2008 жылы америкалық Disney компаниясының ұжымы отандық «Сақ» киностудиясына «Қазақстанның Уолт Диснейі» деген баға берген екен. Расында, олар өмірге әкелген «Алдар көсе мен шайтандар», «Қанатты Барыс», «Мақта қыз бен мысық», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз» секілді туындылар кішкентай көрермендердің көңілінен шығып, ел арасында қолдау тапты. 28 қазан – Халықаралық анимация күніне орай, біз аталмыш студияның режиссері әрі қоюшы-суретшісі Азамат Ерназаровпен әңгімелесіп, мультфильм жасаудың қыр-сырын білдік. – Сапалы анимациялық фильм жасау қанша уақыт пен қаржыны талап етеді? – Бұл фильмнің қиындығы мен ұзақтығына байланысты. Мысалы, мультфильмдерді 2D немесе 3D форматта жасауға болады. Біріншісі жайлы айтсақ, әуелі фильмге сценарий жазылады, сосын соған сәйкес кейіпкерлердің суреті салынады. Олардың қозғалысын сурет бетіне түсіреміз: 1 секундтық анимацияға – 24 кадр, сонда 1 минутқа 1440 кадр кетеді. Одан соң актерлерді шақырып дыбыстатамыз, кейін кадрларға бөлеміз де, артына фон жасап, кадрларды рет-ретімен орналастырамыз. Ал 3D форматтағы фильмді жасау бұдан сәл жеңілдеу, өйткені кейіпкерлердің әр қозғалысын суретпен беріп әуре болмайсың, оның бәрін компьютер арқылы жасайсың. Бірақ мұнда анимацияға дейінгі процесс қиын. Кейіпкердің түрін сызып алған соң, оған сүйек жабыстырамыз, одан кейін риггинг (виртуалды қаңқаны жабдықтау) және скиннинг (терімен қаптау) жасаймыз. Анимациясы дайын болған соң, рендеринг жүргізіледі. Бұл кезеңде шикі материалдарға текстура береміз. Сосын монтаж жасалады, артынан интершум қойылады, ең соңында музыка жазылады. Осы жұмыстың артында қаншама маманның – сценарист, 5-6 аниматор, қоюшы-суретші, дыбыс режиссері, актерлердің еңбегі жатыр. Экранға толықтай әзір анимацияның 1 минуты – шамамен 1 айлық маңдай тердің жемісі. Ал қаржы жағынан келсек, 3D форматындағы толықметражды анимациялық фильмді жасауға кемінде 500-600 млн теңгедей керек. 2D форматтағы фильм жасауға осы соманың жартысы жетеді. – Сіздерде қолдан бүгінге дейін қанша мультфильм шықты? Олардың көбі қай форматта еді? – 2004 жылы алғаш рет анимация әлемінің есігін «Алдар көсе мен шайтандар» мультфильмімен аштық. 10 минуттық мультфильмді жасауға бір жыл уақыт кеткен болатын. Содан бері бүгінге дейін 50 шақты анимациялық туындыны жарыққа шығардық. Олардың түгелі-дерлік 2D форматта еді. «Қошқар мен текенің» жаңа маусымын 3D форматта жасауға «Балапан» арнасы тапсырыс берді. Бұл мультфильм атауының авторлық құқығы «Қазақфильмге» тиесілі болғандықтан, оны өзгертіп, «Тоқты мен серке» деп алдық. Қазір 15 сериясын жасап, көрермен назарына ұсынып үлгердік. Балалар жақсы қабылдап жатыр. – Анимациялық фильмдеріңіздің сюжеті қызық. Бала түгілі, үлкен адамның өзін бірден баурап алады. Сценарийді кім жазады? Мультфильм қызық шығуы үшін қандай ереже-талаптарды, тәсілдерді ұстанасыздар? – Сценарийді телестудия басшылығындағы білікті мамандар – Батырхан Дәуренбеков және Бақытжан Құлжабай жазады. Оны сосын режиссер ретінде мен оқып шығып, өз ойымды қосамын. Осылайша бәрінің идеясымен толыққан сценарий әзірленеді. Біздің үнемі ұстанатын бір тәсіліміз – балаларға түсінікті, қарапайым, күнделікті өмірде құлақ үйренген сөздерді ғана қолданамыз. Арасында үлкенге де, кішіге де «өтетін» әзілдерді кірістіруге тырысамыз. Сондықтан шығар, өнімдерімізді балалар да, ересектер де жылы қабылдап жатады. – Анимациялық фильмде композитордың да маңызы орасан. Бір фильм үшін қанша әуен жазылады? Оны кім жазады? – Иә, мультфильмнің сәтті шығып, бала жүрегіне жол табуы үшін ішіндегі әуендердің дұрыс таңдалғаны қатты маңызды. Әр ситуацияның көңілді, қорқынышты, қайғылы, қысылтаяң, я болмаса жайбарақат екенін сюжеттің музыкасы дәл беруі тиіс. Бұл орайда композиторымыз Руслан Шынықұловтың еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол кісі «Сақ» киностудиясында 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінге дейін қаншама кинотуындымызға арнап әуен жазған. Мәселен, толықметражды «Қазақ елі» мультфильмі үшін 60-тан астам музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен 30 әуен жазылды. Осының өзінен-ақ саундтректің шаруасы қаншалықты қиын екенін бағамдай беріңіз. – Кадр мәселесінде «әттеген-ай» дейтін тұстар бар ма? Тәжірибелі, креативті мамандарды табу елімізде қаншалықты оңай? – Өкінішке қарай, елімізде 3D форматтағы мультфильмдер жасай алатын мамандар аз. Оқу орындарында «Анимация» мамандығы бойынша сабақ беретін мұғалімдердің көпшілігі практик емес, сондықтан жастар оқу бітіріп, еңбекке араласқанда ғана тәжірибесін шыңдай бастайды. Жақсы анимация жасау үшін маманның мықты суретші болуы жеткіліксіз, оған қоса актерлік қабілеті де болса құба-құп. Мысалы, көбі кейіпкерді нейтрал эмоцияда сүп-сүйкімді етіп салып бергенімен, оның ашулы, ұялған, қуанған кездеріндегі түрін дәл беруде қиналады. Әр кейіпкердің өзіне тән мінез-құлқы, жүріс-тұрысы болады. Бұл ерекшеліктер оның тіпті қараңғыдағы көлеңкесінен байқалып тұруы қажет. Осының бәрін ескеру үшін суретші әлгі кейіпкерді жан-тәнімен сезіне отырып жұмысқа кіріседі. Тағы бір өкініштісі, кейіпкерді әртүрлі ракурстан берерде де суретшінің кейінгі суреттері алғашқы суреттеріне ұқсамай кетіп жатады. Сондайда көп маман «мен оңай екен деп ойлап едім, мына іс қолымнан келмейді-ау» деп, шыдамдылық танытпай шығып кетеді. Талантты жастар да жоқ емес, әрине. Мысалы, арамызда бір жігіт Disney-дің «Арыстан патша», «Аю аға» атты фильмдерін жасауға қатысқан ресейлік суретші-аниматор Александр Дороговтың мектебінде төрт жыл білім алып келді. Бізге осындай мамандар жетіспейді. – Әңгімеңізге рақмет!