Бүгін мәжілісмендер Германия Сыртқы істер министрі Анналена Бербоктың Қазақстанға алғашқы сапары аясында Германия Бундестагының депутаттарымен кездесті. Кездесуде парламентаралық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мен дамыту мәселелері талқыланды. Депутаттар кездесуді Қазақстан мен Германия дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толуымен құттықтаудан бастады. Парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау осы жылдар ішінде тараптар көпқырлы ынтымақтасты нығайтып, кеңейтіп, екіжақты қарым-қатынасты жоғары деңгейге көтергенін баса айтты.
"Қазақстан Германиямен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді және сіздің еліңізді Еуропалық Одақтағы біздің негізгі стратегиялық серіктесіміз деп санайды", – деді А.Рау.Германиялық депутаттар өз кезегінде тәжірибе алмасуға және алдағы уақытта бірлескен жұмыс жүргізуге дайын екендіктерін жеткізді.
"Тәжірибе алмасу елдердің парламентшілері деңгейінде өтуі өте маңызды. Біздің парламенттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту керек, бұл қазақстандық тараптың ғана емес, біздің де қалауымыз", – деді Бундестаг депутаты Андреас Ларем.Германия делегациясы қатарында депутаттар Анико Глоговский-Мертен мен Робин Вагенер де болды. Талқылауға Қазақстан тарапынан Мәжіліс депутаттары – Айгүл Құспан, Александр Милютин, Снежанна Имашева, Ерлік Өмірғали қатысты. Кездесу соңында парламентшілер Қазақстан мен Германия арасындағы саяси диалогты, экономикалық, гуманитарлық және басқа да байланыстарды ілгерілету мәселелері әрқашан басты назарда болатынын атап өтті.