Өлмеген құлға келді заң
Өлмеген құлға келді заң
787
оқылды
Қазақстандықтардың ел ішінде құлдыққа түсу оқиғалары ішкі істер органдарының мәліметтері мен жаңалықтарынан «жоғалып кетті». Тек Бахрейн, Корея сияқты бірқатар елде адам саудасына тартылған қазақстандықтар туралы хабарланды. Бірақ бұл осы қиын құбылыс елде түбегейлі жойылды деген сөз емес. Жарияланып отырған сала статистикасы құлдықта болған еркек пен әйел ғана емес, тіпті балалар да табылғанын көрсетті. Әділетті Қазақстанда мұндай әділетсіздікке тосқауыл қойылғаны жөн. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Қазақстан қара тізімнен құтылды Жасыратыны жоқ, 90-жыл­дары қылмыспен бірге «құлдық» та белең алып тұрған еді. Ауылдан қалаға табыс пен жұмыс іздеп кеткен біраз ер-азамат із-түзсіз жоғалып, кейін бірен-сараны арып-ашып, азып-тозып үйіне әрең оралды. Батыстағы ба­қуатты өмірге қызыққан, шет­елдік күйеу іздеген қыздар жат ­жұрт­­­қа әкетіліп, жезөкшелікке са­­лынды. БҰҰ дерегінше, пост­кеңестік ке­ңістікте Ресей, Украи­на және бірқатар ортаазиялық елдер қатарлы Қазақстан да же­ңіл жүрісті бикештерді Батысқа көп аттандыратын елдер қат­а­рына енді. Бұл жайында Қазақ­станда бірнеше деректі фильм, теле­бағдарламалар түсірілді. Ол заманда әскерге шақы­рылған жігіттер генералдардың коттедждерін тұрғызуға тегін жегілетін. Кейбір қолы мен ары таза емес әскери шенділер сол­даттарды топ-тобымен сатып, жалға беріп, заңсыз пайда таба­тынын ақпарат құралдары зерт­теп, әшкерелеп жүрді. Бүгінде бұл кесапаттардың көбі келмеске кетті. Құқық қор­ғау органдарындағы, күштік құ­рылымдардағы реформалар өз нәтижесін берді. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен адам күресімен, заманауи құлдықпен күрес күшейтілді. Қазақстанда жағдайдың беті бері қарағанын, ілгерілеушілік салмақты екенін жаһандық қауымдастық мойын­дады. Бүгінде Қазақстан құлдық­ты толық болмағанымен, белгілі бір деңгейде жеңе алған озық мем­лекеттер қатарында көрінеді. «Құлдықтың жаһандық ин­дексі» (Global Slavery Index) рейтингі дүниежүзіндегі 167 ел­дегі заманауи құлдықта тұрып жат­қан адамдардың санын баға­лайды. Соның нәтижесінде «за­манауи құлдықта тұрып жатқан тұрғындарының үлесі ең жоғары елдердің тізімі» түзіледі. Құл­дықпен және адам саудасымен күрес жөніндегі Walk Free Foundation сарапшылардың халық­аралық тобы түзген рейтинг осымен үшінші рет жарияланды. Онда бүгінде әлемде кемінде 45,8 мил­лион құл бары айтылады. Құл­дықтағы адамдардың 58%-ы бір­неше ғана елдің үлесіне тие­сілі екені көрсетілген, бұлар – Солтүстік Корея, Үндістан, Қы­тай, Пәкістан, Бангладеш және Өзбекстан. Қара тізімге сондай-ақ бірлі-жарым Африка елі, Ау­ғанстан, Сирия, Ирак және бас­қасы, негізінен кедей 21 мем­лекет енгізілді. Бұл тізімге күмән келтіруге де болатындай: онда Ла­тын Америкасы елдері, Афри­ка елдерінің көбі, тіпті Ресей жоқ. Amnesty International, Ха­лықаралық еңбек ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар дәл осы­ларда адамдардың еңбек және басқа құқығы аяқасты бола­ты­нын, адам саудасы қанат жайға­нын алға тартып, дабыл қағады. Шетелге кетіп, шерменде болды Қазір құқық қорғау органда­рының жаңалықтарымен таныс­қан адамда «басы саудаға түскен қазақстандықтардың көбі – шетелге шыққандар» деген теріс түсінік қалыптасуы мүмкін. Мы­салы, өткен жылдың соңында шымкенттік банданың 13 мүшесі қазақстандық қыздарды Бах­рейнге сексуалды құлдыққа жол­дап отырғаны үшін сотталды. Қылмыстық топтың лидері 14 жылға түрмеге қамалды, қалған мүшелері 1,3 жылдан 12 жылға де­йін бас бостандығынан айы­рылды. Сондай-ақ Кореяға ба­рып, тән аздырар, жүйке тозды­рар ауыр жұмысқа жегіліп, еңбекақысын