Соңғы жылдары халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы жұмысының қызмет көрсету аясы кеңейе түскен. Қазір мұндағылар халыққа бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарында халықты жұмыспен қамту, ардагерлерге, аз қамтылған азаматтарға және мүгедектігі бар жандарға әлеуметтік қолдау көрсету, азаматтық-құқықтық актілерді тіркеу мен көші-қон мәселесі және қандастармен жұмыс жасау бар. Қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері күніне орай біз Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованы әңгімеге тартқанбыз. Кәсіпкерлікті қолдау қарқынды жүргізілуде Шымкент қаласындағы миллионнан астам тұрғынға жоғарыда аталған әлеуметтік саладағы бағыттарды іске асыру үшін басқармада 49 штаттық бірлік бекітілген. Одан бөлек, басқармаға қарасты 14 коммуналдық мемлекеттік мекеме қызмет атқарады. Еліміздегі республикалық маңызы бар үшінші қалада жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіліп келеді. Бұл бағытта жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар жанданып, салалық мамандарға нақты тапсырмалар жүктелуде. Қазір Шымкент қаласы бойынша 22 546 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде биыл оған 29 277 адам қамтылды. Кәсіби білім беру бойынша жоспарланған 2 392 адамды оқыту шарасы артығымен орындалып, яғни 3 354 адам оқуға жолдама алды», – дейді Балмаржан Полатқызы бізбен әңгімесінде.Басқармада кәсіпкерлікті қолдау бағыты қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл бұл жоспар 4 есе артығымен орындалған. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту бойынша 3 050 адамға көмек көрсетілуі керек болса, мұндай қолдау 12 102 жанға көрсетілген. Ал «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 900 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуы тиіс болғанымен, бүгінде оған 11 492 адам тіркеліп отыр. Биыл бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін мемлекеттік грант көлемі екі есеге ұлғайып, 400 АЕК, яғни 1 225 200 теңге болғаны белгілі. Бүгінде осынау мемлекеттің қолдауына өтініш берушілер қатары көбейген. Шымкент қаласында мұндай қайтарымсыз қаржыны 1 150 жан алуы тиіс болса, қазірге дейін бизнес жоспарын қорғап, 610 адам грантқа қол жеткізіп, табысын еселеп отыр. Оның 175-ы – жастар, 435-і – осал топтар қатарындағылар. Диплом алып, жұмыс таппай жүрген жастарға алған мамандығы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында «Жастар практикасы» тәжірибесінен өту керек. Соның арқасында тәжірибеден өтуші түлек мамандығы бойынша бейімделіп, сол жұмыс орнында қалуына мүмкіндігі болады. Жастар практикасына төленетін еңбекақы мөлшері биылдан бастап 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке, яғни 91 мыңнан астам теңгеге көтерілсе, өту мерзімі де 6 айдан бір жылға ұзарған. Қалада жастар практикасымен 2236 жас жұмысқа тартылып отыр. Бұл шаралар басқарманың субсидияланатын жұмыс орындарына жатады. Яғни, бұл айлық жалақысы мемлекет тарапынан төленетін жұмыс орындары. Жастар практикасынан бөлек, оған «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орындары» секілді жобалар кіреді. Айта кету керек, «Халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту» ұлттық жобасының талабына сәйкес, жұмыс берушілер қол астында уақытша еңбек етіп жүрген азаматтардың кемінде 55 пайызын тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Сонымен бірге «Алғашқы жұмыс орны» жобасының айлық жалақысы да 20-дан 30 АЕК-ке өскен. Осы жобамен жұмысқа жолдама алған жастар 18 ай тұрақты еңбек етіп, тәжірибесін шыңдайтын болады. Қалада 291 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы нәпақасын айырып отыр. Ал «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасының шартына сәйкес, айлық жалақының 35 пайыз мөлшерін – жұмыс беруші, қалғанын мемлекет өзі төлейді. Қазір қалада 125 азамат «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасымен еңбек етіп отыр. Мүгедектігі бар азаматтар электронды қызмет алады Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биыл 24 196 жұмыс орны құрылуы қажеттігі жоспарланған. Оның 10 552-і ұлттық жобалар аясында болса, 13 644 орын жеке бастамамен құрылатын жұмыс орындарының есебінен толықпақ. Үшінші мегаполисте бүгінге дейін аталған жоспардың 84 пайызы орындалып қойыпты. Басқарманың ауқымды бағыттарының бірі – әлсіз топтарға, жұмысқа жарамсыз жандарға қолдау көрсету. Шымкентте қазіргі таңда 86 мыңға жуық зейнеткер болса, оның 4-еуі – ҰОС ардагері. 54 569 көпбалалы ананың 11 389-ы – Алтын және Күміс алқа иегерлеі. Ардагерлерді санатына, кезегіне қарай санаторлық емдеуге жіберіп, мерзімді басылымдарға тегін жаздырып береді.
