Кәсіпкерге «тұсау» салған кім?
Кәсіпкерге «тұсау» салған кім?
Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің қызметінде не­гізінен жер қатынастары, салық заңнамасына және субсидия­­лауға қатысты даулар жиі жо­лы­ғады. Сондай-ақ жеке және мем­ле­кеттік сот орындаушылардың әрекетіне шағым көп. 2022 жыл­дың бірінші жартыжылдығында соттарда қаралып, кәсіпкер­лердің пайдасына шешілген істерге талдау жүргізген жұмыс тобы осындай қорытындысын жария етті. Бизнесті қорғау экожүйесін дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысында қандай мем­лекеттік органдар заңды белден баса отырып, кәсіпкерлерді сотқа негізсіз тар­татыны белгілі болды. Ол туралы Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіп­керлер палатасы директорының орын­басары Жеңіс Қазиев баяндады. Жиында түсіндірілгеніндей, бизнесті қорғау экожүйесі – ұлттық палатаның жаңа жобасы. Ол мемлекеттік орган­дардың, адвокаттардың, сондай-ақ заң қоғамдас­тық­тарының және «Атаме­кеннің» бірлескен жұмысын білдіретін жедел және стра­тегиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Солтүстік Қазақстан облыстық кә­сіпкерлер палатасы директорының орын­басары Жеңіс Қазиев келтірген мы­салға қарасақ, жер қатынастары са­ласында сот­тың жеті шешімінің төртеуі жер комис­сиясының хаттамалық ше­шімін заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы болған. Немесе жер комис­сиясы шешімінің заң­сыз­дығына бай­ланысты әкімдік қаулы­ларының күшін жою туралы сот шешімі шығарылған. «Бақсам, бақа екен» демекші, даулы хаттамалық шешімдерді шығарған жер комиссиясы құрамының оған құқығы да болмапты. Ешбір шешімін негіздеп тү­сін­дірмеген. Аудио және бейнежаз­ба­лардан және комиссия отырысының хаттамалары­нан конкурсқа қатысу­шы­ларға ұпай қалай берілетінін мүлдем түсініп болмайды. Жаз­балардың сапасы сын көтермейді, дыбысы нашар, ко­миссия мүшелерінің бет-әлпетін анықтап көру мүмкін емес, сондай-ақ комиссия мүшелерінің дауыс беру қоры­тындысы жоқ. Жер комиссиясы отырысы бастан-аяқ үзіліссіз жазылуы тиіс екеніне қара­мастан, бұл талап орындалмаған, бей­нежазба үзік-үзік, жиі тоқтатылады.
«Осындай кемшіліктер жер комис­сиясының шешімдерін және соған сәй­кес қабылданған жер телімдерін беру туралы қаулыларды заңсыз деп тануға негіз болды. Жол берілген бұзушылықтар үшін сот мем­лекеттік органдарға қатысты жеке ұйға­рымдар шығарды. Осыған байланысты сы­байлас жемқорлыққа қарсы органдарға өңірдегі жер комис­сияларының қызметіне сыбайлас жем­қорлық тұрғысынан талдау жүргізу, ал жергілікті атқарушы органдарға жер заң­намасы саласындағы талаптардың тиісінше орындалуын ерекше бақылауға алу ұсынылды», – дейді облыстық кә­сіп­кер­лер палатасы директорының орынбасары.
КЕРТАРТПА ӘДІС КӨП Салық заңнамасына қатысты даулар да жиілеген. Камералдық бақылау нә­тижелері бойынша анықталған бұзу­шылықтарды жою туралы хабарла­ма­ларды орындау мә­селелеріне қатысты дау санының артқаны байқалады. Атап айтқанда, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кі­рістер органдары «анықтаған кемшілік­терді жою туралы хабарлама орындал­мады» деп тану туралы шешім шығаруын қоймай келеді. Бұл жайт кәсіпкер алған хабарламамен келіспеген және тиісті түсініктеме берген жағдайларға қатысты. Жеңіс Қазиев түсін­діргеніндей, мұндай жағдайларда хабарлама орындалды деп танылып, тоқтатылуы тиіс. Ал салық са­ласының қызметкерлері істің мән-жа­йын анықтау үшін жоспардан тыс тек­серіс тағайындауы керек. Алайда мем­лекеттік кірістер органдарының кер­тартпа тәжірибесі кәсіпкерлерге кедергі келтіріп отыр. Сол үшін салық төлеу­шілер соттарды жағалап, алтын уақытын зая кетіреді. Мем­лекеттік органдар осы­лайша салық тө­леушінің банктік шот­тарындағы операция­ларын тоқтатып, бизнес өкілдерін қажетсіз сот процесіне тартады. кәсіпкер Тағы бір кемшілік – мемлекеттік кіріс­тер органдары салық есептілігін тап­сыру мерзімі аяқталғанға дейін-ақ каме­ралдық бақылау жүргізуге құқылы бола тұра, бұл норманы пайдаланбайды. Егер бақылауды ерте бастан қолға алса, салық төлеушінің өз міндеттемелерін орында­мауы барынша азаяр еді.
