Қазақстанға азаптау мен қатыгездікке қарсы заң не үшін қажет?
Қазақстанға азаптау мен қатыгездікке қарсы заң не үшін қажет?
© parlam.kz
160
оқылды
Мәжілісте азаптау мен қатыгездікке қарсы заң жобасы қаралып жатыр. Онда «азаптау» түсінігі нақтыланып, заңнамаға алғаш рет «қатыгездік» түсінігі енгізілмек. Түзетулер жалпы алғанда алты бағытты қамтиды. Олар арқылы қылмыстық сот төрелігі саласындағы адам құқықтарын жүзеге асыру тетіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Жобаны Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркинаның жетекшілігімен жұмыс тобы қарап жатыр. Конституцияның 17-бабына сәйкес, ешкім қатыгездік немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынасқа немесе жазаға ұшырамауы тиіс. Дегенмен Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Айгүл Нұркинаның айтуынша, мұндай тұжырымдама қолданыстағы заңнамада бекітілмеген. Осыған байланысты түзетулерде жаңа қылмыс – қатыгездік немесе ар-намысты қорлайтын әрекет енгізіледі. – Бұл азаптау мен қатыгездік жағдайларын ажыратуға және осылайша БҰҰ-ның азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға қарсы конвенциясына жататын құқықбұзушылықтарды саралаудағы бар проблеманың алдын алуға, ұлттық заңнаманы соған сәйкес келтіруге, сондай-ақ конституциялық нормалардың талаптарын қатаң сақтауға мүмкіндік береді, – деді депутат. Бұрын сотталған адамдарды бірінші рет сотталғандардан бөлек ұстау бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.  Бұл ретте бұрын сотталғандар төтенше жағдайдағы күзет мекемелері  қайта құрылатын барынша қауіпсіздік мекемелерінде (ерекше режимдегі колониялар) болады. Сондай-ақ сотталған адамдардың денсаулығын сақтауды, ауыр сырқаттары болған жағдайда жазасын өтеп жүрген адамдарға ізгілікпен қарауды көздейтін жекелеген түзетулер енбек. – Соттар бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаған кезде мұндай сотталғандарды жазаны өтеуден босатуға құқылы. Бұл оларға азаматтық, медициналық мекемелерде уақытылы білікті ем алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыр сырқатына байланысты жазадан босатылған кезде сотталғандар сот отырысы залынан дереу босатылады, – деді А.Нұркина. Тағы бір түзету сотталған әйелдердің жаза мерзімі аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалғанда үш жасқа толған баланың анасымен бірге болу мерзімін ұзартуға бағытталған. Жұмыс тобы жетекшісінің айтуынша, бұл норма балалары бар сотталған әйелдердің әлеуметтік байланысын сақтауға, қылмыстық-атқару жүйесін құру кезінде балалар үйіндегі тәрбие процесі мен балалардың дамуын ұйымдастыруға жол ашады. Бұдан бөлек, дебюрократизация бағытында тергеу әрекетін бейнежазбаға түсіру кезіндегі егжей-тегжейлі хаттаманың орнына қысқаша хаттама жасау ұсынылады. Осы және өзге де түзетулерді депутаттар жұмыс тобында талқылап жатыр.