Қазақстандықтардың ел ішінде құлдыққа түсу оқиғалары ішкі істер органдарының мәліметтері мен жаңалықтарынан «жоғалып кетті». Тек Бахрейн, Корея сияқты бірқатар елде адам саудасына тартылған қазақстандықтар туралы хабарланды. Бірақ бұл осы қиын құбылыс елде түбегейлі жойылды деген сөз емес. Жарияланып отырған сала статистикасы құлдықта болған еркек пен әйел ғана емес, тіпті балалар да табылғанын көрсетті. Әділетті Қазақстанда мұндай әділетсіздікке тосқауыл қойылғаны жөн. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Қазақстан қара тізімнен құтылды Жасыратыны жоқ, 90-жылдары қылмыспен бірге «құлдық» та белең алып тұрған еді. Ауылдан қалаға табыс пен жұмыс іздеп кеткен біраз ер-азамат із-түзсіз жоғалып, кейін бірен-сараны арып-ашып, азып-тозып үйіне әрең оралды. Батыстағы бақуатты өмірге қызыққан, шетелдік күйеу іздеген қыздар жат жұртқа әкетіліп, жезөкшелікке салынды. БҰҰ дерегінше, посткеңестік кеңістікте Ресей, Украина және бірқатар ортаазиялық елдер қатарлы Қазақстан да жеңіл жүрісті бикештерді Батысқа көп аттандыратын елдер қатарына енді. Бұл жайында Қазақстанда бірнеше деректі фильм, телебағдарламалар түсірілді. Ол заманда әскерге шақырылған жігіттер генералдардың коттедждерін тұрғызуға тегін жегілетін. Кейбір қолы мен ары таза емес әскери шенділер солдаттарды топ-тобымен сатып, жалға беріп, заңсыз пайда табатынын ақпарат құралдары зерттеп, әшкерелеп жүрді. Бүгінде бұл кесапаттардың көбі келмеске кетті. Құқық қорғау органдарындағы, күштік құрылымдардағы реформалар өз нәтижесін берді. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен адам күресімен, заманауи құлдықпен күрес күшейтілді. Қазақстанда жағдайдың беті бері қарағанын, ілгерілеушілік салмақты екенін жаһандық қауымдастық мойындады. Бүгінде Қазақстан құлдықты толық болмағанымен, белгілі бір деңгейде жеңе алған озық мемлекеттер қатарында көрінеді. «Құлдықтың жаһандық индексі» (Global Slavery Index) рейтингі дүниежүзіндегі 167 елдегі заманауи құлдықта тұрып жатқан адамдардың санын бағалайды. Соның нәтижесінде «заманауи құлдықта тұрып жатқан тұрғындарының үлесі ең жоғары елдердің тізімі» түзіледі. Құлдықпен және адам саудасымен күрес жөніндегі Walk Free Foundation сарапшылардың халықаралық тобы түзген рейтинг осымен үшінші рет жарияланды. Онда бүгінде әлемде кемінде 45,8 миллион құл бары айтылады. Құлдықтағы адамдардың 58%-ы бірнеше ғана елдің үлесіне тиесілі екені көрсетілген, бұлар – Солтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Пәкістан, Бангладеш және Өзбекстан. Қара тізімге сондай-ақ бірлі-жарым Африка елі, Ауғанстан, Сирия, Ирак және басқасы, негізінен кедей 21 мемлекет енгізілді. Бұл тізімге күмән келтіруге де болатындай: онда Латын Америкасы елдері, Африка елдерінің көбі, тіпті Ресей жоқ. Amnesty International, Халықаралық еңбек ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар дәл осыларда адамдардың еңбек және басқа құқығы аяқасты болатынын, адам саудасы қанат жайғанын алға тартып, дабыл қағады. Шетелге кетіп, шерменде болды Қазір құқық қорғау органдарының жаңалықтарымен танысқан адамда «басы саудаға түскен қазақстандықтардың көбі – шетелге шыққандар» деген теріс түсінік қалыптасуы мүмкін. Мысалы, өткен жылдың соңында шымкенттік банданың 13 мүшесі қазақстандық қыздарды Бахрейнге сексуалды құлдыққа жолдап отырғаны үшін сотталды. Қылмыстық топтың лидері 14 жылға түрмеге қамалды, қалған мүшелері 1,3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Кореяға барып, тән аздырар, жүйке тоздырар ауыр жұмысқа жегіліп, еңбекақысын ала алмай, тағдыр тауқыметін тартқан Қазақстан азаматтарына қатысты жанжал туды. Биылғы тамызда Анель есімді азаматша Лаоста еңбек құлдығына тап болғанын мәлімдеп, Қазақстанның ресми органдарының көмегімен елге оралды. Дегенмен Ranking мониторинг агенттігі сарапшыларының байламынша, құлдыққа түсіп қалған әрбір 5 қазақстандықтың 4-еуі Қазақстанның өзінде болыпты. Тағы 5%-ы – Ресейге, 4%-ы Біріккен Араб Әмірліктеріне барғандар. Шетелде құлдыққа түскен қазақстандықтар санының аз болуына олардың көмек сұрап, құзырлы органдарға жүгіне бермейтіні себеп сияқты. Полицияға барса, бұрынғы қожайындары тауып алып, жазалайды деп қорқатын болса керек. Сонымен бірге сарапшылар Қазақстанда негізінен шетелдіктер, соның ішінде Орталық Азия елдерінің азаматтары құлдыққа түсетінін жеткізді. Адам саудасы деректерінің жаһандық орталығы (Global Data Hub on Human Trafficking) мәліметінше, 2005 жылдан 2021 жыл аралығында осы аймақ республикаларының 6 мыңнан астам тұрғыны аймақтың өз ішінде және шетелде сексуалдық, еңбек және басқа түрдегі құлдықта болған. Осы кезеңде құлға айналған қазақстандықтардың саны – 691 адам. Бұл әлемдегі адам саудасы құрбандарының жалпы санының 0,66%-ына тең. Қырғыз Республикасының – 2 259, Өзбекстанның – 2 037, Тәжікстанның – 616, Түрікменстанның 525 азаматы құлдық құрбаны болған. Жалпы алғанда, әлемде адам саудасына тартылмаған бірде-бір ел жоқ. Біразы еш еңбекақысыз, тамақ пен жатын орын үшін ғана еңбек етуге дайын адамдарды аттандыратын ошаққа айналса, енді бір мемлекеттер оларды қабылдайтын, қожайындарына тарататын хаб қызметін атқарады. Ұйым бағалауынша, Орталық Азия жыныстық және еңбек мақсатында эксплуатацияланатын заманауи құлдарды аттандыратын бастау-қайнар рөлін атқарады екен. Ал Қазақстан негізінен транзиттік пункт саналады. Мысалы, құлдыққа душар болған Тәжікстан азаматтарының 66%-ы өз елінде қалған, қалғаны шетелге бағытталған, оның 5%-ы Қазақстаннан бір-ақ шыққан. Шетелде құлша жұмсалып, күнкөрісі үшін ғана жұмыс істейтін Өзбекстан азаматтарының 31%-ы – Қазақстанда, 21%-ы Ресейде жүрген көрінеді. Global Data Hub on Human Trafficking дерегінше, шетелде құлдыққа түсіп қалған қазақстандықтар арасында жыныстық құлдыққа душар болғандары басым: 59%-ы. Зардап шеккендердің 40%-ы ғана еңбек құлдығына түскен адамдар. Құзырлы органдар қазақстандық нәзік болмыс иелеріне өзге елдерде жоғары жалақылы жеңіл жұмыс ұсынатын сайттарды жыл сайын жүздеп бұғаттайды. Салыстыру үшін айтсақ, құл мен күң болған Түрікменстан тұрғындарының – 86%-ы, қырғыздардың 82%-ы, өзбекстандықтардың 70%-ы, Тәжікстан азаматтарының 55%-ы өз елінде және шетелде жыныстық емес, еңбек құлдығына тап болған. Демек, Қазақстанда заманауи құлдықпен күрес аясында жылдам баюды, арманға еңбексіз жетуді қалайтын жастар, соның ішінде жеңілтек ойлы қыздар арасында тәрбиені, түсіндіру жұмыстарын күшейту орынды. Қорлық пен құлдықтың шекарасы қайда? Орал қаласының тұрғыны Николай Ф. қарт анасымен бірге тұрыпты. Олармен бір шаңырақ астында, бөлмелердің бірінде 2002 жылдан бері оның анасына күтім жасаған Марина есімді әйел тұрады. Кейуана қайтыс болған соң оның пәтері мұрагерлік жолмен жарымжан ұлына көшеді. Содан Маринаның әкесі Владимир оны үйді өзіне сатуға көндіреді және баспанада ары қарай тұра беруіне рұқсат ететінін айтады. Құжаттарға қол қойылған соң ниетінен айнып қалған. Тіпті, үйдің ақшасын да бермей қояды. Сатып алу-сату келісімшартының көшірмесін қолына табыстамаған. Мәміле заңды күшіне енген соң, Владимир қызымен, әйелімен көшіп алады. Біраз уақыттан соң Николайды Махамбет ауылына алып кетеді.