ала алмай, тағдыр тауқыметін тартқан Қазақстан азаматтарына қатысты жанжал туды. Биылғы тамызда Анель есімді азаматша Лаоста еңбек құлдығына тап болғанын мәлім­деп, Қазақстанның ресми орган­дарының көмегімен елге оралды. Дегенмен Ranking мони­то­ринг агенттігі сарапшыларының байламынша, құлдыққа түсіп қалған әрбір 5 қазақстандықтың 4-еуі Қазақстанның өзінде бо­лыпты. Тағы 5%-ы – Ресейге, 4%-ы Біріккен Араб Әмірлік­теріне барғандар. Шетелде құл­дыққа түскен қазақстандықтар санының аз болуына олардың көмек сұрап, құзырлы органдарға жүгіне бермейтіні себеп сияқты. Полицияға барса, бұрынғы қо­жайындары тауып алып, жаза­лайды деп қорқатын болса керек. Сонымен бірге сарапшылар Қазақстанда негізінен шетел­діктер, соның ішінде Орталық Азия елдерінің азаматтары құлдыққа түсетінін жеткізді. Адам саудасы деректерінің жаһандық орталығы (Global Data Hub on Human Trafficking) мә­ліметінше, 2005 жылдан 2021 жыл аралығында осы аймақ рес­публикаларының 6 мыңнан ас­там тұрғыны аймақтың өз ішінде және шетелде сексуалдық, еңбек және басқа түрдегі құлдықта бол­ған. Осы кезеңде құлға айналған қазақстандықтардың саны – 691 адам. Бұл әлемдегі адам саудасы құрбандарының жалпы санының 0,66%-ына тең. Қырғыз Республикасының – 2 259, Өзбекстанның – 2 037, Тәжікстанның – 616, Түрікмен­станның 525 азаматы құлдық құрбаны болған. Жалпы алғанда, әлемде адам саудасына тартыл­маған бірде-бір ел жоқ. Біразы еш еңбекақысыз, тамақ пен жа­тын орын үшін ғана еңбек етуге дайын адамдарды аттандыратын ошаққа айналса, енді бір мем­лекеттер оларды қабылдайтын, қожайындарына тарататын хаб қызметін атқарады. Ұйым баға­лауынша, Орталық Азия жы­ныс­тық және еңбек мақсатында эксплуатацияланатын заманауи құлдарды аттандыратын бастау-қайнар рөлін атқарады екен. Ал Қазақстан негізінен транзиттік пункт саналады. Мысалы, құл­дыққа душар болған Тәжікстан азаматтарының 66%-ы өз елінде қалған, қалғаны шетелге бағыт­талған, оның 5%-ы Қазақстаннан бір-ақ шыққан. Шетелде құлша жұмсалып, күнкөрісі үшін ғана жұмыс істейтін Өзбекстан аза­маттарының 31%-ы – Қазақ­станда, 21%-ы Ресейде жүрген көрінеді. Global Data Hub on Human Trafficking дерегінше, шетелде құлдыққа түсіп қалған қазақ­стандықтар арасында жыныстық құлдыққа душар болғандары басым: 59%-ы. Зардап шеккен­дердің 40%-ы ғана еңбек құл­дығына түскен адамдар. Құзырлы органдар қазақстандық нәзік болмыс иелеріне өзге елдерде жоғары жалақылы жеңіл жұмыс ұсынатын сайттарды жыл сайын жүздеп бұғаттайды. Салыстыру үшін айтсақ, құл мен күң болған Түрікменстан тұрғындарының – 86%-ы, қырғыздардың 82%-ы, өзбекстандықтардың 70%-ы, Тәжікстан азаматтарының 55%-ы өз елінде және шетелде жы­ныстық емес, еңбек құлдығына тап болған. Демек, Қазақстанда заманауи құлдықпен күрес аясында жыл­дам баюды, арманға еңбексіз жетуді қалайтын жастар, соның ішінде жеңілтек ойлы қыздар ара­сында тәрбиені, түсіндіру жұмыстарын күшейту орынды. Қорлық пен құлдықтың шекарасы қайда? Орал қаласының тұрғыны Николай Ф. қарт анасымен бірге тұрыпты. Олармен бір шаңырақ астында, бөлмелердің бірінде 2002 жылдан бері оның анасына күтім жасаған Марина есімді әйел тұрады. Кейуана қайтыс бол­ған соң оның пәтері мұра­герлік жолмен жарымжан ұлына көшеді. Содан Маринаның әкесі Владимир оны үйді өзіне сатуға көндіреді және баспанада ары қарай тұра беруіне рұқсат ететінін айтады. Құжаттарға қол қойыл­ған соң ниетінен айнып қалған. Тіпті, үйдің ақшасын да бермей қояды. Сатып алу-сату келісім­шартының көшірмесін қолына табыстамаған. Мәміле заңды кү­шіне енген соң, Владимир қы­зы­мен, әйелімен көшіп алады. Біраз уақыттан соң Николайды Махамбет ауылына алып кетеді.
