29 қазанда Түркістан қаласында Olympic center спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен өткен «Turan Barysy» Азия Кубогында Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды.
Жарысқа түркі мемлекеттері ұйымының алты елі – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысты. Спортшылар жеті салмақ санатында белдесті: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта.
«Бізді Қазақстан жақсы қарсы алды. Финалды бәріңіз көрдіңіздер. Қазақстаннан бұрын белдеспеген жас балуандар өнер көрсетті. Финалға көңіліміз толады, себебі үш жыл үзіліс болып жарысты сағындық. Желтоқсанда қазақ күресінен өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз», - деді Носир Азизов.Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Ерлан Естек:
«Ұлттық құрамаға былтыр Қазақстан чемпионатында үшінші орын алған балуандар жиналды. Басқа балуандар желтоқсанда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Қазақ күресіне қызығушылық танытсын деп ұлттық спортымызды дамыту үшін құраманы осылай жасақтадық», - деді Ерлан Естек.«Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің Төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша: «Жалпы Қазақ күресі мыңдаған көрерменді жинайтын, ерекше құрметке ие, танымал спорт түрі. Осындай сұранысқа ие байрақты бәсеке біздің ұлтымыздың өзіндік ерекшелігін, салт-дәстүрін насихаттауда көп мүмкіндік береді. «Turan Barysy» секілді турнирлерді көбірек ұйымдастырған сайын қазақ күресіне деген қызығушылық артып, оның ауқымы да кеңейе түсері сөзсіз».