«Қоғамның дамуы сол қоғамның қарт адамдарға қарым-қатынасымен өлшенеді. Шымкенттегі 4 ауданның үшеуінде қарттарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары ашылған. Егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарттарға және зейнет жасына жеткен азаматтарға, сонымен қатар зейнет жасына жетіп, денсаулық жағдайына байланысты емге мұқтаж қарттарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсету мақсатында құрылған орталықта қарияларымыз бос уақытын өткізіп, әңгімелесіп, араласуына жағдай жасалған. Мұнда балалар үйінен бүлдіршіндер келіп, ата-әженің мейірімі мен қамқорын да сезіне алады. Онда дәрігерлік тексеру (жоғары дәрежелі терапевт, невропатолог, инемен емдеу дәрігері), бильярд, теннис, садақ ату, ART терапия, тренажерлық қызмет түрлері, бассейн, массаж, әсемдік жасару терапиясы, караоке залы, хореография, йога, еңбек терапиясы, денешынықтыру бөлмелері бар», – дейді басқарма басшысы Б.Нарбекова. Мұндай орталық келер жылы төртінші ауданда ашылмақ.Қуанарлығы, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары тоқсан сайын азайып келеді. Бұған себеп – басқарма тарапынан оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп, шағын несие және грант беріп, қолдау көрсетіліп жатуы екен. Мұнда табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама беру жұмыстары да жүйелі түрде жолға қойылған. Қазір Шымкент қаласында 38 800 мүгедектігі бар азамат тұрады. Биыл олар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электронды қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Сонымен қатар психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға арналған басқармаға қарасты 9 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Мүгедектігі бар жандарға 1 019 адам қызмет көрсетеді.
«Осы тұста №1, 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бүгінгі таңға 52 адам кезекте тұрғанын айта кеткен жөн. Мұндай орталыққа мұқтаждық көп болғандықтан, психоневрологиялық патологиялары бар мүгедек адамдарға қосымша №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жанынан 50 орындық ғимарат салуға ұсыныс беріліп, қазір құрылыс басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Бұдан бөлек, 150 орындық жаңа оңалту ортылығын салу мақсатында типтік жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамаға ұсынылды», – деп атап өтті басқарма басшысы бізбен әңгімесінде.Көшіп келгендердің көбі – өзбекстандықтар Басқарма қызметкерлері азаматтық хал актілерін тіркеумен де айналысады. Шымкентте жыл басынан бері 24 310 бала өмірге келіп, 6 068 неке қиылған. 4 079 жан өмірден өтіпті. Көші-қон мәселесі де осы саланың жұмысы. Жыл басынан бері 982 адам «қандас» мәртебесін алса, 122 жан осындай мәртебесін 6 айға создырған. Ал ТМД және шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі – Өзбекстан Республикасынан келгендер. Мәселен, көшіп келген 982 адамның 951-і – өзбекстандықтар. Олардың көбі құрылыс, сауда-саттықпен және басқада жалдамалы жұмыстармен айналысады. Оларға 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» қызмет көрсетіп келеді. Ал биыл Шымкент қаласына шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға 294 квота бөлініпті. Бүгінде бөлінген квота негізінде 21 кәсіпорын мен ұйымдарда 136 шетелдік жұмыс істеуде. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін жыл басынан бері жергілікті бюджетке 57,4 млн теңге алым түскен. Бүгінде қалада жұмыссыздық пен осы салаға қатысты шаруаларды жүйелі атқару үшін мегаполистің 4 ауданында да жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері жұмыс істейді. Ал қаладағы жалпы әлеуметтік қорғау саласында 1500-ге жуық адам еңбек етеді. Мемлекет қамқорлығын қажет ететін әрбір азаматпен тіл табысып, олардың көңілін тауып жұмыс істеу жолында осынау сала қызметкерлерінің еңбегі ерен деуге болады.
Шымкент қаласы