Мәншүктің мерейтойы аталып өтті
Мәншүктің мерейтойы аталып өтті
Орал қаласында Кеңес Одағының батыры, қаһар­ман қыз Мәншүк Мәметова­ның туғанына 100 жыл то­луына байланысты ша­ра­­лар шеруі өтті. Мәншүк Мәметованың жа­сын­дай жарқ еткен 21 жылдық ғұмыры трагедияға толы. Бұрын, Кеңес кезінде советтік Отанын қорғап құрбан болған батыр екендігі баса айтылып, жеке ба­сы­ның талайлы тағдыры мүлдем қозғалмады. Тәуелсіздік таңы ат­­қан соң Алаш арыстары ақтал­ғаннан кейін ғана көп жәйтті түсіндік. Мәншүктің «халық жауы» атанып, жазықсыз ұсталып кеткен әкесі Ахмет Мамытұлын құтқару үшін де соғысқа сұран­ғаны белгілі болды. Сталиндік реп­рес­сияның сұрқиялығы сон­дай, қаншама арысты атып таста­ғанымен қоймай, ол ақпаратты жасырып бақты... Бүгінде Оралда Мәншүк Мә­метованың мемориалдық музейі жұмыс істейді. Дәл осы ғимаратта 1932-1934 жылдары Ахмет Мәме­тов отбасымен тұрған. «Үш батыр қыз» мемориалдық кешенінде Мәншүк, Әлия және Хиуаз иық тірестіріп қатар тұр. Өңірде батыр қызды ұлықтау шаралары жас ұр­паққа патриоттық тәрбие беру жұмысымен қоса өріліп, жүйелі атқарылып жатыр. Мәншүк Мәметованың ға­сыр­лық тойын атап өтуге Алматы­дан батыр қыздың немере туысы Мәметова Шолпан Қанатқызы мен оның ұлы Руслан Кеңесұлы, Алаш қайраткері Ғабдолхәкім Бөкейхановтың жиені, биология ғылымдарының кандидаты Шол­панай Аманжолова, жазушы-зерттеуші, жақында ғана жарық көрген «Қаһармандық ана­томия­сы. Мәншүктің мәлімсіз майда­ны» кітабының авторы Мақсат Тәж-Мұрат арнайы келді. Мерей­тойлық шараларды Батыс Қазақ­стан облыстық тарихи-өлкетану музейі үйлестіріп, мәнді де мағы­налы өткізді.
– Биыл қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толып отыр. Сұрапыл со­ғыс жылдарында ерлермен бірдей ерлік көрсеткен батыр қыздардың есімдері ел есінде. Өз елі үшін алаш қайраткері ретінде жазықсыз сотталып, кейін атыл­ған өз әкесін ақтау үшін майданға аттанған қаһарман қыз небәрі 21 жасында қаза тапты. 21 жас – сүйікті жар, аяулы ана болуға да үлгермеген жас қой. 1958 жылы әкесі­нің ақталғанын көрмей кетті Мәншүк апамыз. Біз осындай батыр қыздарымыздың алдында әрқашан бас иеміз. Оларды мақ­та­ныш­пен айтамыз. Еліміздің жа­сам­паз рухы биік бол­сын! – деді «Үш батыр қыз» монументіне гүл шоғын қойған Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Ғали Есқалиев.
Ескерткіш басында жиналып, естелік айтылған шарадан кейін «Атамекен» өнер ордасында «Қаһарман қызы қазақтың» атты халықаралық ғылыми-тәжірибе­лік конференция өтті.
– Қазақ халқы өзінің ардақты ерлерін, аяулы қыздарын әрқа­шан­да құрметтей біледі. Тірі бол­са, Мәншүк 100-ге толар еді дей­міз. Бірақ Мәншүкке сол 100 жылдың бестен бір бөлігінің ғана ғұмыры беріліпті. Сол аз ғана ғұ­мы­рында Отанын әлемге таны­тып, есімін тарихқа жазып кетті, – деді жиында Мәншүктің немере сіңлісі Шолпан Мәметова толқып тұрып.
Ғылыми конференцияға Ба­тыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарым­бетов, өлкетанушы, еңбек арда­гері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» белгісі орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жайсаң Ақбай, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін медалінің» ие­гері Дариға Мұштанова қатысты. Мәскеу халықаралық қатынастар институтының доценті, Ресей әскери ғылымдар академиясының директоры Александр Ужанов онлайн қатысып, баяндама жаса­ды. Сондай-ақ Алматы қаласынан техника ғылымдарының канди­даты, Логистика және көлік ака­демиясының профессоры Кеңес Жүсіпов, Батыс Қазақстан облыс­тық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этно­грфиялық музей қорығы дирек­торы Ғайса Махимов баяндама жасады. Кон­ференция барысында әдебиет­танушы-ғалым, эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат «Неизвестная воина Маншук» кі­та­бын таныс­тырды. Жиын со­ңын­да жарыссөз өтіп, қатысу­шылар өз ойларын ортаға салды. Конференцияның соңында қарар қабылданды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйым­дас­тырған халықаралық конферен­цияның қонақтары Хадиша Бө­ке­­ева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Мәншүк» спек­таклін тамашалады.