Бауыржан Тұманбаев: 1000-ға жуық спорттық нысан бар
Бауыржан Тұманбаев: 1000-ға жуық спорттық нысан бар
Саламатты өмір салтының негізгі бөлігі саналатын спорт­тың адам өміріне пайдасы зор екені белгілі. Соңғы жылдары бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп те келеді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған өз Жолдауларында бұл тақырыпқа айрықша тоқталып, халықтың денешынықтырумен және спортпен шұғылдануына баса назар аударады. Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласындағы осынау салада едәуір ілгерілеушілік бар. Бірақ соған қарамастан бұл салада қоғамдық пікір туғызған атшабар мәселесі, «Арт-спорт» аясындағы айқай да республика көлемінде резонанс тудырды. Біз Шымкент қаласы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаевтан осы және басқа да өңірдегі сала жұмыстары төңірегінде сұраған болатынбыз.

ArtSport бағдарламасы бойынша 20 өңірдің 19-нан шу шыққан

– Бауыржан Құлмұхамедұлы, өзіңізге белгілі, мәдениет және спорт секциялары бойынша жан басын қаржыландыру жобасы өткен жылдан бастап жүзеге асып келеді. Алайда осы жобаның басынан «бұлт» кетпей-ақ қойды. Балаларға арналған спорт пен шығармашылықты қаржылан­дыру­ды жүзеге асыратын ArtSport бағдарла­масының тығырыққа тірел­генін жиі естиміз. Барлық өңірде мем­лекеттен тапсырыс алып, бала­ларды баулып жүрген кәсіпкерлер тиісті қаржысын ала алмай облыс, қала әкімдіктерінің, тіпті министрлік ғимаратының алдына да барып нара­зылыққа шықты. Әр өңірде осы бағдарламаға жауапты кейбір лауа­зым­ды тұлғалардың мил­лиондап қар­жы жымқыру деректері анықтал­ды. Шымкент қаласында да жақында бір топ кәсіпкер әкімдіктің алдына жиналып, тиісті қаржысын төлеуді талап етті. Осы жайында не ай­тасыз, бұл дауға сіздердің де қатыс­тарыңыз бар ма? – Иә, сұрағыңызға түсініп отыр­мын. Бүгінде қоғам алдында бала­лардың бос уақытын дұрыс ұйым­дас­тыру мәселесі тұр. Бұл – Мем­лекет басшысының бастамасы. Алай­да, өкінішке қарай жап-жақсы бас­талған жобаның бір жүйеге түс­пей сиырқұйымшақтанып кеткені жасырын емес. Бірақ біз осы тұста, өзімізге қатыстыны ғана сөз еткені­міз дұрыс болар. Иә, бізде проблема жоқ десе де болады. Мақтанарлығы, спорт саласы бойынша 20 өңірдің 19-ында арагідік мәселе туындап қалғанымен, дәл Шымкентте спорт саласында бірде-бір шу шыққан емес. Әрине, мәдениет саласындағы дауға біздің қатысымыз жоқ. Ең бастысы, біздің мамандар жоба басталған өткен жылдың екінші жар­тыжылдығынан бастап өз жұ­мысын жоспарлы түрде, тиянақты атқарып келеді. Былтыр бұл жобаға жергілікті бюджеттен 439 млн теңге қаралып, 54 кәсіпкер 12 474 баланы спортпен тұрақты шұғылданып тұрды. күрес Ал биыл спорттық тапсырысты іске асыруға 2 млрд 323 млн теңге бағытталып, 14 мың баланы қамту жоспарланған