Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы жаңадан ашылған саябақтан шу шықты. Нақты айтқанда, сәні мен салтанаты келіскен саябақтағы әлі де пайдалануға беріліп үлгермеген карусельден ақау шыққаны жайындағы видео әлеуметтік желіні шулатты. Біз осы мәселенің ақ-қарасын анықтап көруге тырысқан едік. Соңғы күндері аудан орталығында салына бастаған Prime Park саябағының жарнамасы жер жарған болатын. Облыс аумағында осындай теңдесі жоқ үлкен саябақты салуды қолға алған жаңақорғандық кәсіпкердің игі бастамасына сүйсіне қараған жандардың қарасы аз болмады. Негізінен бұл заманауи саябақ сырбойылықтарға белгілі кәсіпкер Марлен Ысқақов жетекшілік ететін «Азимут-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаржысы есебінен салынғаны көпке мәлім. Жобаның құны 790 миллион теңгені құрайды. Мұнда түрлі аттракциондар, субұрқақ, жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары аудан тұрғындарына қызмет көрсететіні айтылды. Жергілікті тұрғындардың отбасымен бірге серуен құрып, ой сергітіп, бой жазуына мүмкіндік беретін жаңа демалыс паркінде барлық жағдай қарастырылған. Аумағы ат шаптырым жерді алатын саябақта балақайлардың ойнайтын ойын құрылғылары орнатылып, жаңақорғандықтарға «Балалар жылы» аясында үлкен сый болды. Тіпті мереке қарсаңында облыс әкімінің өзі саябақты салтанатты түрде ашып, жергілікті жамағатқа жылы лебізін арнаған болатын. Алайда көп ұзамай әлеуметтік желіде саябақтағы аттракционның бір орындығының салбырап, үзілуге шақ қалған видеосы тарады. Артынша бұл Байқоңыр қаласында пайдалану мерзімі өткендіктен, істен шығып тұрған ескі карусель екені айтылды. Көп жылдан бері пайдаланылмай тұрған жұлдызды қалашықтағы ескі ойын құрылғысын Жаңақорғандағы жаңа саябаққа орнатқаны жайында сөз де желдей есті. Желі қолданушылары әбден тозығы жеткен карусель адам өміріне қауіпті екенін айтып, аудан тұрғындарын сақтыққа шақырып жатыр. Байқоңыр қаласындағы желі қолданушысы қалдырған жазбаға сәйкес, бұл аттракцион көп жылдан бері жұлдызды қалашықтың саябағында жұмыс жасап тұрған. Соңғы 5 жылда апатты деп танылып, пайдалануға тыйым салынған екен. Жуырда ғана бұл аттракцион өз орнынан алынып тасталыпты. Байқоңырдың байырғы тұрғындары жұлдызды қалашықтағы ескі аттракцион Жаңақорған кентіндегі жаңа саябаққа көшірілгенін растап отыр. Сонымен қатар Байқоңыр тұрғындарының айтуынша, ғарыш қалашығындағы аттракционсыз қалған саябақты келешекте қайта жаңғырту, жаңа аттракцион орнату жұмыстары жүргізілетіні жайында ақпарат тарағанын алға тартады. Осыдан кейін «ескі дүниемен елді алдаған кім?» деген күмәнді сұрақ көптің көкейінде жүр. Жұртшылық тарапынан ең болмағанда адам қауіпсіздігін қаперге алмағанына наразылық танытқандар қатары артып тұр. Осы мәселеге орай аудан әкімдігіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық.
«Негізінен аудан орталығына саябақ салуды қолға алған жергілікті кәсіпкер. Туған жерімді өркендетсем деген бастамасы бәрімізді қуантады. Бұған дейін басқа да кәсіпкерлерге ұсыныстар айтылған. Алайда өз күшімен, қаржысымен осындай үлкен саябақты қолға алған азаматқа алыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал ойын жабдығынан шыққан ақауға тоқталар болсақ, видеодағы көрініс ашылу салтанатынан бұрын болған жағдай. Яғни, бұл көрініс құрастыру, техникалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан уақытта болды. Ол уақытта карусель халыққа пайдалануға берілген жоқ. Ешкімнің өміріне қауіп төндіріп тұрған жоқ. Жалпы видеоны асыра сілтеп, жалған ақпарат негізінде жариялап жіберген. Бүгінде ойын құрылғысында ешқандай да ақау жоқ. Арнайы тексерістен өткізілді. Келесі жылдың наурыз айынан бастап халық игілігіне пайдалануға беретін боламыз», – деп түсіндірді Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров.Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, жергілікті кәсіпкердің бұған дейін жасаған игі істері аз емес. Соның ішінде жомарт жүректі азаматтың ықпалымен ауданға жаңа мешіттің де іргесі қаланыпты. Бүгінде кәсіпкер аудан орталығындағы әк шығаратын зауыттың жұмысын жүргізіп отыр.
«Жалпы бұл саябақты келер жылы ашамыз деп отырмыз. Биыл ашылу салтанатын өткізгенімізбен, жұмыс істеп тұрған жоқ. Себебі, саябақ аумағынан мейрамхана, неке сарайы сынды нысандар салу қолға алынады. Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру сынды көптеген жоспарлы жұмыстар да бар. Ал видеода жария болғандай, балалар ойнап жатқанда ақау шыққаны жайындағы ақпарат – бос дақпырт», – деп ойын толықтырды Н.Бакиров.Әкімдік тарапынан саябаққа қажетті құрал-жабдықтардың дені Шымкент қаласынан жеткізілгенін айтты. Алайда, әлемжеліні шулатқан аттракционның нақты қай жақтан, қанша қаржыға жеткізілгені жайлы мәлімет айтылмады. Байқоңырлықтар ескі карусельдің қаупі жоғары екенін айтып дабыл қақса, жергілікті құзырлы орындар тарапынан мұның жұлдызды қалашықтағы ескі ойын құрылғысына ешқандай қатысы жоқ дегенді алға тартады. Әзірге екі тараптан екі түрлі пікір қалыптасып отыр. Ал кәсіпкерлің өзімен іссапарда жүргендігіне орай байланысу мүмкін болмады. Қорыта айтқанда, көптің көңіліне күдік ұялатқан карусельдің ақиқаты әзірге беймәлім күйде қалып тұр.
Қызылорда облысы