Қазақ сатирасының антологиясы
Қазақ сатирасының антологиясы

Мұхамеджанов Қалтай

(1928-2001)

24 желтоқсанда Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында туған. 1953 жылы Ташкенттің театр және көркемөнер институтын бітірген. ҚР Мәдениет минстрлігіне, Мемлекеттік кино комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет еткен. Киноматографистер одағының екінші, бірінші хатшысы, 1988-98 жылдар аралығында республикалық «Ара»-«Шмель» журналында, халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінде бас редактор болды. Өмірінң соңғы жылдары халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы, Құрметті төраға қызметін атқарды. Шығармашылық жолын М.Горькийдің «Тоғышарлар», С.Айнийдің «Құлдар», Айбектің «Киелі қан» сияқты атақты туындыларын аударудан бастаған. 1953 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысының премьерасы болды. Мұнан соң, қаламынан «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек» сияқты комедиялары, сондай-ақ «Жат елде», «Біз періште емеспіз», «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматовпен бірігіп жазған) атты драмалары республикалық және облыстық театр сахналарында тұрақты қойылады. «Шыңдағы шынар», «Айман-Шолпан» киносценарилердің авторы. А.Қаһардың «Ауру тістерін», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана», «Арманым, Әселім» пьесалырын, «Ақ кеме» повесі және Шығыс классикасының «Мың бір түн» ертегісін (1-4) томдарын қазақшалады. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы екі томдығы, 1998 жылы таңдамалы шығармаларының 3 томдығы шықты. Қазақстан Халық жазушысы.

Қалтайдың қалжыңдары

Бір ағайыны қырықтан асқанша арақ ішуін қоймапты. Және бейберекет ішіп, ағайындарының мазасын алған сияқты. Сонда Қалағаң: Қырыққа дейін қартаймаған әйел қасиет, – Қырыққа дейін ақылы енбеген еркек – қасірет! – депті.  

***

Бірде Қалағаң көшеде серуендеп келе жатса, бір жоғары қызметте істеген бір ағасы мойны салбырап кеткен күйде самарқау қол алады. Қалағаң іштей «бұл қалай?» деп ойланып қалады. Біраз жүрген соң, тағы бір танысы жолығады. Ол кісінің жайын осыдан білейін деп сұрайды. – Соны да естімедің бе, ол кісі екі-үш күн бұрын орнынан босап қалған, – депті танысы. Қалағаң ойға шомып: «Е алдыңнан кеткен әйелдің күйігі жаман, Құлаған қызметтің биігі жаман», – деген осы екен ғой.  

***

Бір кісі жұмыстан жұмыс ауыстырып, ылғи тұрақтамай жүріпті. Ол бірде Қалағаңнан: – Қалаға, осы бастық болу үшін не істеу керек? – деп сұрапты. Қалағаң аспай-саспай: – Айналайын, ол үшін әлсін-әлсін ұшып-қонбай, өзіңді қонжитқан креслоңда бес сағат отыра білсең болғаны, – депті.  

Қамалдың басында құмырсқаның есебіне дейін бар

Бірде Қалағаңның Камал досының жадында қанша санды ұстап қалатыны әңгіме болды. Топ ішіндегі біреулер анау енді біреулер мынау деп таласады. Сонда Қалағаң аспай-саспай: – Меніңше бұл Камалдың басында тіпті әлемдегі құмырсқалардың қаншасы буаз, қаншасы саяқ екені де белгілі, – дейді Онысы да рас еді.  

***

Бірде Қалағаң өз-өзінен терісіне сыймай отыр дейді. Бір шаруасымен кіріп келген жазушы: – Уау, Қалаға, сізге не болған, бұлай ашуланбаушы едіңіз ғой, – дейді жүзіне қарап. Сонда Қалаған: – Қалай жының келмес, мынау береке­сіздер анау бес баласы бар ақын-жазушы­ларға көмектесудің орнына, қайдағы бала таппайтын бедеу қатындарға жаны қалмай, шыр-пыры шығып көмектеседі, – депті.  