«Сот шешімінен белгілі болғанындай, бұл норманы салық органдары пайда­ланбайтын көрінеді. Мәселен, салық органы есеп беру мерзімінен кейін екі ай өткен соң ғана камералдық бақылау жүр­гізген. Әрі бұл уақытта электронды шот-фактура үзіндісіне қолжетімділікті шек­теп тастаған. Ал электронды шот-фактура жа­зып бергелі 7 ай өтіп кеткен. Сол бақы­лаудың қорытындысы бойынша, қосымша құн салығын есепке жатқызуға қатысты бұзушылықтар анықталған. Осылайша, кемшіліктердің алдын алуға құзыреті бар бола тұра салық органы бұл құқықты пайдаланбаған. Бұл өз кезегінде салық тө­леушілердің міндеттемесін орындамауына ықпал етеді. Шот-фак­тураларды жазған кезде талап сақтал­майды. Нәтижесінде, қосымша құн са­лығы сомаларын есепке заңсыз жатқы­зуда қателік кетеді. Мұның соңы айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Бұл жайт жүйелі сипатқа ие болуы ықтимал екендігін де жоққа шығармаймыз», – деп түсіндірді спикер.
БАСШЫЛАР ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС Әкімшілік құқықбұзушылықтарды, сондай-ақ бақылау-қадағалау қызметін талдау нәтижесінде көптеген жүйелі проб­лемалар анықталды. Тексеруші органдар кәсіпкерлерге қатысты әкім­шілік жаза қолданған кезде көбіне-көп ескерту сияқты әкімшілік жазаны аттап өтіп, бірден айып­пұл салуға құмар. Мәселен, 2022 жылдың маусым айында Қызылжар аудандық про­ку­ратурасының наразылығы негізінде ҚР АШМ Ветери­нариялық бақылау және қадағалау комитеті аудандық аумақтық инспекциясының бас мемлекеттік ве­теринариялық-санита­риялық инспек­торының хаттамасының күші жойылды. Себебі айыппұл салуға еш себеп болмағаны анықталған. Бұл жерде бизнес субъек­ті­сіне ескерту жарияланса да жеткілікті екен. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті ор­ганға, сотқа не прокуратураға әрдайым жүгіне бермейтінін айтты. Осыған бай­ланысты лауазымды тұлғалардың заңсыз актілері кейде анықталмай да қалады.
«Әкімшілік іс бойынша салынған айып­пұлдарды толық талдау және мо­нито­рингілеу неғұрлым қатаң жаза қол­дануға жақын тұратын лауазымды тұл­ғалардың заңсыз әрекеттерінің ауқым­дылығы мен жүйелілігін анықтауға мүм­кіндік береді. Мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 43-ба­бының талаптарын елемейді деп са­наймыз. Сондықтан прокуратура орган­дары мен өзге де уәкілетті органдар заң­сыз шығарылған әкімшілік актілердің күшін жойып қана қоймай, заңнама нормаларын қолдануды бұзғаны үшін кінәлі лауазымды тұлғаларды жауап­кершілікке тарту туралы мәселені қарауы қажет деп санаймыз», – деп түйіндеді ол.
Бұған қоса, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін талдау тәуекелдерді басқару жүйесінің жет­кі­ліксіз жүзеге асырылатынын көрсетті. Бұл жүргізілетін тексерулердің тиімсіз­дігіне әкеліп соғады.
«Мемлекеттік кірістер департамен­тінің тексерістері ең тиімсіз екені анық­талды. Оның көрсеткіші небәрі – 26 пайыз. Яғни, 66 тексерістің тек 17-сі бойынша ғана кем­шіліктер анықталған. Тиісінше, тексеру­лердің 74%-ы (немесе 49) нәтижесіз, бұл тәуекелге бағдарланған тәсілді пайдала­нудың тиімсіздігін көр­сетеді», – деп түйін­деді Жеңіс Қазиев.
Жүргізілген талдаулар нәтижесінде анықталған барлық жүйелі мәселелер кейіннен егжей-тегжейлі зерделенбек. Ал кінәлі лауазымды тұлғалар жауап­кершілікке тартылатын болады. Солтүстік Қазақстан облысы проку­рорының орынбасары Мұрат Қожам­құлов бизнеске заңсыз араласудың бар­лық жағ­дайлары бойынша, әдетте, орын­даушылар мен келісімшарт бо­йынша жұмыс істей­тіндер ғана жауапкер­шілікке тартыла­тынына ерекше назар аударды. Сондықтан мұндай тәжірибені өзгерту қажеттігі айтылды. Атап айт­қанда, кемшілікке жол берген басшылар жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысы