Ауылдан шыққан әлем чемпионы
Ауылдан шыққан әлем чемпионы
Ришат Галиахметов – ауылдан шыққан әлем чемпионы. Күні кеше ғана Үндістан елінің Нью-Дели қаласында кір көтеру спортынан өткен әлем чемпионатында Ришат Галиахметов 48 келі кір тасын 10 минутта 60 рет көтеріп, топ жарды. Әлемнің «мен» деген спортшыларын басып озған қара күш иесі Ришат Галиахметов – қарапайым ауылдың тұрғыны. Өзгелер шетелдерде жаттығып барып, халықаралық жарыстарға қатысатын болса, Ришат ауылдағы сарайында, мектептің қуыс бөлме­сінде дайындалып жүріп, әлемді мойындатып отыр. Әлемнің 13 елінен 234 атлет қатысып жатқан додада 105 + келі салмақта бақ сынаған Ришатпен WhatsApp желісі арқылы байланысқа түсіп, құттықтап, аз-кем сұхбат­тасудың сәті түсті. медаль Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен Ришат мұғалім болып ауылда жұмыс істей­ді. Атырау облысының Қызылқоға ауданы Абай ауылындағы орта мектепте алғашқы әскери дайын­дық пәнінен сабақ береді. 16 жыл­дан бері қарапайым мек­тепте дәріс беріп жүрген Ришат үшін кір тасын кө­теру спорты жай хобби ғана.
«Кір тасын кө­те­ру­мен ай­на­лысып жүр­геніме он алты жыл­дай уақыт бол­ды. Осы уақыт іш­ін­­де біраз жетіс­тікке жеттім. Бастап­қыда аудан, облыс деңгейіндегі спартакиада­ларға қатысып жүрдім. Кейін респуб­ликалық жарыстарда чемпион атандым. Үндістанда өт­кен әлем біріншілігіне Азия чем­пионатына қатысып, жолдама алдым. Сәуір айында Көкшетаудағы Шучинск қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль иелендім. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Корея, Үн­діс­тан сияқты бірқатар елдің атлет­тері қатысқан бәсеке өте тартысты өтті.Үндістандағы жарыс әлемдік деңгейде қатысып отырған екінші бәсекем», – дейді әлем чемпионы Ришат Галиахметов.
Қазақстанның ұлттық құрама командасына ену және осы сапта өнер көрсету – ауылда жүрген спорт­шы үшін үлкен мәртебе. Біз Ришаттан осы жетістікке жету жо­лын сұраған болатынбыз. Бәрі біз ойлағаннан да қарапайым болып шықты.
«Әдетте әлемдік деңгейдегі жа­рыс­тарға қатысу үшін, спортшылар, әсіресе Ұлттық құрама команданың спортшылары шетелдерде жат­тығып жатады ғой. Мен ауылда жаттығамын. Жаттығуларым үйде, сарайда өтеді. Мен тұратын Абай ауылында спорт залы жоқ. Соған қарамастан барынша жағдайды өзіміз жасап аламыз. Көтеретін темір құрал-жабдықтар жоқ. Жоқтан бар жасап, біреуін сатып алып, біреуін сұрап алып, жаттығып жүрген жайымыз бар. Және мен жалғыз емеспін. Тәрбиелеп жүрген шәкірттерім бар. Өзім спорт саласында жүргендіктен, жасырғым келмейді. Ауыл спортшы­ларына жаттығу жасау қиын. Сондықтан ауылымызға спорт кешені салынса деген тілегім бар», – дейді кір тасын көтеруден әлем чемпионы атанған Ришат Галиахметов.
Ришат Галиахметов Қолы қалт етсе бос уақытын спортқа арнайтын Ришат Галиах­метов шәкірт тәрбиелеуде де біраз жетістікке жеткен. Қара­пайым ауыл балалары бүгінде аудандық деңгейді айтпа­ған­да, облыс­тық, рес­пуб­ликалық жарыс­тар­да топ жарып жүр. Ара­ларын­да бірнеше дүркін рес­пуб­лика чемпионы атанғандары да бар. Әрі кір тасын көтеруден Қызылқоға ауданы спортшы­лары­ның Атырау облысы бойынша бірінші орында тұрғанын да атап өткеніміз абзал.
«Мен жастарға сенемін. Ара­мыз­да көзі ашық, көкірегі ояу, мақ­саты айқын, саналы жастар көп. Менің мақсатым – жалын­дап тұр­ған қайсар шә­кірт­терімнің ара­сы­нан әлем чемпион­да­рын шығару. Бірақ шәкірт дайындайтын лайықты орын­ның бол­мауы жанға батады. Қазір біз мек­тептің бір қуысында дайындалып жүрміз. Үзбей қолда­нып келгенде темір де сынады екен. Кір, штангы, трена­жер­лық жабдық­тары­мыз жоқ. Жамап-жасқап жина­ған құралдары­мыз сынып жатыр. 8, 12, 24 келілік кір тастары болса, жаттығу жасаған сайын өзіме де, шәкірттеріме де мотивация болар еді. Ауылға шағын да болса спорт кешені керек», – деді бізбен сұх­батында чемпион.
Спортқа деген махаббаты, ерік-жігері, ешнәрсеге қарамастан алға деген ұмтылысының арқасында үл­кен нәтижеге жеткен әлем чем­пионы Ришат Галиахметов – көп­балалы отбасынан шыққан спорт­шы. Мектепте білім беру, спортта шәкірт тәрбиелеумен бірге мал ұс­тап, шағын шаруашылықты игеріп отыр. Шалғай ауылда қарапайым ғана тіршілік кешіп жатқан Ришат Үндістан жерінде қазақтың көк Туын желбіреткенін мақтан тұтады.
«Еліңнің Туы көтеріліп, Ән­ұраны асқақтап жатқан кезде сөзбен жеткізе алмайтын ерекше эмоция болады екен. Шәкірт­терімнің де осындай ерекше сәтті бастан өткергенін қалаймын. Адам алға ұмтылса, бәрін де жеңеді екен. Осыған көзім жетті», – деді бізбен әңгімесінде әлем чемпионы Ришат Галиахметов.

Атырау облысы