***

Қалағаң бірде ел аралап жүріп арыз жазушылардын ортасына түсіп калыпты. Бірақ Қалағаңды кұрметтеген оттың басы, бір малын әкеліп, ағамыздан бата сұрайды. Сонда Қалағаң сөзін көп созып жатпай: – Жазғыштар азайып, жазушылар көбейсін, – деп бірақ қайырыпты. Бірде Қалағаң өнкей қылжакпас құр­дас­тарының ортасына түсіп қапты. Оларға дұрыстап әңгіме айтайын десе, тыңдайтын бірі байқалмайды. Өңкей берекесіздердің бастарына қараса, бірінің шашы желке­сінен, енді бірінің шашы самайынан ағара бастағанын байқайды. Одан әрман қарай отыра бергенді жөнсіз көріп, көтеріле берсе, аналардың бірі: – Қалеке, осы адамның шашы қай жағынан ағарғаны дұрыс? – депті бір сөзбен қатырғандай. Сонда мылтықтың басуына құланның қасынуы тура келген­дей, Қалағанң жақтырмай тұрып: Жетесіздің шашы желкесінен, санасыз­дың шашы самайынан ағарса керек, – деп жүріп кетіпті.  

 * * *

Әр адамның өз шамасындағы атақ-абыройы бар екендігі табиғи заңдылық. Кейбір азаматтар соған қарай өрге ұм­тылып, тіпті, онысымен коймай, жүрген жерінде артық асап қойып, ертеңіне жауапты боп жататындары бар. Қалағаңнын бір інісі сондай жайға душар болып жат­қанда басын шайқап: – Әй, әлін білмеген әлек дегендей, ит екеш ит те сүйекті шамасына қарай жұтуы керек кой, – деген екен.  

***

Бірде бір топ көңіл жақындарымен әңгімелесіп отырғанда небір жүйріктердің тосыннан өліп кеткені, небір азаматтардың аяқастынан көз жұмғаны әңгіме болады. Сол кезде осы әңгімені зерделей тыңдап отырған Қалағаң: – Аттың аман қалуына біруыс жем жетпейді. Адамның аман қалуына бір тартар дем жетпейді ғой, – деген екен.  

***

Жұрттың балалары жайлы әңгіме қозғалып кетіпті бірде. Солардың ішінде ұрпақтары оңды отбасылардын төңірегінде көптеген ұлағатты әңгімелер қозғалады. Сонда Қалағаң: – Атадан ұл туса – орнына тіккен ту болар, Анадан қыз туса – көлден ұшкан аққу болар, – депті.  

***

Тағы бірде осындай әңгіме қозғалып, біраз жерге барған сынды. Мұндай да әрине, жаман ұрпақ жайлы сөз қысқа ғой. Ал жақсы ұрпақ жайлы айтса әңгіме таусыла ма. Соны тыңдап отырған Қалағаң: – Жігіттің жақсысы – жұлдыз, Қыздың жақсысы – құндыз, – деп сөзді бірақ қайырыпты.  

***

Бір үлкен көңілді отырыста ақын-жазушылардың бірсыпырасы қатысыпты. Сол жерде өнері барларға да жол ашылып, әркім барынша би билеп, ән салып жатқан көрінеді. Бір кезде үлкен ақынымыз Ғафу Қайырбеков ағамыз да Қасым Аман­жоловтың «Дариға сол қызын» шырқапты. Содан Қалағаң қасындағыларға: – Осы Ғафу «Дариға сол қызды» салғанда маңындағы бар қыз түгел жүкті болып қалатындай сезіледі маған, – депті.   Айналайын-ау, жатпайды десең қай­теді? Бірде Қалағаң қасындағы жора-жол­дастарымен кітап дүкеніне кіреді. Кірген­нен кейін ақырындап қазақша кітаптар бөліміне жақындап келіп, қасындағыларға бір күлкі тастайын дегендей, сатушы қызға: – Қарындасым, сендерде Қалтай Мұхамеджанның кітаптары бар ма? – дейді. Сатушы қыз алдымен кітаптар тұрған сөрелерге бір көз жүгіртіп: – Ағай, ол кісінікі тұрмайды, – дейді. Сол кезде қыз сөзіне іле жауап берген Қалағаң: – Айналайын-ау, мені құрттың ғой, ең болмаса жатпайды десең қайтеді, – деген екен. Айнала тұрғандар қыран-топан күлкіге кенеліпті де қалыпты.  