«Егер бармаса, мені бағып-қақпайтынын, киіндірмейтінін, тамақтандырмайтынын айтты. Басқа амалым болмағандықтан, көніп, бардым. Құлдыққа түсіп қалғанымды кейін түсіндім. Бар­лық құжатымды қолына алып алған Владимир ауылдық жердегі фермасында ауыр жұмыстарды істеуге мәжбүрледі. Қол қойғыз­ған құжатта олардың қалалық пәтерді менен 1 млн 370 мың теңгеге сатып алғаны көрсетіл­ген, бірақ ол қаржыны қолға ұс­таған емеспін. Олар мені көн­діргенде қалған өмірімде асырап, күтім жасап, емдейтіндерін ай­тып, уәде берді. Ол уәдесінде тұрмады. Ауылда олар мені үнемі қорлайтын. Нашар тамақ берді. Көп жұмыс істеуге мәжбүрледі», – дейді Николай Ф.
Қожайыны оны қияндағы елді мекенде қиындыққа шы­дамай, тезірек өмірден өтеді деп болжаса керек. Николай ақыры шыдамай, қашып кетеді. Орал көшелерінде қаңғырып жүрген оны шешесінің танысы Людмила Григорьевна өз үйіне паналатқан. Соның көмегімен Николай по­лицияға өтініш жазады, жәбір­леушісінің алаяқтық жолмен баспанасын тартып алғанына шағымданады. Сотқа талап арыз беріп, жеңіп шығады. Бірақ Владимир сол бойы пәтерін бо­сатпапты. Ішкі істер органд­а­рының дерегінше, тергеуге дейін­гі тексеру қорытындысында қылмыстық құрамның бол­мауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды. Ни­колай ауылға өз еркімен барған, оны ешкім ұрып-соқпаған. Жалпы, Қазақстанда құлдық ұғымы, оның түрлері нақты ай­қындалмаған. Жаңа заң осы олқылықты түзеуі тиіс. Ішкі істер министрінің орын­басары Ержан Сәденовтің түсін­діруінше, «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі ведомство­аралық жұмыс тобы жұмысын жалғастыруда. Заң жобасы Мем­лекет басшысының адам құқық­тары саласындағы жаңа шара­ларға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында дайын­да­лып жатыр.
«Жұмыс тобы заң жобасында қолданылатын негізгі ұғым­дар­ды, заң жобасының қолданылу аясын, принциптерін, мақсатта­ры мен міндеттерін, уәкілетті органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қыз­метті үйлестіру жөніндегі функцияларын, мемлекеттік ор­гандардың, коммерциялық емес ұйымдардың құзыреттерін және басқа да мәселелерді талқыла­ды. Заң жобасы 2023 жылғы қаңтарда – Әділет министрлігіне, ақпанда Үкіметке ұсынылады. Ал 2023 жылғы сәуірде оны Парламентке енгізу жоспар­лан­ған. Әзірлеу жұмыстары жалға­суда», – деді ішкі істер минис­трінің орынбасары.
Адам саудасымен және заң­сыз көші-қонмен күресу мақса­тында құқық қорғау органдары жыл сайын «Мигрант», «Не­ле­гал», «Стоп-трафик» сияқты же­дел-профилактикалық іс-ша­раларды жүргізіп тұрады. Оның барысында газеттердегі, әлеу­меттік желідегі хабарландыру­лар талданады, интим қызметтер ұсынатындар жиналатын жер­лерге, вокзалдарға, сауналарға, қонақүйлерге, көңіл көтеру орындарына рейдтер жасалады. Мамандардың тұжырымдауын­ша, адам саудасы, құлдық фер­маларда, шаруа қожалықтарында, шағын цехтарда өрістеуі мүмкін. Оларды тексеруге шағын және микробизнесті қадағалауға ты­йым салатын мораторий мүм­кіндік бермейтін көрінеді. Алай­да адам өмірін қорғау, қоғамда әділдік ұстындарын нығайту үшін болашақта құлдыққа, адам саудасына тосқауыл қою шара­лары тың тегеурінге, жаңа тетік­терге ие болады деген үміт бар.