Жаһандағы геосаяси жағдай сәт сайын құбылып тұрған қазіргі кезде ел қорғанысының бекем болмағы керек. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі шиеленістер мен қақтығыстар Қазақстанның да етек-жеңін жинақы ұстап, түрлі сын-қатерлерге қарсы тұрар қабілетке ие күштерді жасақтауға мәжбүр еткені рас. Солардың қатарына аумақтық қорғаныс әскерлері де кіреді. Биыл Қарулы күштер құрамына кіретін осынау құрылымдардың жасақталғанына 5 жылдан асты. Міндеті түрлі бөлімдер Ашығын айтар болсақ, аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндеттері мен атқарып жүрген қызметі жайлы қоғамда нақты түсінік қалыптаса қойған жоқ. Тіпті бұқара мұндай құрылымдардың бар екенінен де толық хабардар емес. Алайда 2017 жылдың 13 маусымында қол қойылған Қазақстан Республикасының «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 69-VI Заңына сәйкес аумақтық қорғаныс құралымдарына ҚР ҚК аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқару жөніндегі өкілеттіктері мен функциялары бекітілді. Осылайша, әр жылдың 13 маусымын аумақтық қорғаныс әскерлері өздерінің құрылған күні ретінде атап өтеді. Дегенмен «аумақтық қорғаныс» ұғымы еліміз үшін жаңалық емес. Мәселен 2005 жылдың 7 қаңтарындағы «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы күштері туралы» №29 заңда «аумақтық қорғаныс – Қазақстан Республикасының халқын, объектілерін және коммуникацияларын қарсыластың әрекеттерінен, диверсиялық актілерден немесе терроризм актілерінен қорғау, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін енгізу және қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асыратын іс-шаралар жиынтығы» деп көрсетілген. Кейін бұл ұғым Әскери доктриналарымызда да сипатталды. Бірақ сөз басында айтқанымыздай, арнайы әскер түрі ретінде жасақталғанына көп болған жоқ. Сөйте тұра, осы күнге дейін атқарған қызметі аз емес. Бейбіт күнде апат зардаптарын жоюға қатысады Жуырда Қостанай облысында орын алған өрт дүйім елді алаңдатқаны мәлім. Жағдай күн санап ушығып, орманды, далалы жерді жалмаған өртпен алысуға төтенше жағдай қызметкерлері ғана емес, бүкіл күш құрылымдарының бөлімшелері жұмылды. Міне, осындай төтенше жағдайдың зардабын жоюда аумақтық қорғаныс әскерлерін де тікелей жүктелетін міндеттер бар. Бір сөзбен айтқанда, аумақтық қорғаныс әскерлері елде қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, оқиға орнынан табылатын күштердің қатарына кіреді. 2020 жылы короновирус пандемиясымен күрес кезінде әскери міндеттілердің арнайы жиыны өтіп, алғаш рет аумақтық әскерлер осындай шараларға қатысқан болатын. Сол күрделі сәтте резервтегілер арасында жиын өткізіліп, оған жалпы саны 1 625 әскери міндетті келіп қатысты. Өз еркімен пандемия кезінде елге көмек көрсетуге ниет білдіргендер саны 3 000-нан асты. Осы кезде әскери міндеттілер жедел штабта, тосқауыл бекеттерінде, патрульде, медициналық мекемелерде қызмет атқарды, дезинфекция жүргізіп, ұтқыр топқа бөлінді. Тек пандемия кезінде емес, Түркістан облысындағы су тасқыны салдарын жоюға да қатысты. Жалпы осындай шараларда аумақтық әскерлерге жүктелген барлық міндеттер орындалды. Ал Қостанай облысында болған өрт кезінде де сол өңірдің аумақтық әскерлерінен 45 адам өртті сөндіруге белсене қатысып, тілсіз жаудың бетін қайтарды. Бұл әскерлердің төтенше жағдайға қол ұшын беруге үнемі әзір екенін көрсетеді. Алайда төтенше жағдайларда әрекет етіп, түрлі апаттардың зардабын жою, оқыс оқиғалардың алдын алу, пандемияның таралуына жол бермеу тәрізді іс-шараларға қатысқанына қарап аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндеті төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысын қайталайды деген ой туындамауы керек. Іс жүзінде аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Қазақстан қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатындай аумақтық қорғаныстың пәрменді жүйесін ұйымдастыруға айрықша мән