Сөйлей алмағанымен бәрін де түсінеді

Қалағаңның бір інісі алғашкы үйленгенде, үйіне қонақ келсе әйелі көп үндемейді екен. Өйткені өзі таза орысша оқығандықтан, қазақшасы онша дұрыс шықпайтын көрінеді. Сосын қысылып, онша үндемейді екен. Бірақ үйлеріне келген қонақтар оған қарай ма, ақыры түсінбейді ғой деп, небір сөздерді тоғытып жіберетін көрінеді баяғы. Сонда Қалағаң аналарға басу айтқан болып: – Дегенмен абайлаңдар. Сөйлей алмағанымен бәрін де түсінеді. Нағыз аңшының иті сияқты не айтқандарыңды бірден аңғарады, - деп небір сөйлегіштердің аузын жапқан екен. Фаридаш-ау, әлгі сенің жоқ дегенің... Бірде Қалағаң басы ауырып, үлкен дәрігерлерге көрінеді. Дәрігердің бірі: – Қысқасы, сіздің миыңызға тыныш­тық керек. Соны ескерініз. Біршама уақыт оқу мен жазуды қоя тұруыңызға тура келе­ді. Сол жағын катты ескеріңіз, – дейді. Сонда Қалағаң: – Дәл осы сөзіңізді анау үйдегі жеңгеңе айта қойшы, – дейді. Қалағаңның бұл сөзіне түсіне қоймаған дәрігер не айтарын білмей аңырып тұрып қалады. Осы кезде Қалағаң үйінің теле­фонын теріп: – Әй, Фаридаш, мына дәрігерлерге қаралып едім. Сенің әлгі менде жоқ деп жүргеніңді бар деп жатыр ғой, сонда қалай болғаны, – дейді. Ар жағынан жеңгеміз: – Не дедің, немене? – деп түсінің­кіремейді. Сонда Қалағаң ашығына кетіп: – Сен осы үнемі миың жоқ дейтін едің ғой. Ал мына дәрігер бауырым, сіздің миыңызға тыныштық керек деп болмайды. Мә, өзің сөйлесші, – деп тұтқаны дәрігерге ұстата қойыпты. Бұл жерде дәрігер де не дерін білмей тұрып қалыпты. Сонда ар жағынан жеңгеміздің: – Ол ағаңның әзіл-қалжыңы ғой, кешірім ет, – деп телефон тұтқасын қоя салыпты. Қалағаң дәрігерге күлімсірей қарап: – Кейде қатыңды да өстіп тәртіпке салып қойған жөн. Рақмет саған, – деп өз жөніне жүріп кетіпті.   Ағайынға жағам десең қазанды бол… Бірде бір топ зиялылар әңгіме тізгінін жіберіп, «Бұл өмірде Аллаға да жағу қиын, ағайынға да жағу қиын» деп мұңайған көрінеді. Сонда Қалағаң: – Аллаға жағам десең азанды бол, Ағайынға жағам десен қазанды бол, – деп көп сөздің түйінін бірақ айтыпты.  

Тас та таудың туысқаны

– Біз осы бір-бірімізбен қанша ренжіссек те, шылбыр үзіп алысқа кете алмайтынымыз неліктен екен? – депті бір басқосуда айналасындағы жолдастарының бірі. Сонда Қалаған: – Анау тас та таудың туысқаны болып табылады, адам түгіл сол тастың өзі бір-бірінен қашып құтыла алмайды ғой, – деген екен. Сөз тапқанға қолқа жоқ.  

Жаман жазушылар қайдан шығады?

Қай жиын болмасын, жазушы ағайындар жүрген жерде әңгіме-сөздің дүрілдеп жататыны ақиқат қой. Және қайсысы сөйлемесін, олардың өз ой-пікірінше ешқайсысы осал боп шықпайтыны тағы бар. Сондай бір әңгіменің тұсында Қалағаң өз-өзінен ойланып: – Бүгінгі жазушылардың бәрі жақсы. Сонда қызық, жаман жазушылар осы қайдан шығады екен? – деп ойлана ортадан шығып кетіпті.  

