Астанада бомбадан қорғануға арналған орындар бар ма?
Астанада бомбадан қорғануға арналған орындар бар ма?
340
оқылды
Астанада бомбалаудан қорғайтын бомбапана бар ма? Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаевтың елорда тұрғындарымен кездесуінде осындай сауал қойылды. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі заңнамада көпқабатты үйлердің паркингтерін соғыс жағдайында «қорғаныс орны» ретінде пайдалану көзделген.
«Қазіргі заңнамада «бомбадан қорғанатын арнайы орын» деген термин жоқ. Ол негізі халықтың арасында бұрыннан қалып қойған ұғым ғой. Қазір «қорғау нысандары» деп айтамыз. Оның бәрі қазір ашық ақпаратта жоқ. Қорғану нысандары заң бойынша соғыс жағдайында үздіксіз жұмыс істейтін нысандарда және медициналық мекемелерде ғана бар. Ауырып жатқан адамдарды эвакуациялау мүмкін болмағанда солар үшін ғана қорғау орындары қарастырылған. Ал басқаларға «қарапайым паналау орындары» деген бар», - деген министрлік өкілі жыл сайын аталған санаттағы нысандар есепке алынып отыратынын атап өтті. «Біздің қазіргі заң бойынша үлкен пәтерлердің астында орналасқан паркингтерді, бәрін де қолдануға болады. Оның бәрін біз есептеп, қарастырып отырмыз. Жыл сайын жағдайы нашарлаған нысандар бойынша өз ұсыныстарымызды беріп, іске асырып отырмыз», - деді Ибрагим Күлшімбаев.