Жигули Дайрабаев экологияны қалпына келтіру туралы ұсыныстарын айтты
Жигули Дайрабаев экологияны қалпына келтіру туралы ұсыныстарын айтты
Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев Арал өңірі сайлаушыларымен кездесіп, ауданның  тыныс-тіршілігімен танысты. Кандидат жұртшылықпен тілдесе отырып ауыз су мәселесі жайлы сөз қозғады. Кездесу мемлекеттік қолдау шаралары көбіне жете қоймайтын өте күрделі және проблемалы аймақ орталығы Арал қаласында өтті. Кандидат жұртшылықпен, іскер адамдармен, кәсіпкерлермен кездесті. Жиында негізінен экологияны қалпына келтіру туралы ұсыныс, Арал проблемасы айтылды. Бір облыстың екі ауданындағы тұрғындардың талап-тілегі екі бөлек. Дарияның жоғарғы жағындағы шаруалар күріш шаруашылығын жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етуді сұраса, өзеннің төменгі сағасындағы  Арал тұрғындары мен экологтар суды аз тұтынуды талап етеді. Себебі су тапшы. Теңіз табаны тартылып барады, Аралдың екінші күре тамыры Әмудария құрғап кетті.
«Ауылдық елді мекендерді, сондай-ақ көптеген қаланы таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі «Ауыз су 2001-2010», «Ақ бұлақ 2011-2020» бағдарламасы бойынша қолға алынғанымен нәтижесі нөлге тең жобалардың бірі  болды. Жүздеген миллиард бюджеттік теңге құмға сіңген судай құрдымға кетті. Жазаланған шенеунік те жоққа тән. Мен халық қазынасына қол салғандардың жазасыз кетпейтініне уәде беремін», – деді сайлаушыларға жауабында Жигули Дайрабаев.