Сауда дегенің күнде туады ғой

Бірде саудагерлер жайлы әңгіме болыпты. Сонда сол әңгіменің ортасында болған бір кісі ренжіп: – Осы сауданың біз білмейтін бір сиқыры бар-ау деймін. Сол жолға түскендер қайта оралып, ортамызға келмей жатады ылғи? – депті. Сонда Қалаған: – Оның ешқандай сиқыры жоқ. Мысалы, мал жылына бір-ақ туады, егін жылына бір-ақ шығады. Ал бұл сауда дегеніңде мезгіл-мекен жоқ, күнде туатын дүние ғой. Сондықтан оның жолына түскендер соншама табыстан қалай шығып кете қойсын, – деген екен.  

«Капиталды» қазағым баяғыда айтқан

Сонау Кеңес үкіметінің тұсында бұл кісі бір жерде оқырмандардың әрқилы тақырыптағы сұрақтарына оңды-солды жауап беріп тұрған көрінеді. Сол кезде бір білгішсымак әйел заты іштей «бұл кісіні бір қатыра қояйын» дегендей: – Қысқаша «Капиталды» қалайша түсіндірер едіңіз? – дейді көлденең басып. Сонда Қалағаң мүдірместен: – Айналайын, қарағым. Оны біздің қазақ баяғыда-ақ үш ауыз сөзбен халқы­мыздың санасына сіңіріп жіберген болатын. Ол үш ауыз сөзі мынау: бірінші томын «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген. Екінші томын «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген. Үшінші томын «Бай байға құяды, сай сайға құяды» деген. Енді түсіндіңіз бе? – деп бірақ түйіпті.  

Бізде шашы мен тісіне қарайды ғой

Басшылар жағы бірде Қалағаңа: – Сіздің де жасыңыз келіп калды. Ендігі жерде сол зейнетақыңызды алып, шығармашылығыңызбен айналыспайсыз ба? – депті. Сонда Қалағаң: – Бізден басқа өркениетті елдерде адамның басы мен ісіне караушы еді, бізде қай кезде де шашы мен тісіне қарайтынын білемін, жарайды, – депті де бөлмесінен шығып жүре беріпті. Кейін Қалағаңның мына сөзінен ұялғаннан ба, әлде іргесін өзі құрған газетті қолынан бірден тартып алуға қымсынғаннан ба, әйтеуір тағы да біраз жыл істеуге еркіндік беріпті.  

Ар жағын өздерің..,

Тағы бірде бейтаныс ортаға тап болған Қалағаң, сырттай аналардың әнгімесіне құлақ салса, бүкіл әлемдегі судың мөлшері жайлы ой толғап жатқан көрінеді. Бірі ананың басын шалып, бірі мынаның басын шалып, тоқетеріне келе алмай, әуре боп жатқан сыңайлы. Сонда Қалағаң көлденеңдей барып: – Жігіттер, құр босқа даурығасыңдар. Мен бір жерден оқығанымда дүниежүзі суының 48-50 пайызы Тынық мұхит арнасында екен. Ал арғы жағын өздерің орналастыра беріңдер, – деп аналардың айтысына тоқтам салыпты.  

Алыптың жасына қарама

Бір жігіт кезінде дәуірлеген ірі тұлғалы ақсақалға жездем деп тиісе беріпті, қасындағылар: – Өзіңнің әкеңнен де үлкен адамға тиісе бергенің не? Орайын тауып өзіңді бір бүктесе не істейсің? Ұят емес пе? – десе де қоймапты. Және ол жігіт: – Осы жездемде не қауқар қалды дейсің. Қауқар болса қозғалмай ма ендігі, – деп тағы тұқыртыпты. Іштей: – Әй, мынаның қорлығын-ай, – деп отырған шалдың алдына бір себеппен жақындай бергенде, тосын мінез танытып, шықшыттан алып бір аунатып жіберіпті. Анау не істерін білмей кіжініп сыртқа тұра зытыпты. Сонда Қалағаң: – Алыптың жасына қарама, Айғырдың тасына қарама! – деп елді бір күлдіріпті.  

Пушкиннің арғы атасы...

