Балабақша көбейсе – елге құт
Балабақша көбейсе – елге құт
578
оқылды
Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларды жекешелендіруге тыйым салуды ұсынды. Білім реформасы аясында осыған тосқауыл қойылмақ. Әйтпесе, әкімдер ел қаржысына салынып, толық жабдықталған бала­бақшаларды жаппай жекенің қолына беруде. Егер бұл үрдіс жалғасса, президенттік тапсырма орындалмауы мүмкін. Себебі жекенің аты жеке, ол кез келген уақытта бизнесін сатуы не бағытын өзгерте салуы мүмкін. Мысалы, Кеңес Одағынан қалған 8,7 мың балабақшаның 5 мыңдайы жекешеленіп, орнына үй, жатақхана, жекеменшік мектеп пен колледждер ашылған. Қалғанының көбі қирады, тоналды. Мемлекет басшысы әр азаматтың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мем­лекет тікелей жа­уап­кершілік арқалайтынын айтты. Бюджеттегі әлеу­­­меттік салаға бағдар­ланған шығындар барған сайын өсуде: ба­лабақша, мектеп, аурухана, мә­дениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге триллион­даған теңге жұмсалады. Президент мем­ле­кет алдына жаңа, биік мақсаттар қойып отыр: Қ.Тоқаев алдағы 7 жылда 2-ден 6 жасқа дейін­гі барлық бала мектепке дейінгі сапалы тәр­биемен және оқумен қамтамасыз етілетінін жариялады. Бұған қоса, әлеуметтік осал топ санатындағы отба­сының балалары бала­бақ­шада тегін тамақтанады. Білім беру мекеме­лерінде қауіпсіздік шаралары кү­шейтіледі, барлық балабақша тиісті түрде жабдықталады. Әрине, балаларды 100% балабақшамен қамтуға бағытталған шара бұған дейін де қабылданған. Бұрынғы Үкімет 2010 жылғы 28 мамырда Бала­ларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамта­масыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Ба­лапан» бағдарламасын бекітті. Оның басты мақсаты ретінде «2020 жылға дейін мек­те­палды жастағы балалардың 100%-ын мек­тепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қам­ту» бел­гіленді. Оқу-ағарту министрлігі та­яуда ол жос­пардың орындал­мағанын, қам­тылу көрсеткіші балабақшаға мұқтаж бала­лардың 88%-ын ғана құрайтынын растады. Сарапшылардың түсіндіруінше, елдегі балалар­дың бәрі бірдей балабақшаға зәру емес: өйткені үйбике аталатын, ауылдар мен қалаларда үй ша­руашылығымен ғана айна­лысатын аналар мектепке дейін балаларын өздері бағып-қағады, тәрбие береді, Үкі­меттен балабақшадағы орынды талап етпейді. Сол арқылы олар мемлекеттің мойнындағы ауыртпалықты азайтып, оны өзінің нәзік иығына артады. Мұндай отбасылардағы бала­лардың үлесі шамамен 42 пайыз көрінеді. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағам­бетов Президент тапсырмасымен елімізде 2-6 жас аралығындағы балаларды 100% мектепке дейінгі сапалы білім және тәр­биемен қамту шаралары қабылданатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы министрліктің алдына балаларды 2 жастан балабақшамен қамту міндетін қойды. Бүгінде кезекте тұрған балалар санынан есептегенде 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту – 88%-ды, ал балалардың жалпы санынан есептегенде, 58%-ды құрайды. Қалай бол­са да бұл балаларды сапалы біліммен қам­туы­мыз керек. Тиісті жұмыс жүргізілуде, ке­лесі жылғы бюджетке мемлекеттік тап­сырыс беру үшін қосымша қаражат қарас­тырылды. Биыл 300-ден астам жаңа ба­ла­бақша салынып, 40 мыңға жуық орын ашылады, – деді министр.
Оның алдында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова 2022 жылдың соңына дейін балдырғандарды балабақшамен қамту үлесі 99,3%-ға жет­кізілетінін мәлімдеді. Осы мақсатта тек биыл­дың өзінде 322 балабақша ашылуы қажет. Биылғы жартыжылдықта әзірге оның 130-дан астамы ғана іске қосылды.
«Жекеменшік балабақшаларда бол­ған, қоғамда резонанс тудырған түрлі келең­сіздіктерге жол бермеу үшін қауіп­сіздік шараларын күшейтеміз. Біліктілігі жоғары кадрлармен қамту талаптарының орын­далуын қадағалап, мемлекеттік тап­сырыстың сапасын ваучерлік механизм арқылы жақсартамыз. 15 мыңнан аса тәрбиеші жаңа модель бойынша тиісті курстардан өтіп жатыр, олар тәрбиелеу сапасын жақсартады», – деді бірінші вице-министр.