беріп келеді. Әрі бұл аса күрделі міндеттердің бірі. Соңғы жылдары болған оқиғалар мен әскери қақтығыстардың сипаты елдің тұтастығы мен егемендігін сақтау жалпыхалықтық сипатта болуы тиіс екенін көрсетті. Ал аумақтық қорғаныс жүйесін нығайту бұқара мен Қарулы күштердің тізе қоса әрекет етуіне мүмкіндік беретін тиімді тетік. Әлемде бар тәжірибе Қазір әлемдегі ахуал күрделеніп бара жатыр. Қазақстан орналасқан Еруазия құрлығының әр жерінде әскери қақтығыстар болып жатыр, терроризм қаупі де сақталған. Оның үстіне, бірқатар өңірлердегі қақтығыстар елдің түрлі нысандары мен елді мекендерін қорғайтын әскерлер әр аумақта болуы тиіс екенін көрсетті. Содан да болар, көптеген мемлекеттердің армиясында аумақтық қорғаныс әскерлері бар. Мұндай елдердің қатарына Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Италия, Литва, Латвия, Нидерланды, Норвегия, Польша, Франция, Швеция, Финляндия, Беларусь, Украина және тағы басқа мемлекеттер кіреді. Бұл елдердің азаматтары өздерінің осындай әскер түріне қарайтынын мақтан тұтып, жүктелген міндетті бұлжытпай орындауды борышым деп санайды. Қазақстан да аумақтық қорғанысты ұйымдастыруда шет елдердегі осы тектес әскер түрлерінің ұрыс тәжірибесін ескерді. Мәселен, Украинаның аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің соңғы кездегі ұрыс қимылдарын ауыз толтырып айтуға болады. Әрине, Қазақстан түрлі жанжалдардан аулақ болып, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға қажет барлық тетіктерді пайдаланатын мемлекет. Бірақ «сақтансаң – сақтайды!» қағидасы ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені елге қауіп төндіретін факторлар тікелей әскери соққы ғана болмауы мүмкін. Түрлі апаттар, диверсия, терроризм, гибридті күрес тәсілдері дейсіз бе, төнуі мүмкін қауіп көп. Ал мұндай сын сағатта аумақтық қорғаныс әскерлеріне стратегиялық объектілер мен әскери, сондай-ақ азаматтық инфрақұрылымды қорғау, аумақтық қорғанысты жүргізу, қарсыластың диверсиялық-барлау күштерімен күресу міндеттері жүктеледі. Барлық аймақта арнайы жасақталған бөлімдер бар Қазақстанның әр облысында сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында аумақтық қорғаныстың 20 бөлімшесі орналасқан. Яғни елдің бүкіл аймағында бейбіт уақытта қысқартылған құрамда жұмыс істейтін бригадалар бар, ал елде төтенше немесе соғыс режимі енгізілген жағдайда бұл бригадалардың құрамы резервтегілер санымен ұлғайтылады. Жұмылдыру кезінде аумақтық қорғаныс әскерлеріне Қазақстан Қарулы күштерінің Бас штабы басшылық етеді. Бұл ретте, Бас штабтың құрамындағы Аумақтық қорғаныс әскерлерінің департаментіне ерекше жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Соғыс жағдайында елді мекендерді, маңызды объектілер мен коммуникацияларды күзету және қорғауды, қарсыластың диверсиялық-барлау күштерімен күреседі, төтенше немесе соғыс жағдайы режимдері енгізілгенде іс-шараларды орындайды, жау ұрыс жүргізіп жатқан аумақта соғысқа қатысады. Бұл құрамаларды жауынгерлік әзірлікте ұстау мақсатында бөлімшелер арасында жыл сайын оқу-жаттығулар үздіксіз өткізіліп тұрады. Биыл да аумақтық әскерлер «Батыл тойтарыс–2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. 11-22 сәуір аралығында әскери міндеттілерді әскери жиынға шақырып, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарының, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық қорғаныс бригадаларының бөлімшелері тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жасады. Одан өзге қыркүйек айының ортасында «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі «Бекет» ведомствоаралық оқу-жаттығуында аумақтық қорғаныс бөлімшелері стратегиялық объектілерді күзету және оларды қорғау шараларын жүзеге асырды. Ел іргесі берік болуы үшін аумақтық қорғаныс әскерлері кез-келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын болуы үшін үздіксіз дайындық үстінде жүретіні анық.
Қарлығаш АҚЫЛБЕК