болатын. Бүгінде 1 205 кәсіпкерден өтініш түсіп, оның 103-і біліктілік іріктеуден өтті. Осы­лайша, 15 161 баланың ата-анасы­мен келісімшарт жасалды. Шүкір, қазір балалар баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, каратэ, таэквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол, шахмат, көркем гимнастика, волейбол, пауэрлиф­тинг, қазақ күресі және футзал, теннис спорт түрлерінен жаттығып жүр. Енді тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға пауэр­ли­фтинг, үстел теннисі, тұрып ой­найтын волейбол және футбол 7х7 спорт түрінен секциялар ашылып жатыр.   Осы жоба аясында 264 жат­тықтырушы мен 150-ге жуық бас­қа да қызметкерлер жұмыспен қам­­тылды. Келер жылы 18 мың бала­ны қамтуды жоспарлап отыр­мыз. – Мүгедек балаларды спорттық секциямен қамту бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтып қалдыңыз. Жалпы, Шымкент қаласында осын­дай мүмкіндігі шектеулі спортсүйер жандарға қандай жағдай жасалған? – Мүмкіндігі шектеулі жандар ара­сында олардың тұрақты түрде денешынықтырумен және спортпен айналысуына мүмкіндік жасау үшін құрылған Шымкент қаласының мүгедектерге арналған спорт клубы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда 400-ге жуық спортшы спорттың 18 түрімен шұғылданады. Клубтағы паралимпиалық, сур­долимпиалық және паралимпиалық емес спорт түрлері мен спешиал олим­пикс бөлімдерінде тірек-қи­мыл мүшелері зақымданған, есту қабілеті бұзылған, көру қабілеті нашар және ақыл-ойы бұзылған жандар спорттың бірнеше түрімен айналысады. Оларға ҚР Еңбек сіңірген және Халықаралық дәре­жедегі спорт шебері сияқты 23 жат­тықтырушы сабақ береді. 57 Ұлттық құрама командасындағы спорт­шылар бар. «Мүгедектерге арналған спорт клубы» бүгінге дейін ХДСШ-9, ҚР СШ-55, ҚР СШҮ-83, І са­нат-19, ІІ санат-21 және 9 ІІІ санат дайындады. 17 үздік спортшыға республикалық және қалалық сти­пендия қарастырылған. Спортшы­лар Әлем, Азия және де түрлі халық­аралық, сонымен қатар Қазақ­станның жарыстарында жүлделі орындарға ие болуда. Мәселен, биыл 1-15 мамыр күн­дері Кашиас-ду-Сул қаласында /Бразилия/ өткен ХХIV Сурдолим­пиада ойындарына еркін күрестен 70 келі салмақта Рсалы Сабыржан және 65 келі салмақта Пернеш Шадияр қатысып, Рсалы Сабыржан 2-орын, Пернеш Шадияр 5-орынды жеңіп алды. Жеңіспен оралған Рсалы Сабыржанға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Ай­та кетейін, Рсалы Сабыржан соны­мен бірге, ҚР чемпионат­тары­ның бірнеше дүркін жеңімпазы, ҚР Спартакиадасының қола жүлдегері, 2016 жылы Саха, Якутия «Дети Азии» ойындарында екінші орын, 2018 жылы Ресейде өткен Әлем чемпионатында жасөспірімдер ара­сында 2-орын, 2021 жылы Түр­кияның Ыстанбұл қаласында өткен Әлем чемпионатында 1-орындарға ие болды. Ол күреспен 12 жасынан бастап айналысады.

