Араға 13 жыл салып, қайта оралған ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысында ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен бчірге әлеуметтік нысандар ашылып, патриоттық акциялар өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Республика күнін ұлттық мереке деп қайта бекіткен болатын. Атаулы датаның ұлттық сипатта қайта оралуын қалың ел қолдады. Батыс Қазақстан облысында Республика күні аясында 200-ден астам шара жоспарланып, бірнеше күн ілгері түрлі нысандар ашылып, мерекені кең көлемде атап өтті. 25 қазан күні Оралда тұңғыш президент алаңында көк туымыз биікке көтеріліп, Республика күні облыс жұртшылығының жаппай гимн орындауымен басталды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жиналған халықты Ұлттық мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды бүгінгі тәуелсіз еліміз үшін айшықты мереке Республика күнімен құттықтаймын! Біздің мемлекетіміз жас мемлекет болғанымен болашағымыз айқын, мақсатымыз анық. Алдағы жетер жетістігіміздің жолында бәріміз бірге жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, – деді салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы.БҚО әкімі елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хаты Орал қаласының ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиевке, «Cinema Park» кинотеатрының директоры Дилара Мұхамбетоваға, БҚО Қазақстан Халқы ассамблеясы жанындағы «Достық» клубының жетекшісі Талғат Чудобаевқа табысталды. Іс-шара ары қарай көк туымызды көтерген машиналардың шеруімен, оралдықтардың жүгіру марафонымен жалғасты. Сондай-ақ Бәйтерек ауданы Щапов ауылында 420 орындық жаңа мектеп ашылды. Соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылған Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұған дейін мүлдем жөндеу көрмеген 120 балаға арналған ескі мектепте білім алып келген оқушылар енді жаңа ғимаратта білім алатындарына ерекше қуанды. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісе келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мектеп ұжымына табысты еңбек тіледі.
– Жаңадан салынған білім ошағының ашылуы ұлттық мерекеміз – Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мереке қарсаңында отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Жаңадан ашылған мектепте жас өрендеріміздің білім алуына, спортпен, шығармашылықпен айналысуына бар жағдай жасалған. Сондықтан осы бастамаға қолдау білдірген «СКФ Отделсторой» ЖШС-не, мектеп ұжымына, ата-аналарға ризашылығымызды білдіреміз. Батыр бабамыздың есімі берілген білім ошағынан тәлім мен тәрбие алған балалар еліміздің мақтан тұтар азаматы болатынына сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.Жарқыраған жаңа ғимаратта 21 оқу кабинеті бар, оның 15-і интерактивті тақталармен жабдықталған. Сонымен қатар, 1 смарт кабинет, 2 шеберхана, 2 информатика кабинеті, спортзал, кітапхана және 30 орындық оқу залы, 208 орындық акт залы, 72 орындық асханасы бар. Мектеп сыныптарының безендірілуі де заман талабына сай соңғы үлгіде, ерекше талғаммен жасалған.
– Біздің ауылға газ келеді дегенге бұрын сенбейтінбіз. Енді игілігін көрудеміз. Президентіміздің дұрыс саясатының арқасында, облыс, ауданды басқарып отырған азаматтардың жоспарлы жұмыстарының нәтижесінде осындай жұмыс сәтімен аяқталды. Газ өткізу жұмыстарын сапалы атқарған мердігерлерге де алғысымыз шексіз! – деді еламандық Ұзақбай Қожантаев.Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжында да мереке қарсаңында алау жағылды. Саралжын ауылындағы 56 үйдің 48-не газ желісі кіргізіліп, ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көруде. Аталмыш үш ауылдағы газ қосу салтанаттарына қатысқан Қазталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев елді мекен тұрғындарын құттықтап, газ желісін тартқан «ӘлияСервис» ЖШС мен ішкі жұмыстарды жасаған «ГазГид» ЖШС өкілдеріне алғыс білдірді. Ал облыс орталығында «аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы бойынша 29 аула жөнделді. Солардың бірі Әбубәкір Кердері көшесі, 172-мекенжайында Республика күніне орай пайдалануға берілді. Қала әкімі Миржан Сатқановтың айтуынша, шаһарда абаттандырылмаған аула аумақтарының саны азайып келеді. Жөндеу жұмыстары жүргізілген аулаларда ағаштар да толықтай сақталды. Қала бойынша әлі де 180-ге жуық аула аумағы абаттандыруды қажет етеді. Сондықтан бұл жұмыс алдағы уақытта жалғастырылады. Аталған мекенжайда құрылыс жұмыстарын «Капитал Строй Проект групп» ЖШС жүргізді. 4 мың шаршы метр аула аумағы 4 үйдегі 500-дей пәтерді қамтиды. Жаңа аулада спорттық ойын және балалар алаңы, тренажер құрылғылары орнатылып, дене шынықтырумен айналысуға толық жағдай жасалған. Сондай-ақ жобаға сай жарықтандыру, көгалдандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған. Қаланы абаттандыру тұрғындармен тығыз байланыс орнатуды көздейді. Атап айтқанда, «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы бойынша тұрғындар өздері өтінім қалдырып, аула аумағында жүргізу қажет жұмыстарды көрсете алады. Мұнда тұрғындар жобаны пысықтауға, жұмыстарды бақылауға қатысып қана қоймай, дайын нысанның сақталуына жауап береді. Сондай-ақ жоба аяқталған соң, абаттандырылған аулалар бойынша МИБ (меншік иелерінің бірлестігі), ЖС (жай серіктестік) немесе ПИК өкілдерімен бес жылға шарт жасалып, олар осы уақыт ішінде алаңдарды күтіп ұстауы тиіс. Сондай-ақ Оралда Республика күніне орай 52 пәтерлі төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Шаһарда апатты және тозығы жеткен үйлердің орнына өткен жылы қабылданған реновация бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлер салынуда. Қазір 145 пәтерді құрайтын 28 апатты үй бұзылып, солардың орнына 12 жаңа үй бой көтерген.
– С.Есқалиев көшесі 149-мекенжайында салынғанына бір ғасыр болған ескі, жартылай қираған үйдің орнында қазіргі заманғы ғимарат салынып бітті. Мұндағы 52 пәтерлі үйдің 12-сі баспаналары апатты деп танылған отбасыларға беріліп отыр, – деді қала әкімі М.Сатқанов.Жаңа пәтер иелері Қанат Алдоңғалиұлы, Елена Губенкова мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа риза екендіктерін айтып, құрылысты салған «Даму Жол Орал» ЖШС-ға ризашылықтарын білдірді. Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 2021-2025 жылдарға арналған реновация бағдарламасына сәйкес инвестор компаниялармен 22 меморандум жасалған. Күні бүгін Оралда тозығы жеткен үйлер қоры 30 пайызды құрайды. Атап айтқанда, 52 апатты және тозығы жеткен 353-тен астам үй бар. Міне, солардың орнына жаңа үйлер салу жұмысы жалғасатын болады.