Бүгінде көне Тараздың ажарын ашу бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Әсіресе, кейінгі жылдары саябақтар жаңаша жаңғырып, қараусыз қалған кейбір аумақтар сәні келіскен аллеяларға айналуда. Сондай демалыс орындарының бірі – «Жастар» аллеясы Жастар жылына орай ашылған болатын. Бастапқыда көптің көзайымына айналған саябақтың бүгінде сұрқы қашып, бүтінінен бүлінген жері көп болып тұр.
Аумағы 5,59 гектарды құрайтын «Жастар» аллеясы бұрынғы «Атшабер» скверінің орнына салынған. Жаңғырту аясында аллеяның М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кіреберіс жеріне амфитеатр қойылып, 4 субұрқақ іске қосылған. Сондай-ақ «Жастар қабілет орталығы» ашылып, жастардың жиі бас қосатын орнына айналады деп күтілген. Аллеяның белортасына рухани әлемге жетелейтін «Кітап» сәулеттік композициясы құрылса, махаббаттың мәңгілік символы, тараздың қосылмай кеткен қос ғашығы Болат пен Айнұрдың құрметіне ескерткіш те бой көтерді. Бұдан бөлек, LED экран орнатылып, түрлі шаралар сол арқылы сүйемелденген болатын. Ал «Сағат» стелласы «Жастар» аллеясының көркіне көрік қосып тұрған-ды. Субұрқақтар декоративті тастардан құралған ою-өрнектермен безендіріліп, саябақ жағалауына гүлдер мен шырша талының көшеттері отырғызылған. Жасыл желекті жайқалтып тұру үшін автоматты суғару құрылғылары жүргізіліп, заманауи жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолағы жүргізілген. Адам тынығатын орындықтар болса, ұялы телефонды қуаттағыш қондырғылармен жабдықталған. Міне, осындай керемет аллеяның бүгінде бүтінінен бүлінген жері көп. «Сағат» стелласына келсек, оның тілінің соқпай қалғанына екі жылдан асты. Бір түнде ғайыптан жоғалып кеткен сағатты жергілікті билік сол бойы орнына қайта орнатпады. Жоғалған тұста тұрғындар шарқ ұрып іздегендіктен, шенділер сағаттың желден құлап қалғанын, жақын уақытта қайта тұғырынан табылатындығына уәде еткен. Алайда арада екі жарым жылдан аса уақыт өтсе де сағат сол бойы орнына қойылмады. Бәлкім, бүгінгі күнге дейін қолды да болып кеткен шығар.
Ал қыруар қаржыға тұрғызылған «Жастар қабілет орталығының» ашылғаннан жабылған күні көп. Бастапқыда нысан Жастар саясаты мәселелері басқармасының қарауына беріліп, түрлі шаралар сол жерде ұйымдастырылған еді. Алайда кейіннен ғимаратты жеке кәсіпкер сатып алып, бүгінде оны іске жаратпай тастады. Бір уақытта студенттік асхана ретінде ашылған болса, бірақ бағасы қолжетімді болмағандықтан есігіне қайта қара құлып салынды. Міне, осылайша жастардың игілігіне жарайды деген орталық бүгінде қаңырап бос тұр.
– Оқушы кезімде ауылдан қалаға жол түскенде осы жерге міндетті түрде соғатынмын. Бір жолы қазақ эстрада жұлдыздарының концертін аллеядағы сахнадан көргенім әлі есімде. Болашақта бүгінгі өзім оқып жатқан білім ордасына оқуға түссем, саябақта достарыммен серуендеп жүрсем деп армандайтынмын. Тараз өңірлік университетіне оқуға түскеніммен бір кездері сүйсінген саябақтың бүгінге сұрқы қашып барады. Амфитеатрдың шатыры ұшып, үңірейіп тұр. Ал LED экран соңғы рет қашан жұмыс жасады есімде жоқ. Бүлінген, сынған брусчаткалар күннен-күнге көбейіп барады. Мұнда келетіндердің көбі өзім сияқты жастар. Замандастарымды тәртіп пен тазалықты сақтауға барынша шақырып жатырмын. Алайда жауапты мамандар бүлінген жерді бүтіндемесе, «Жастар» аллеясына көпшілік қараусыз қалған орындай қарауда, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік унвериситетінің 2-курс студенті Сұңқар Тілепперген.Қала тұрғыны Тұрдыбек Бекеннің де пікірі осыған саяды.
– Үйім жақын маңда орналасқандықтан саябаққа жиі келемін. Бұрын бәрі таза, жақсы еді. Қазір көп дүние қирап жатқаны жасырын емес. Әсіресе, аллея аумағына жастар көлікпен келіп, шеңбер жасап айдайтынын көріп шошимын. Бұған «қой» деп жатқан бір адам жоқ. Ертең сол көлікті тізгіндеген жастар біреуді басып кетсе қайтеміз? Саябақтағы қираған дүниелерді қайта қалпына келтіруге көп қаражат қажет емес. Ал жүгенсіз кеткен көлік жүргізушілерін полиция қызметкерлері тәртіпке шақырса, алғысымыз шексіз болар еді. Аллея аумағында учаскелік полицейдің пункті де бар. Алайда онда сала қызметкерлері отырмайды. Содан барып бұзақылар білгенін істеуде. Осыған жергілікті билік жақын арада көңіл аударады деген үміттемін, – дейді Тұрдыбек.Көптің көкейіндегі мәселені көтеріп, саябақтағы келеңсіздіктер қашан қалпына келтірілетінін білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылдық. Алайда ақпаратты әзірлеп береміз деген мекеме жауаптан жалтарып, саябақтағы жәдігерлер секілді өздері де жоғалып кетті.
Жамбыл облысы