БҚО-да дәрігер дәрі еккен сәби 10 минуттан кейін шетінеп кетті
БҚО-да дәрігер дәрі еккен сәби 10 минуттан кейін шетінеп кетті
Фото: astanatv.kz
744
оқылды
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының тұрғыны Еламан Орынбаев екі айлық сәбиінің шетінеуіне дәрігерлерді кінәлайды, – деп хабарлайды AstanaTV. Ал дәрігерлер сырқат балаға тиісті ем-дом жасағанын айтады. Еламан Орынбаевтың айтуынша, сол күні қызы қатты мазасызданып, шырылдап жылаған. Кейін анасы жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарыпты. Сәбиді рентгенге түсіргеннен кейін дәрігерлер «өкпесі қабынған» деген диагноз қойған. Осыдан кейін баланың дәріге аллергиясы бар-жоғын тексеріп, ине салыпты. Бірақ он минуттан кейін сәбидің халі нашарлап, шетінеп кеткен.
«Дәрігерлердің кінәсі бар деп ойлаймын. Педиатр «назначение» бергеннен кейін «уколдан» соң, үйіне кетіп қалған. Жүрекке массаж жасағанда қан жиналады ғой. Жарты сағат бойы жасаған. Соған экспертизада көрініп тұр дейді қан жиналған деп. Соны бізге баланы құлатып алған деп, жерге түсіріп алған дейді. Бірақ бізде бұл - екінші бала. Анасының кішкене болса да, тәжірибесі бар. Ондай ештеңе болмады. Сонда олар өздерінің кінәсін мойындамай тұр. Бізді кінәлап тұр», – дейді сәбидің әкесі.
Ал аудандық аурухананың басшысы тиісті ем-дом жасалғанын жеткізді. Сондықтан бұл жерде дәрігерді кінәлау бекер екенін жеткізді.
Бәйтерек аудандық ауруханасының бас дәрігері Темұр Мұсағалиев: «Сәбиге «кардиомеголия» деген диагноз қойылды, яғни жүрегі үлкейіп кеткен. Кейін тексерген кезде кенеттен өршіген әлдебір вирустың салдары болар деген ойға қалдық. Өйткені жүректің айналасындағы қабықша қанға толып қалған. Қанның қалай пайда болғаны түсініксіз. Қазір мамандар осыны анықтап жатыр. Бірақ нақты нәтиже әлі шықпады», – дейді.
Оқиғаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.