Сонау бір жылдары, яғни Кеңес үкіметінің тұсында Қазақстанға араб елдерінің бір басшысы өз нөкерлерімен келген сынды. Әдетте, оларға алдымен мешітті көрсету рәсім. Ойларында ештене жоқ топтарында осы Қалағаң да болса керек. Кенет жаңағы басшы бәріне ырза болып: – Тек қана бұл мешітті орыс ақыны атындағы көшеге қойғандарың келіспеген екен, – деп жан-жағына қарайды. Бұған жан-жағындағы үлкенді-кішілі ресми қызметкерлер табанда ұтымды жауап бере алмай, бәрі де бірден-бір құтқарушы өзіңіз ғой дегендей Қалағаңа назар аударыпты. Сол кезде Қалағаң жаңағы басшыға жақындап келіп: – Сөзіңізге құлдық, бірақ бір нәрсеге сіз түсінбей тұрсыз. А.С. Пушкин негізі орыстын ұлы ақыны болғанмен, оның арғы түп атасы мына өздеріңізден тарайтынын есіңізге салып қояйын. Бұл жерде сол жағы ескерілген, – деп жауабын бір-ақ беріпті. Бұл жауапқа канағат тұтқан аналар да, тығырықтан босанып шыққан бұл жағы да, лезде арқаларындағы ауыр жүгі түскендей мәз-мейрам болыпты.  

Автоматым қолымда, партбилетім төбемде

Бір жолсапарда бір топ ақындармен Қалағаң да сапарлас болыпты. Олардын әнгімесінің арасында арғы-бергі ақын­дардың жырлары да тілге тиек болғандай. Әрі-беріден соң кешегі соғыс уақытындағы жырлар да әңгіме болған сыңайлы. Сол кезде Қалағаң бір мырс етіп: – Мен бір жыр оқиын, тыңдайсыңдар ма? – депті де: – Автоматым қолымда, Партбилетім төбемде Қойып кеттім тереңге... Сонда деймін-ау «Төбесіне қойып кадірлеген партбилеті қайда қалды?» десеңші. Міне, жігіттер, ол кезде осындай да жырлар болған, – депті Қалағаң. Екі сериялы емес пе еді? Қазақтың ұлы жазушыларының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» екі сериялы кино боп экранға шыққан кезі екен. Қалағаң екеуі оңашада сырласып келе жатады. Кенет сөз арасында Қалағаң Әбекеңе: – Оу, Әбеке, мына экранға шыққан киноңызды жумайсыз ба? – деп әзілдейді. Әбекең де мұндай жөн сөзге дереу илігіп, жақын маңдағы бір кафеге кіреді. Содан не керек, Әбекең бір шөлмегі мен тіске басарын алып жайғасып отырады. Көп ұзамай шөлмек те бітуге таяйды. Сол кезде Әбекең кетуге ыңғайлана бергенде, Қала­ғаң сәл жымиып: – Оу, Әбеке, Сіздің фильміңіз екі сериялы емес пе еді? – депті. Сонда сөз төркініне бірден түсінген Әбекең ұялыс тауып, лаж жоқ тағы бір шөлмекке түскен екен дейді.  

Сонау Сталиннің тірі кезінен бастаған...

Қалалык комитеттің жиналысында ма, әлде сол кездегі қалалық атқару комитетінде ме, қысқасы әркім мұң-мұктажын айтатын бір жиналыста жұрттың бәрі айтатындарын айтып жатады. Бір кезде Қалағаң да ел қатарлы сөз сұрап төрге озады. Сондағы Қалағаңның айтқан сөзі мынау болады: – Мына біздің Қажытайдың үйі жоқ. Сол үйім жоқ деп арыз жазғалы да бәленбай жыл болды. Ол үй сұрап арыз жазуды сонау Сталиннің тірі кезінен бастаған, – депті де мінберден түсіп жүре беріпті. Сөз сұрап бар айтқаны сол болады. Қалағаң кайтып келіп орнына отырғанынша ел қыран-топан күлкіге көміледі. «Соның нәтижесі ақы­рында осы Қажытайға үй болып оралған болатын», – дейді соны естіген бір мырза.  

(Жалғасы келесі номерде)