Мақтауға лайық мамандық
Мақтауға лайық мамандық
326
оқылды
Қазанның соңғы жексенбісінде елдегі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» аталып өті­леді. Қоғамның қамқорлығына мұқ­­таж жандарды оңалтуда сүбелі еңбек ететін сала мамандары кез кел­­ген құрметке лайық. Апта соңын­­да елордадағы Е.Рахмадиев атын­­дағы Мемлекеттік академия­лық филармонияда әлеуметтік қор­ғау жүйесі қызметкерлерінің күні­не орай салтанатты іс-шара өтіп, аяу­лы маман иелері алғысқа бөленді. Мерекелік шара басынан аяғына дейін әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­сін дамытуға ерекше үлес қосқан қыз­мет­керлерге арналды. Әлеуметтік сала­ның барлық қызметкерлерін Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев құттықтап, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Тамара Дүйсен­о­ва мен Астана әкімі Алтай Көлгіновтің атынан жылы лебізін білдірді.
«Құрметті әріптестер, қала әкімінің атынан және өз атымнан Сіздерді мерекемен, әлеуметтік қорғау жүйесі қыз­меткерлерінің күнімен құттық­таймын! Әлеуметтік қызметкерлердің күнделікті еңбегі-мемлекеттің өз аза­мат­тарына қамқорлығының көрсеткіші. Мұндай мерекенің болуы Сіздің қиын жанқиярлық жұмысыңызға шынайы құрметтің барын көрсетеді. Бұл жақсы дәстүр бәрімізге жанашырлық пен өзара көмек қажет екенін еске салуы керек. Сіздерді осы тамаша күнмен құттық­таймын!» – деді әкім орынбасары Ерлан Бекмурзаев. Сондай-ақ ол елордада сегіз арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтінін, онда эко­но­микалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көр­сетілетініне тоқталды. Онда мүгедектігі бар адамдарға өмірдің дәмін татуға, балаларға аяғынан тұруға және алғашқы қадамдарын жасауға көмектеседі. Жалпы, мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж адамдардың өмірін жеңілдетеді. Өз кезегінде құттықтау сөз алған Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб: «Біз бұл шараны әлеуметтік қорғау жүйесінің қызмет­керлерін марапаттау үшін ұйымдастыр­дық. Әрине, олар үшін ең жақсы мара­пат – көмек көрсетілгендердің алғысы, бірақ біз олардың маңызы зор жұмысы үшін мемлекет атынан да ризашылығы­мызды білдіргіміз келеді. Қызметкер­леріміздің барлық туыстары мен жақын­дарына денсаулық тілеймін. Біздің жұ­мысымыз үлкен шыдамдылық пен төзім­ділікті қажет ететіндіктен Сіздерге шыдамдылық тілеймін. Қызмет алушы­лар тарапынан әрқашан түсіністік болсын. Олардың әрқайсысының өз проблемалары бар және олар біздің жылы көзқарасымыз бен қамқорлығы­мызды қажет етеді. Сіздерге сергектік тілеймін және біздің қызметкерлері­міздің көздері тек бүгін ғана емес, әр­дайым бақыттан жарқырай берсін!», – деген ақ тілегін арнады.
Іс-шара барысында әлеуметтік қорғау саласының үздік мамандары Ең­бек және әлеуметтік қорғау министр­лігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі», «Еңбек ардагері» ведомстволық наградаларымен, Астана әкімінің гра­моталарымен, елорда басшысының және әкім орынбасарының алғыс хатта­рымен марапатталды. Сонымен қатар, іс-шараға ардагерлер, әлеуметтік қорғау бөлімдерінің басшылары, әлеуметтік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Барша әріптестерін кәсіби мере­келерімен, әлеуметтік қорғау қызмет­керлерінің күнімен шын жүректен құттықтаған «Үміт дағдарыс орталығы» КММ қызметкері Алтын Ерубаева мереке мейірімділікті, адалдықты, шын­шылдықты және ең бастысы, ере­сек ұрпаққа, мүгедектігі бар адамдарға, салада жұмыс істейтін барлық санат­тарға құрметпен қарауды білдіретінін жеткізді. Әлеуметтік қорғау саласында 15 жылдан астам жұмыс істейтінін айтқан ол: «Мемлекет біздің еңбегімізді атап өтетіні мен үшін үлкен қуаныш. Біз өз жұмысымыз үшін марапаттар мен мақтауларды талап етпейміз, бірақ оларды алған кезде – шабыттанып, одан да көп жұмыс істей бастаймыз», – деп ағынан жарылды.
Бүгінде елорданың әлеуметтік қор­ғау жүйесінде 1 300-ден астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын мыңдаған зейнеткерлер мен мүгедектігі бар 3 000 балаға қамқорлық көрсетіп, мейірімге мұқтаж жандардың жүрегіне жол тауып келеді.