Түркістан қаласында екі күн қатарынан ауқымды спорттық шаралар болып өтті. Оның бірі – алғаш рет өткізілген қазақтың ұлттық күресінен Turan Barysy Азия кубогы.
Айтулы шара Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, Qazaq kuresi ассоциациясы, Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтті. Турнирдің бас серіктестері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».
Olympic center спорт сарайында өткен жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғыз, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысты. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан төріндегі жарыстың маңызына тоқталды. Министрлік тарапынан ұлттық спортты дамыту шараларына қолдау әрдайым жалғаса беретінін жеткізді. Ал, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды спортшылар мен жанкүйерлерді құттықтап, аты айтып тұрғандай Turan barysy додасында түркі әлемінен жиналған балуандардың бағы Түркістанда жануына тілектестік бідірді. «Бұл Азия кубогына 6 елден ең мықты балуандар келді. Өздеріңізге белгілі, ұлттық спортымыз – қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем Барысы» додалары да бүгінде көрермен көзайымына айналып отыр. Қасиетті Түркістан қаласында ересектер арасындағы қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия кубогы болып жатыр. Біз ұлттық спортымызға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз», – деді облыс басшысы. Сонымен бірге, бұл додалар халық арасында саламатты өмір салтын насихаттауға серпін беретінін, спорттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосатынын жеткізді.
Додаға түркі елдерінің ең мықты спортшылары қатысты. Олардың арасында қазақ күресі мен қоса дзюдодан, самбо мен кураштан халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар бар. Әзірбайжан құрамасы атынан самбодан екі дүркін әлем чемпионы Эйваз Бақшиев (60 кг) бақ сынаса, Мажарстан құрамасы сапында дзюдодан Еуропа чемпионы Эндре Гунич (82 кг), дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Барна Бооур (+90 кг) Азия кубогында жеңіс тұғырынан көрінуге үмітті. Ал түркиялық Фуркан Гүнер – дзюдодан Еуропа чемпионы атанған мықты спортшы.
Қазақ күресінен өтіп жүрген халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүрген өзбекстандық құрама сапында кураштан әлем чемпионы Умид Есанов (82 кг), кураштан әлем чемпионы, дзюдодан Азия чемпионы Еркін Козоков (90 кг), кураштан үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (+90 кг) бар. Сонымен бірге қазақстандық балуандардан да үміт мол. Қазақстан сапында 90 келі салмақта белдескен Айдарбек Тоқтарбек 2021 жылы қазақ күресінен әлем чемпионы атанды. 90 келіден жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің 2021 жылғы күміс, 2022 жылғы қола жүлдегері.
Дүбірлі сында балуандар екі топқа бөлініп, айналмалы жүйеде күресті. Екі топтан іріктелген Әзірбайжан, Қырғыз, Өзбекстан, Қазақстан құрама командалары жүлделі орындарға таласты. Әзірбайжан елінің балуандарын қапы қалдырған қырғыз өрендері қола жүлдені иеленді. Ал тартысқа толы күрес бәсекесінің ақтық айқасы Қазақстан құрамасы мен Өзбекстан елінің балуандары арасында өтті. Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есебімен Қазақстан балуандары жеңіске жетіп, Turan Barysy додасының жеңімпазы атанды.
Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған команда 10 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, екінші орынға – 6 000 000, үшінші орынға – 4 000 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Ал, қасиетті қалада екінші күні Turkistan Marathon–2022 марафоны өтті. Саламатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау барысында өткізілген жарысқа еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелден келген 2 мыңнан астам спорт жанкүйерлері қатысып, бақтарын сынады.
Almaty Marathon ұйымдастырушыларымен Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізілген эстафеталық сайысқа Қазақстанның 12 облысынан және шет мемлекеттерден қатысушылар да ниет білдірген. Таңмен таласа оянып жүгіруге келген спорт әуесқойлары үшін үлкен жүгіру старты калоритті этностильде ұйымдастырылды. Спорттық додаға қатысқан 2000-нан астам марафоншы төрт қашықтық бойынша яғни, 10, 21 және 42,2 шақырым жүгіріп өтті. Балалар 3 шақырым қашықтықты бағындырды.
Шара қорытындысы бойынша жүзден жүйріктер қаржылай сыйлыққа ие болды.
Түркістан облысы