Балабақша «армиясы» миллионға жуықтады Елдегі демографиялық дүмпу шамалы баяулағанымен, жалғасып жатқанын ескерсек, онда бұл орындар да жетпеуі мүм­кін. Өйткені балабақшалардың қазіргі саны азаттық алған тұстағы көрсеткіштен енді асты. Ресми статистикаға жүгінсек, кеңес заманында Қазақстанда 7 жасқа дейінгі балалардың шамамен 70%-ы мек­тепке дейінгі тәрбиемен қамтылыпты. Сонымен, Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы республикада 8 743 балабақша болды. Ізінше елде алапат «оңтайландыру» науқаны басталып, олардың жартысынан астамы немесе 4 868-і жекешелендірілді. Үлкен бір бөлігі қаңырап бос қалды, мүлкі тоналды, құрылыс материалдарына тара­тылып, күйреді. Салдарынан, ел 90-шы жылдардағы зұлмат дағдарыстан құтылып, есін жинап, еңсе тіктей бастағанда, 2000 жылға қарай бүкіл елде бар-жоғы 1 144 балабақша қал­ғаны анықталды. Осыдан кейін респуб­ликаның мектепке дейінгі білім жүйесі қайта жандана бастады: балабақшалар саны өсті. Аз-аздап, әр жерде мини-ор­та­лықтар, дамыту орталықтары, мектеп-ба­лабақша сияқты мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған ұйымдардың жаңа түрлері ашылып, іске кірісті. Нәтижесінде, «Балапан» бағдарламасы әзірленген 2009 жылы Қазақстанда 4 972 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеді, оның 2003-і – балабақша болды. Мектепалды жастағы балақайлардың небары 38,7%-ы немесе 373 160 бүлдіршін балабақшаға барып жүрді. Балабақша кезегінде тағы 260 мыңнан астам бала тұрған. балабақша Содан бері не өзгергенін білу үшін Ұлт­тық статистика бюросының жаңа мәлі­метіне үңілген жөн. 2021 жылдың қоры­тындысында мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 871-ге жетіпті. Оның ішінде 40%-ы – қалаларда, басым көпшілігі, 60% – ауылдық жерлерде орналасқан.
«Меншік нысаны бойынша оның 5 898-і немесе 54%-ы – мемлекеттік, 4 973-і не 44%-ы – жекеменшік. 2011 жыл­дан бері жекеменшік нысандағы мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 есе өсті: бұрынғы саны 444 қана болатын. Ал соңғы 10 жылда мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың саны 211 бірлікке ғана кө­бейді», – деп мәлім етті Ұлттық статбюро.
Мемлекеттік балабақшалардың көп өспеуіне олардың қарқынды түрде жеке­шелендірілуі себеп. Мектепке дейінгі ұйымдарға, балабақ­шаларға қазір миллионға жуық, 922 мың бала барады. Оның басым бөлігі әрқай­сысында 2 миллионнан аса тұрғыны бол­ған қос өңірге – Түркістан (158 мың) және Алматы облыстарына (109 мың) тиесілі. Биыл балабақшаларда қаздай тізіліп, қол ұстаса жүретін балақайлар саны мил­лионнан асып жығылуы тиіс. Яғни, «Балапан» бағдарламасы ая­сында билік балдырғандарды тегіс бала­бақшамен қамту міндетін шеше алмаға­нымен, осы салада қалыптасқан ауыр ахуалды біршама түзей алды: қамту көр­сеткіші 38,7%-дан 88%-ға дейін жоғары­лады. Жүз пайыз қамту жоспары Тоқаев қойған міндет аясында жүзеге асырылуы мүмкін. Ұрпақтың білімі – ұлттық қауіпсіздік ұстыны Бірақ бұл мақсат-мұрат үдесінен шығу үшін, салаға жауапты меморганның тұ­жырымдауынша, мемлекеттік балабақша­ларды жекешелендіруді тоқтату керек. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі «Кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Меморганның дерегінше, қазіргі кезде мемлекеттік әлеуметтік білім беру объек­тілерін мемлекеттің иелігінен шығаруға заңнамалық деңгейде тыйым салынбаған. Осыны пайдаланып, жергілікті әкімдіктер жекешелендіру жоспарын орындау үшін балабақшаларды жеке секторға беруде белсенділік танытып жатыр. Ал бұл – анау-мынау емес, тікелей ұлттық қауіп­сіздікке төнген қауіп саналады. «Қазақ­стан­ның ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңы­­ның 6-бабының 1-бөліміне сәйкес, «елдiң бiлiм және зияткерлік әлеуетiнің деңгейі мен сапасының төмендеуі» ұлттық қауіпсіздікке төнген негізгі қауіп-қатердің бірі болып есептеледі.
«КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған соң Қазақстанда жекешелендірудің бірнеше толқыны өтті. Еліміздің барлық ауданы мен қаласында жүрген жекешелендіру мен оңтайландыру науқаны білім беру жүйе­сінің нысандарына жойқын соққы берді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 90-жылдардың басында жұмыс істеген 652 балабақшаның 2000 жылға қарай 10-ы ғана қалды. Нәтижесінде балабақшалар желі­сінің тек 13% сақталды. ОҚО-да 191 балабақша жеке қолға көшкен соң, тұрғын үйге айналған. Сондай-ақ 56 балабақшада басқа оқу орындары, мектеп, колледждер орналастырылған. 38 бақша ғимаратына әртүрлі мемлекеттік орган кірді. Ал бір ғана Семей қаласында 90-шы жылдары 200-ден астам балабақша ғимараты са­тылды немесе сенімгерлік басқаруға бе­рілді», – деп еске салды Оқу-ағарту ми­нистр­лігі.
Қолданыстағы Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, әкімдер 2025 жылдың соңына дейін тағы 670 нысанды сатуды немесе сенімгерлік басқаруға бе­руді жоспарлауда. Сондықтан министрлік жаңа заң жобасында мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру объектілерін «иеліктен шығаруға, яғни жекешелендіруге жатпайтын объектілер тізбесіне енгізуді» қарастырды. Заң қабылданса, балабақ­ша­ларды жекешелендіруге тыйым салынады. Педагогика ғылымдарының кандидаты Евгения Скрипникова Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі 90-шы жылдармен салыстырғанда көш ілгері екенін айтады.
«Бұл мәселе баласы, немересі бар, сон­дай-ақ қоғамның дамуы мен ұлт тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандыққа қатысты. Сондықтан Президенттің мек­теп­алды жастағы балаларды тәрбиемен және біліммен толық қамту бастамасы тек қолдауға лайық. Бірақ салада проблема көп. Халықтың тұрмысы, төлем қабілет­тілігі төмендегендіктен, балабақшалар ақы­­ны көп көтере алмайды. Мұндай ұйым­­дардың рентабелділігі, табыстылығы аз. Сала мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Сонымен бірге халықтың мемлекеттік бала­бақшаларға деген сұранысы артады», – деді сарапшы.
Тиісінше, мемлекеттік балабақшаларды жекешелендіруге тосқауыл қою орынды. Бүгінде 5 мыңға жуық қана жекеменшік мектепке дейінгі ұйым бар. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған балабақшаларды аккредиттеу және лицензиялау бастамасы олардың көбінің жабылып қалуына соқ­тыруы мүмкін еді. Сол себепті Президент бұл бастаманы бұғаттап тастады. Оның орнына педагогтерді, тәрбиешілерді лицензиялау енгізілуі мүмкін.
Педагог «Білім туралы» заңының 8-бабына сәйкес, мемлекет Қазақстан азаматтарының тегін мектепалды білім алуына кепілдік беретініне назар аудартты: «Бірақ балабақшадағы орынға әркім кепілді түрде қол жеткізе бермейді. Қазір ата-аналар туа сала, баласын балабақшаға тіркейді. Алайда жергілікті биліктер аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мемлекеттік қызметкерлердің балаларына бірінші кезекте орын тауып беруді басым­дық санайды. Балалардың үлкен бөлігі кезек жетпегендіктен, ата-анасының қал­тасы көтермегендіктен, балабақшаға бармаған күйде мектеп табалдырығын аттайды», – деді Е.Скрипникова.
Бұл бірнеше кесірлі салдарға соқты­рады. Біріншіден, оқу үлгерімі нашар балалар көбейеді: жыл сайын ауыл мек­тептерін кем дегенде 70 мың бала бітіреді. Соның шамамен 25 мыңы ғана «жақсы» және «үздік» бағамен аяқтайды екен. Яғни, 64 пайыздан астамының білім нашар. Екіншіден, жас отбасылардың бала сүюді кейінге ысыра беруінің немесе бір баламен шектелуінің бір себебі де балабақшаларда орынның жетіспеуінде жатқан көрінеді. Үшіншіден, орын тапшылығы жемқорлық­қа өріс ашты. Қазіргі кезде балабақшаға тұру үшін не әкімдікте, билікте туысың, танысың болуы керек немесе бірқатар ба­ла­бақ­шаның басшысына «кіру жарнасын» төлеу қажет екені жасырын емес. Қалай болғанда, егер алдағы 7 жылда қазақстандық балдырғанның бәрі бала­бақшамен қамтылса, жас ұрпақтың білім деңгейі көтеріледі, коррупцияның өрісі тарылады, ал ата-аналар жұмыс істеуге мүм­кіндік алып, отбасылардың ауқаты артады деп үміттенуге негіз бар. Әйтпесе, ар­зан мемлекеттік балабақшада орын бол­май, бала бағудан жұмысқа шыға ал­май, қамалып отырған көпбалалы және жал­ғызбасты аналардың әкімдіктерге ша­ғы­мы еш толастамайды.