Елордада Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «URKER–2022» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Айтулы іс-шара «Қазмедиа» орталығында, Astana Media Week форумының аясында ұйымдастырылды.
Биыл бәйгеге барлығы 544 өтінім қабылданған. Өтінімдердің көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Жылдың үздік аналитика материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша түскен. Ал өтінімдердің ішінен 52 номинант іріктелді. Қазылар алқасы бүгін солардың ішінен «URKER–2022» сыйлығына лайық деген журналистердің есімін анықтады. Алдымен, әр номинация бойынша үздік үштік топтастырылды.
Сонымен, «Жылдың үздік сұхбаты» аталымы Halyq-uni.kz порталының тілшісі Ая Өміртайға бұйырды. «Жылдың үздік репортажы» аталымында Aikyn.kz сайтының тілшісі Анар Қоныс топ жарды. Әріптесімізге аталған жүлде оның «Әртістің әйелі, сәулетші, Олимпиада чемпионы: «Қамқор» орталығында кімдер ем алады?» атты репортажы үшін берілді. Материалда А.Қоныс Астанадағы аталмыш әлеуметтік орталықтың директорымен сөйлесіп, ем алушылармен тілдесіп, сол мекеменің өмірін қаз-қалпында ұсынады.
«Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» ретінде Halyq-uni.kz порталының тілшісі Наима Нұрәлі жеңімпаз атанды. Ал «Жылдың үздік журналистік зерттеуін» Egemen Qazaqstan республикалық газетінің журналисі Қазбек Құттымұратұлы жазған. «Жылдың үздік аналитикалық материалына» «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова ие болды.
Айта кетерлігі, «Халықаралық тақырыптағы үздік материалы» аталымында Qmonitor.kz тілшісі Сауле Исабаева жеңімпаз атанды. Журналист аталған номинацияда екінші рет жеңіске жетіп отыр. Оның айтуынша, қазылар алқасының еңбегін бағалағаны, үздік деп танығаны жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» аталымында жеңіске жеткен Zakon.kz порталы да осымен екінші мәрте марапатқа ие болды. Портал басшысы ұйымдастырушыларға рахмет айтып, ұжымды шын жүректен құттықтады.
Радиостанциядағы үздік жоба аталымында Qazaq радиосының «Ой-түйін» бағдарламасы жеңіске жетті. Сондай-ақ «Жылдың үздік фотосуреті» аталымы Zakon.kz фототілшісі Мейірбек Тажкурановқа бұйырды.
Saryarqa samaly газеті «Үздік өңірлік БАҚ» деп танылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы премияға «Қырғыз әдебиеті» жобасымен «Таң-Шолпан» журналы ие болды. Ал Шерхан Мұртаза атындағы арнайы премияны «Ана тілі» газетінен Қали Сәрсенбай арқалап қайтты.
[caption id="attachment_224574" align="aligncenter" > © фото: Ерлан Омаров[/caption]
Атап өтерлігі, Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премияда Ernur.kz сайты тілшісі Әйгерім Бегімбеттің жобасы үздіктер қатарынан көрінді. Жобада Түркістан өңіріндегі әйелдердің тағдыры, жай-күйі суреттеледі. Ерекшелігі әйелдің үйдегі рөлінен басқа, түздегі еңбек адамы ретіндегі бет-бейнесіне ден қойылған. Әйгерім Бегімбеттің айтуынша, бұл премиядан алған қаржы жобаны ары қарай дамытуға жұмсалады.
Жеңімпаздарға «URKER» естелік мүсіншесі және 1 миллион теңге мөлшерінде ақшалай сыйлық табысталды.
Айбике ЖАНАСЫЛ