Сенат Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді. Сапар барысында депутаттар арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру тетіктерін зерделеу мақсатында АЭА-ның бірқатар нысандарын аралады.
Сенаторлар еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды дамытуға және экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестиция тартуға бағытталған «Ақтау теңіз порты» АЭА барып, аймақтың хал-ахуалымен танысты. Ақтау экономикалық аймағы жалпы аумағы тоғыз субаймақтан және ауданы 2 140 гектардан тұрады. «Біздің келуіміздің мақсаты – арнайы экономикалық аймақ қызметімен танысу, құрылыстың аяқталмауы және инфрақұрылымды жүргізу, өңдеу өнеркәсібіне жеке инвестицияларды тарту деңгейі бойынша мәселелерді талқылау. Сондай-ақ арнайы экономикалық аумақтарында қолданыстағы және іске асырылып жатқан жобаларды қарастыру», – деді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Трұмов.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында АЭА жұмыс істеуінің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында салынған инвестициялардың жалпы көлемі 266,1 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде шетелдік инвестициялар 168,7 миллиард теңге көлемінде. Қазіргі уақытта аталған арнайы экономикалық аймақта 406,7 миллиард теңгеге өнім өндірілген. 1 780-нен астам жұмыс орны құрылып, салық төлемдерінің сомасы 54,2 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар «Арнайы экономикалық аймақтың экономикалық тиімділігі мәселелері бойынша» жиын өтті. Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, жергілікті билік органдардың басшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысып, пікірлерімен бөлісті. Жиында «Ақтау теңіз порты» АЭА қызметінің тиімділігі, оны дамыту мәселелері, оның ішінде АЭА қызметін реттейтін еліміздің заңнамалық актілеріне жоспарланатын өзгерістер талқыланды.
Өз кезегінде сөз алған депутат Серікбай Трұмов АЭА-ның Ақтаудағы мәселелеріне тоқталып өтті. «Бұл негізінен ресурсқа байланысты, яғни газ, су, осы жердегі кәсіпкерлерге жобалық-сметалық құжаттары жасақталуы үшін арнайы техникалық шарттар беру үшін мәселе бар. Содан кейін АЭА-ның жұмыс істеу уақытын ұзарту. АЭА-нің уақыты 2028 жылы аяқталады. Қалған бес жылда оған инвестиция тарту өте қиын. Олар ертең жеңілдік алады, салықтан жеңілдіктері бар. Егер біздің уақытымыз аз болатын болса олар келмейді. Сондықтан да мамандардың қозғап отырған мәселесі өте орынды. Екіншіден, порттардың жайы. Жүк айналымын Ақтау қаласы, Каспий арқылы Әзербайжан, Иранға, одан әрі Түркияға шығару үшін порттардың дамуы өте маңызды. Сондықтан біз көптен бері көтеріп жүрген Ақтау АЭА мәселесіне тек қана Сенаттың депутаттары ғана емес, орталық мемлекеттік органдардан, министрліктерден адамдар келіп отыр. Мұның барлығы зерделеніп, салықтан жалтаратын жайттардың барлығы экономикалық тұрғыда қаралып, республикалық бюджеттік комиссияға шығарылады», – деді Серікбай Трұмов.Сонымен қатар парламентшілер жол битумын өндіру жөніндегі кәсіпорынның жұмысымен танысты. Маңызды нысандар, оның ішінде «Құрық порты» ЖШС мен «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ да депутаттардың назарынан тыс қалған жоқ. Депутаттар сапарды қорытындылай келіп, комитет мүшелерінің өңірлерге сапарының қорытындысы бойынша «Арнайы экономикалық аймақтардың нақты жай-күйі және жұмыс істеуінің алдағы перспективалары» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өткізілетінін айтты. Жиында осы сапарда көтерілген барлық проблемалық мәселелер талқыға салынады.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы