Хаменова өзін 7 жылға соттауды сұраған прокурорға қатысты мәлімдеме жасады
Хаменова өзін 7 жылға соттауды сұраған прокурорға қатысты мәлімдеме жасады
© Halyq Uni
1,431
оқылды
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова өзін жеті жылға соттауды сұраған прокурорға жауап берді, – деп хабарлайды Halyq Uni.
«Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы пара алды деген айып негізінде маған және Рысқалиевке қатысты, пара бергені үшін Адамовқа қатысты көтерілген қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталды. Нәтижесінде бұл қылмыстық істің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде осы істегі негізгі фигуранттар Адамов пен Рысқалиевке қысым көрсету арқылы шындыққа сәйкес келмейтін айғақтарды негізге ала отырып, маған қарсы қиялдан, ойдан шығарылғаны белгілі болды. Сот барысында айыптау қылмыстық іс жүргізу заңдылықтарын бұзып, тек болжам мен жорамалдарға негізделді», – деді Хаменова.
Ол сондай-ақ іс бойынша нақты дәлел жоқ екенін айтты.
«Бұл іс бойынша жалған айғақтардан басқа аталған қылмысқа қатысымның бар екенін дәлелдейтін ешқандай да дәлел жоқ. Мұндай жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында менен барлық күдік алынып тасталуы керек болатын. Әйтсе де, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен прокуратураның жекелеген кәсіби емес қызметкерлерінің жөн-жосықсыз әрекеттерінің салдарынан мен әлі де маған тағылған негізсіз айыптаулардан өзімді қорғауға мәжбүрмін», – деді ол.
Бақытгүл Хаменова істі жүргізуде заңбұзушылық көп болғанын айтты.
«Бұл қылмыстық істі жүргізуде заңбұзушылықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тергеу барысында рұқсат етілмеген әдістер қолданылған деген талап өтініш ескерусіз қалды. Бірақ ай сайын үйқамаққа жіберу туралы немесе істің заңсыз тұстары көрсетілген сұрауымызға «Хаменова аса ауыр қылмыс жасады. Үйқамаққа жіберуге болмайды. Рысқалиев пен Адамовқа зиянын тигізеді, тергеуге кесірі келеді» деген жауапты айтудан прокуратура қызметкерлері де шаршаған жоқ. Солай-ақ болсын. Сот тергеуінен менің параға еш қатысым жоқ екеніне көз жеткіздіңіздер», – деді Хаменова.
Ол сондай-ақ өзінің конституциялық құқығы өрескел бұзылғанын айтты.
«...Бұл бассыздық мен үшін және менің туыстарым үшін аса құнды абыройымды аяқасты етті. Жақындарымның денсаулығын нашарлатты. Ең бастысы, балаларыма және науқас анама арнауға тиісті қайтарымсыз уақытымды ұрлады», – деді Бақытгүл Хаменова.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Іс бойынша айыпталушылардың бірі Ақылбек Рысқалиевті 7 жылға, Өмірбек Адамовты сот залында қамауға алып, 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.