Үшінші мегаполисте спорттың 71 түрі дамытылады

– Шымкент қаласында бұдан бөлек қанша спорттық ұйым бар? Бұқаралық спорттың дамуы спорттық инфрақұрылымға тікелей қатысты екені белгілі. Шаһарда бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлінген? – Спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Билік тарапынан осынау салаға зор көңіл бөлініп, әрдайым мемлекеттік маңызы бар бағыттар санатына қосылып келеді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқа­ралық спортты дамыту мәселесіне де назар аударған болатын. «Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қам­та­масыз ету керек. Бұқаралық спорт­­ты дамыту пирамидаға ай­налуы қажет», – деген Мемлекет бас­­шысы бұқаралық спортты дамы­туға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керек екенін айтқан бо­латын. Бүгінде бекітілген кешенді жос­пар аясында бірқатар шара ат­қарылып жатыр. Шымкентте жұ­мыс істеп тұрған 34 спорттық ұйымның 29-ы мемлекеттік болса, 5-еуі мемлекеттік жекешелік-әріп­тестігі аясында құрылған. Мұнда 17 944 спортшыға 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізеді. Аталған мекемелерде спорттың 71 түрі дамытылады. Оның 38 – олим­пиадалық, 24 – олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері бар. Жалпы, қалада денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде 400 мың­нан аса адам шұғылданады. ипадром құрылысы Басқармада спортшыларды дайындау сапасын арттыру және бұқаралық спортты дамыту бойын­ша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл шараның барлығы Қа­зақстан спортының әлемдік дең­гейдегі бәсекеге қабілеттілігін кө­теру­ге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағыт­талуда. Қазір қала бойынша спорт­тық нысандар саны 933-ке жетті. Стадиондар мен спорттық кешен­дер­ді айтпағанда, есу базасы, ату тирі, ату алаңы, хоккей корты, тен­нис корттары, ипподром, жүзу бас­сейндері мен спорттық құрылғылар сияқты ғимараттар тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Биыл бюд­жет есебінен қаламызда 3, жеке инвесторлар арқылы 4 спорт ныса­нының құрылыс жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. – Шымкент қаласындағы ип­подром орнына көпқабатты тұрғын үй кешенін салу туралы ақпарат сәу­летшілер мен тұрғындардың наразы­лығына тап болып, жыл бойы үлкен дауға айналғанын білесіз. Ал ип­подром орнына тұрғын үйді салатын компания заманауи, талапқа сай атшабар салып беруге уәде еткен. Құрылыс уәде етілгендей жүргізіліп жатыр ма? – Маман ретінде айтарым, жаңа атшабар өте мықты нысан бо­латынына көз жеткізіп отырмын. Ертең құрылыс жұмыстары толық біткен соң халықтың да көзқарасы өзгереді деген сенімдемін. Бүгінде жоспарланған макеттегідей келе­шек­те халықаралық жарыстар өт­кізе алатындай талапқа сай құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Әкімшілік ғимараттар, жаттығу залдары да бар. Жобалық құны 3,8 млрд теңге бола­тын жаңа ипподром құрылысын BI Group компаниясы жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін бітіру жоспарланған. Бүгінде әкімшілік ғимарат қаңқасы тұр­ғызылып, іргетасы қаланды. Три­бунаның шатыры орнатылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жазғы ат­қора толығымен бітсе, қысқы ат­қораның құрылыс жұмыстары аяқ­талуға таяу. Ал конкур, көкпар, бәйге алаңы тегістеліп, арнайы тө­сенішін төселуде. Енді инженерлік жүйе жұмыстары, жабық конкур ма­нежінің құрылысы, ферма салы­нып жатыр. Бұйырса, келер жылдың Наурыз мерекесін дүркіретіп өт­кіземіз деп отырмыз.