«Егер бармаса, мені бағып-қақпайтынын, киіндірмейтінін, тамақтандырмайтынын айтты. Басқа амалым болмағандықтан, көніп, бардым. Құлдыққа түсіп қалғанымды кейін түсіндім. Барлық құжатымды қолына алып алған Владимир ауылдық жердегі фермасында ауыр жұмыстарды істеуге мәжбүрледі. Қол қойғызған құжатта олардың қалалық пәтерді менен 1 млн 370 мың теңгеге сатып алғаны көрсетілген, бірақ ол қаржыны қолға ұстаған емеспін. Олар мені көндіргенде қалған өмірімде асырап, күтім жасап, емдейтіндерін айтып, уәде берді. Ол уәдесінде тұрмады. Ауылда олар мені үнемі қорлайтын. Нашар тамақ берді. Көп жұмыс істеуге мәжбүрледі», – дейді Николай Ф.Қожайыны оны қияндағы елді мекенде қиындыққа шыдамай, тезірек өмірден өтеді деп болжаса керек. Николай ақыры шыдамай, қашып кетеді. Орал көшелерінде қаңғырып жүрген оны шешесінің танысы Людмила Григорьевна өз үйіне паналатқан. Соның көмегімен Николай полицияға өтініш жазады, жәбірлеушісінің алаяқтық жолмен баспанасын тартып алғанына шағымданады. Сотқа талап арыз беріп, жеңіп шығады. Бірақ Владимир сол бойы пәтерін босатпапты. Ішкі істер органдарының дерегінше, тергеуге дейінгі тексеру қорытындысында қылмыстық құрамның болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды. Николай ауылға өз еркімен барған, оны ешкім ұрып-соқпаған. Жалпы, Қазақстанда құлдық ұғымы, оның түрлері нақты айқындалмаған. Жаңа заң осы олқылықты түзеуі тиіс. Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденовтің түсіндіруінше, «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы жұмысын жалғастыруда. Заң жобасы Мемлекет басшысының адам құқықтары саласындағы жаңа шараларға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында дайындалып жатыр.
«Жұмыс тобы заң жобасында қолданылатын негізгі ұғымдарды, заң жобасының қолданылу аясын, принциптерін, мақсаттары мен міндеттерін, уәкілетті органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі функцияларын, мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың құзыреттерін және басқа да мәселелерді талқылады. Заң жобасы 2023 жылғы қаңтарда – Әділет министрлігіне, ақпанда Үкіметке ұсынылады. Ал 2023 жылғы сәуірде оны Парламентке енгізу жоспарланған. Әзірлеу жұмыстары жалғасуда», – деді ішкі істер министрінің орынбасары.Адам саудасымен және заңсыз көші-қонмен күресу мақсатында құқық қорғау органдары жыл сайын «Мигрант», «Нелегал», «Стоп-трафик» сияқты жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізіп тұрады. Оның барысында газеттердегі, әлеуметтік желідегі хабарландырулар талданады, интим қызметтер ұсынатындар жиналатын жерлерге, вокзалдарға, сауналарға, қонақүйлерге, көңіл көтеру орындарына рейдтер жасалады. Мамандардың тұжырымдауынша, адам саудасы, құлдық фермаларда, шаруа қожалықтарында, шағын цехтарда өрістеуі мүмкін. Оларды тексеруге шағын және микробизнесті қадағалауға тыйым салатын мораторий мүмкіндік бермейтін көрінеді. Алайда адам өмірін қорғау, қоғамда әділдік ұстындарын нығайту үшін болашақта құлдыққа, адам саудасына тосқауыл қою шаралары тың тегеурінге, жаңа тетіктерге ие болады деген үміт бар.