Теміртаулық әйел жасөспірім баланы гаражда қамап ұстаған
Теміртаулық әйел жасөспірім баланы гаражда қамап ұстаған
1,472
оқылды
Полиция 16 жасар баланы гараждардың біріне қамап асыраған әйелді ұстады. Жасөспірімнің осындай қатаң жағдайда өмір сүріп жатқанына Теміртаудың бір тұрғыны куә болған. Оның айтуынша, 16 жасар ер баланың дамуы тежелген, ешкіммен сөйлеспейді, жаза да, оқи да алмайды.
«Бала патронаттық тәрбиеде өсті. Оның туған ата-анасы қайда екені белгісіз. Сондай-ақ, асырап алған адамдарда баланы асырап алу туралы құжаттар мен туу туралы куәлік те жоқ. Сондықтан ол мектепке бармаған шығар. Олар балаға ие бола алмаған кезде гаражға қамап ұстады», - дейді Теміртау тұрғыны.
Бұл жағдай жаздың соңында тәртіп сақшыларына хабарланған. Қазіргі уақытта полиция жағдайдың егжей-тегжейін, баланың мұндай жағдайға қалай тап болғанын және баланың ата-анасы қайда екенін анықтап жатыр.
«Тамыз айының басында Теміртау қаласының полиция қызметкерлері диспетчерлік пунктке келіп түскен шақыру бойынша гараждардың бірінен қамауда отырған жасөспірімді тауып алды. Анықтай келе баланы мұндай жағдайда ұстап, асырап жүрген Теміртау тұрғыны анықталды. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 126 және 141-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптама жасалды. Тергеу жалғасуда», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.