AІQYN-ның үшінші Үркері
AІQYN-ның үшінші Үркері
Елордада Баспа, радио және интер­нет-журналистика саласындағы «URKER–2022» ұлттық бәйгесінің жеңім­паз­дарын марапаттау салтанаты өтті. Айтулы іс-шара «Қазмедиа» орталы­ғын­да, Astana Media Week форумының ая­сында ұйымдастырылды. Биыл бәйгеге барлығы 544 өтінім қабылданған. Өтінімдердің көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Жылдың үздік аналитика материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша түскен. Ал өтінімдердің ішінен 52 номинант ірік­телді. Қазылар алқасы бүгін солардың ішінен «URKER–2022» сыйлығына лайық деген журналистердің есімін анықтады. Алдымен, әр номинация бойынша үздік үштік топтастырылды. Үркер Сонымен, «Жылдың үздік сұх­баты» аталымы Halyq-uni.kz порталы­ның тілшісі Ая Өміртайға бұйырды. «Жылдың үздік репортажы» аталы­мында Aikyn.kz сайтының тілшісі Анар Қоныс топ жарды. Әріптесімізге аталған жүлде оның «Әртістің әйелі, сәулетші, Олимпиада чемпионы: «Қамқор» орталығында кімдер ем алады?» атты репортажы үшін берілді. Материалда А.Қоныс Астанадағы аталмыш әлеуметтік орта­лықтың директорымен сөйлесіп, ем алу­шылармен тілдесіп, сол мекеменің өмірін қаз-қалпында ұсынады. «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» ретінде Halyq-uni.kz пор­та­лының тілшісі Наима Нұрәлі жеңім­паз атанды. Ал «Жылдың үздік жур­налистік зерттеуін» Egemen Qazaqstan республикалық газетінің журналисі Қазбек Құттымұратұлы жазған. «Жыл­­дың үздік аналитикалық ма­териалына» «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова ие болды. премия Айта кетерлігі, «Халықаралық та­қы­рыптағы үздік материалы» ата­лымында Qmonitor.kz тілшісі Сауле Исабаева жеңімпаз атанды. Журна­лист аталған номинацияда екінші рет жеңіске жетіп отыр. Оның айтуынша, қазылар алқасының еңбегін баға­лаға­ны, үздік деп танығаны жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» аталы­мын­да жеңіске жеткен Zakon.kz пор­талы да осымен екінші мәрте мара­патқа ие болды. Портал басшысы ұйымдастырушыларға рахмет айтып, ұжымды шын жүректен құттықтады. Радиостанциядағы үздік жоба ата­лымында Qazaq радиосының «Ой-түйін» бағдарламасы жеңіске жетті. Сон­дай-ақ «Жылдың үздік фото­суреті» аталымы Zakon.kz фототілшісі Мейір­бек Тажкурановқа бұйырды. Saryarqa samaly газеті «Үздік өңір­лік БАҚ» деп танылды. Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы арнайы премия­ға «Қырғыз әдебиеті» жоба­сымен «Таң-Шолпан» журналы ие болды. Ал Шерхан Мұртаза атындағы арнайы премияны «Ана тілі» газетінен Қали Сәрсенбай арқалап қайтты. [caption id="attachment_224574" align="aligncenter" width="1411"]URKER–2022 © фото: Ерлан Омаров[/caption] Атап өтерлігі, Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премияда Ernur.kz сайты тілшісі Әйгерім Бегімбеттің жобасы үздіктер қатарынан көрінді. Жобада Түркістан өңіріндегі әйелдер­дің тағдыры, жай-күйі суреттеледі. Ерек­шелігі әйелдің үйдегі рөлінен басқа, түздегі еңбек адамы ретіндегі бет-бейнесіне ден қойылған. Әйгерім Бегімбеттің айтуынша, бұл премиядан алған қаржы жобаны ары қарай дамы­туға жұмсалады. Жеңімпаздарға «URKER» естелік мүсіншесі және 1 миллион теңге мөл­шерінде ақшалай сыйлық табысталды.

Айбике ЖАНАСЫЛ