқанмын. Қарасам, бір класта оқыған Бағила келе жатыр. Еңкейіп. Ашық айтқанда, тізесін бүгіп келе жатты. – Саған не болды, Қатира? –деп сұрады ол. – Саған ше, Бағила? –деп қайыра сұрадым мен. – Жұмыс қуалап жүрмін. – Маған да ұстатпай қойды. – Келімсектер кердеңдеп жүр, –деді ол кемсеңдеп. – Еңсеміз түсіп, еңкейіп қалдық қой. – Ұзын көйлек киіп жүруші едің? –деп сұрады ол. – Жұмыстан қысқарған соң, етегін қысқартып тастадым. – Жемпіріңнің бір жеңі қайда? – Қысқартып тастадым. – Шашың ұзын еді? – Қысқартып тастадым. – Менің де өмір сүргім келмей кетті. – Үкімет алдымен қазағын жарылқаса қайтеді? – Жұмыс таппай бекең кірмейді екен, келеке келеді екен. Көшеде келе жатсам, құдайым–ау, еңкейген жастар, еңкейген еркектер. Бәрі жұмыссыздар екен. Тізерлеп жүрген жұрт, әйтеуір! Қыздарымның көзі дүңіршектегі шауырмаға түсті. Қыңқылдады. Қарындары аш қой. Қыздарым–ай, балапандарым–ай, ақшам болса, аяп тұр дейсіңдер ме? Ал, халыққа қызмет көрсету ғимаратынан шығып, жұмысқа орналасқан екі ресейлік жігіт шауырма жеп бара жатты... Бұл енді екі құрбының басынан өткен оқиға. Ал, Шымкентегі қырғы базарда арба айдап жүрген Бекасыл Тұрғынбайға солқылдаған сұрақтар жаудырып едік, былқылдаған жауаптар алдық. – Арба айдап жүр екенсіз? – Бұл менің «Тайотам» ғой. – «Көлігіңізбен» көп ақша табатын шығарсыз? – Қайдағы? Бұйырғаны. Нан тістеуге жетеді әйтеуір. – Арба айдауға жүргізушілік куәліктің керегі жоқ, бір жақсысы. – Дипломның да қажеті шамалы. – Дипломыңыз бар ма? – Бар ғой. Бірақ, мамандығым бойынша жұмыс таппағаныма үш жыл болды. Сосын, қолды бір сілтедім де, арба айдап кеттім. Жұрттың жүгін аялдамаға дейін тасып беремін. Арбадан май ақпайды, бензин құймайсыз, үсті шаң болмайды, аккумляторсыз зырылдаймын да жүремін, –деп күлді ол. – Ресейден келген қашқындардың елде жұмыспен қамтылуына қалай қарайсыз? – Жұмыс істесін. Оларға адам ретінде қараймын. Еріккеннен қашып келген жоқ шығар? Мағынасыз соғыста кімнің өлгісі келеді? Жұрт әлеуметтік желіде шулап жатыр. «Ойбай, орыстар қаптап кетті, енді жұмыссыз қалатын болдық!» –дейді. Әркімнің несібесі өзіне. Ресейліктерге адам ретінде қарасам, жұмыс істесін, пайда әкелсін елімізге. Мен сияқты арба айдасын. Бұл менің ми қатпарымда қысылып жатқан өз ойым енді... Келесі арбакештің есімі Талғат екен. Тегін айтудан бас тартты. – Қалайсыз? – Сұрақтар қойып жүрген, сіз де жарайсыз! – Дипломыңыз бар ма? – Бар. Бірақ, жұмысқа алатындардың іштері тар. – Қандай мамандық? – Дәрігер. – Жақсы екен. Жұмыс жоқ па? – Бар ғой. Бірақ, бастықтар ақша сұрайды. Қазір қалай укол салуды да ұмытып қалдым. – Ресейден қашқандар туралы турап–турап айта аласыз ба? – Оларға жұмыс бергенше, өзіміздегі жұмыссыздықты бір ыңғайға жайғастырмай ма? Мен обшым қарсымын! Қарсымын! –деген ол арбасын зырылдата сүйреп, кетіп қалды. Аузым аңқиып мен тұрмын. Жұмыссыздық демекші, елімізде жұмыссыз жүрген жастар саны 85 мыңнан асады екен. Бұл ресми дерек. Әдейі азайтылып жазылуы да мүмкін. Ал, тіркелмеген жұмыссыздар қаншама? Әйелдері тапқан нәпақаға шылым шегіп, қатқан нанды қытырлатып жеп отырғандарды қоссақ ше? Әсіресе, Алматы қаласы мен облысында, Қарағандыда жұмысыз жүрген жастар мына иектен келеді. Алматының өзінде 17 мың жұмыссыздар жыртиып жүрмегені анық, түнеріп, түн ұйқысы бұзылып, қайтсем нәпақа табамын деумен, тапқандарын жеумен жүр. Қарғандыдағы 7 мың жұмыссыздың да жағдайлары жыртық. Егер, еңсесі түскендер еңкейіп жүрсін деген «дәстүр» шықса, еңкейгендер Шымкентте де, Тараздан да, басқа қалалардан да табылып қалары сөзсіз. Осыны оқып отырған сізге жұмыс керек емес пе? Уайымдап отырсыз ба? Жүріңіз, базарға барып, арба айдайсыз!

Ақмарал ЛАРАҚЫЗЫ