«Жастар лигасына» қызығушылық артып келеді

– Бауыржан Құлмұхамедұлы, Шымкент жастары негізінен спорт­тың қай түріне көбірек бейім? Соны­мен бірге биылғы Балалар жы­лына қандай үлес қосып жатыр­сыздар? Мектеп оқушылары арасын­да өтетін Жастар лигасының да ау­қымына тоқталсаңыз... – Қазір біздің жігіттер спорттың барлық түріне ден қойып келеді. Әсі­ресе, бокс, грек-рим күресі, ка­ратэ, дзюдо, оқ ату, байдарка мен ка­ноэда ескек есу және көркем гимнастикадан да алда келеміз. Иә, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты қала­мыздағы мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және саламатты өмір салтын қалып­тас­тыру мақсатында Шымкент қала­сының төрт ауданында орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері аудан әкімдік­те­рімен бірлесіп, Аула чемпио­нат­­тары ұйымдастырылуда. Аталған спорттық іс-шараға 5-17 жас аралы­ғындағы балалар спорттың 6 түрінен (асық ату, ләңгі тебу, баскетбол до­бын торға түсіру, футбол қақпасына доп тебу, қыздар арасында скакалка­мен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру) сынға түсуде. Аула чемпионатында жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаға арнайы сыйлықтар үлестіріледі. Бүгінге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарындағы 48 спорт алаңшада Аула чемпионаттары өткізіліп, ондағы спорттық іс-шараларға 3 600-ден астам бала қатысты. көркем гимнастика Одан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында 2022 жыл­дың мамыр айынан бастап «Қол­жетімді спорт» жобасын Шымкент қаласында іске қосты. Қаладағы 4 саябақта іске асырылып жатқан жобада 12 жаттықтырушы спорттың 4 түрінен (скандинавиялық жүріс, үстел теннисі, каратэ, фитнес) қала тұрғындарымен жаттығу жұмыс­тарын жүргізеді. Айта кетсем, жыл басынан бері қаламызда әртүрлі жас­тағылар арасында спорт түр­лерінен 29 қала чемпионаты өткі­зілді. Одан бөлек, 29 Қазақстан чем­пионаттары мен 9 респуб­лика­лық жарыс өтті. Теннистен ATP SHYMKENT CHALLENGER 80 ха­лықаралық турниріне 20 мемле­кет­тен 60 спортшы қатысты. Соны­мен қатар қала тұрғындары мен әртүрлі сала қызметкерлері ара­сында өткен 27 бұқаралық спорттық іс-шара 17 300 адам қамтылды. Осы тұста бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен жылдан басталған «Жастар лигасы» жоба­сына қызығушылық жылдан-жылға артып келе жатқанын айтқым ке­леді. Былтыр 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорт­тың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Жеңімпаз 4 командаға су жаңа шағын автобустың кілті табысталды. Олардың қатарында шахматтан жеңімпаз болып та­нылған Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі, баскетболдан М.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы, волей­болдан Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беру мектебі және футбол жарысынан топ жарған Ы.Алтынсарин атындағы №65 мек­теп-гимназиясы бар. Қазір келер жылы өткізілетін Шымкент жастар лигасының (ІІІ маусымының) ашы­лу рәсімі өткізіліп, спорт түрлері бойынша жарыстар ойын кестесіне сәйкес өткізіліп жатыр. Сонымен қатар қаламызда Қазақстан Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруы­мен республикалық Tartyl Fest тур­никте тартылу бойынша бесінші республикалық спорт фестивалінде шымкенттік Азамат Сапар турникте 41 рет тартылып, рекордты жаңарт­ты. Ал Спорт күні мерекесінде қала әкімдігінің қолдауымен «Брусья FEST» спорттық-бұқаралық фести­валі өтті. Спорттың брусьяда тар­тылу түріне Алматы, Қонаев, Тараз, Түркістан қалаларының тұрғындары келіп, бақ сынады. Шымкентте биыл 5-ші рет өткен жүгіру мара­фоны рекорд орнатты. 5 мыңға жуық қатысушының арасында 6 жас­­тағы баладан, 76 жастағы қа­рияға дейін болды. – Шымкент қаласы биыл Қа­зақстан, Азия және Әлем чемпионат­тарында жеңіске жеткен қандай жетістіктерімен мақтана алады? – Биыл қоржынымыз олжалы бол­ды десек те болады. Жыл басы­нан бері қала спортшылары спорт түрлері бойынша Қазақстан чем­пионаттарына қатысып, 491 алтын, 454 күміс, 470 қола медаль жеңіп алды. Ал Азия чемпионат­тарында 59 алтын, 34 күміс және 52 қоланы қан­жығамызға байладық. Әлем чем­пионаттарында қоржынға 31 алтын, 20 күміс және 18 қола медаль түсті. аула чемпионаты Сонымен қатар 2022 жылғы 12-23 мамыр аралығында Нормандия қаласында /Франция/ өткен Дүние­жүзілік гимназиада ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қа­тысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Ал 13-15 мамыр күндері Мальграт-де-Мар қаласында өткен /Испания/ Еуропа чемпионаттарына комбат дзю-дзюцудан (фул контакт, клосс контакт) 2 спорт түрінен 10 спорт­шымыз қатысып, 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль қоржынға салды. Бирмингем қаласында /АҚШ/ өткен XI Дүниежүзілік ойындарына қатысқан 3 спортшымыз Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алса, құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадилов 7-орынды иеленді. 8-15 тамыз күндері Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынты­мақтастық ойындарына қаламыздан 12 спортшы қатысып, 5 алтын мен 4 қола медальді алып қайтты. Осы уақытқа дейін 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 38 халықаралық дәре­жедегі спорт шебері, 216 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 324 спорт шеберіне үміткер спорт­шылар дайындалды. Айта кетейін, Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық құрама сапына ересектер құрамасына 416, жастар құрамасына 268, жасөспірімдер құрамасына 201 спортшымыз енген. Қазір 299 спортшыға ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. – Әңгімеңізге рақмет! Биіктен көріне беріңіздер!

Шымкент қаласы