Бағдарлама тілін қазақша сөйлеткен Шпенглер
Бағдарлама тілін қазақша сөйлеткен Шпенглер
400
оқылды
Шыны керек, техника тілін, компьютерлік бағдарламаларды қазақша сөйлету екінің бірінің қолынан келмейді. Тіпті, өзіміз де бұл салаға келгенде кібіртіктеп қалатынымыз рас. Себебі осынау саланың әдебиеттері, қажетті мәліметтері әлі күнге дейін ресми тілде. Аударылғанының өзі құлаққа жағымсыз естіледі. Ал осы саладағы 22 жылдық еңбек өтілі бар ұлты неміс Сергей Шпенглер қазақ тілінде жүйрік сөйлеп қана қоймай, бағдарлама тілін мемлекеттік тілде еркін жаза алады. Жетісайлық Сергей Андреевич Шымкенттегі Ж.Та­шенев университетінің Цифрландыру орталығының жетекшісі. Сергей Шпенглер мегаполиске жуыр­да ғана келген. Оған дейін жоғары оқу орнын бітіріп келген 2001 жылдан бері шалғайдағы ауылда жүріп-ақ ақ­параттық технология саласы бойынша талай жұмысты еңсеріп тастапты. Уни­верситетті үздік бітірген 12 ғылыми мақаланың авторы, информатика ғы­лымдарының магистрі Сергей Андреевич бүгінде Жұмабек Ташенев универ­си­те­тінің мақтанышы. 2005 жылдан 2020 жыл­ға дейін заманауи ақпараттық тех­но­логияларды қолдана отырып, 260 элек­трондық оқулық жасаған. Осы элек­тронды оқулықтардың 11-нің авторы.
2010 жылы бұрынғы Жетісай қа­ласындағы «Сырдария» университетінің (қазір Шымкент қаласына көшіп, атауы Ж.Ташенев деп өзгерген) электронды кітапханасын іске қосып, оны жыл са­йын жаңа электронды басылымдармен толықтырып отырған. Университеттің кітап қорынан 1 500-ден астам кітапты цифрландыруды ұйымдастырды, соның арқасында «Сырдария» университеті электронды басылымдардың саны бойынша университеттер қауымдастығы мүшелері арасында көшбасшы болды. Университеттің электронды кітапханасы Қазақстан жоғары оқу орындарының ішінде үштікке енген ең танымал кітап­ханалардың бірі болып тұр. Қазір уни­верситеттің барлық 9 500 электронды ресурсы еліміздегі ЖОО-ы қауымдас­тығының қорына енгізілген. Өткен жыл­дың қорытындысымен университет Шпенглердің арқасында электронды кітаптарды жүктеп алу саны бойынша үшінші, ал ресурстардың жалпы саны бойынша төртінші орында тұр. Барлық ресурстың 52 пайызы қазақ, қалғаны орыс және ағылшын тілінде. «Бүгінде оқу орнының электронды кітапханасының қоры ай сайын оқу үдерісінде сұранысқа ие жаңа электронды басылымдармен толықтырылып оты­рады. Кітаптарды сканерлеу арқылы қор қалыптасады. Қазір оқытушылармен бірлесіп жаңа мультимедиялық элек­тронды оқулықтар әзірленуде», – дейді Сергей Адреевич бізбен әңгімесінде.
Одан бөлек, Сергей 2009 жылдан 2020 жылға дейін студенттердің білік­тілігін арттыру курстарын ұйымдас­тырып, 12 жылда 2 000-нан астам сту­дентті үйреткен. Сонымен бірге про­фессор-оқытушылар құрамы арасында біліктілікті арттыру курстарын жүргізіп келеді. Орыс, қазақ және ағылшын тілін еркін меңгерген Шпенглер керісінше неміс тіліне келгенде аздап кібіртік­тейтінін жасырмады. Орта мектепті орыс тілінде оқығанымен, «Информатика» мамандығы бойынша Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік универ­ситетін қазақ тілінде қызыл дипломмен тәмамдаған ол айналамен қарым-қаты­нас арқылы тез үйренгенін айтады. Ал біз оның қазақ тілінде сөйлегеніне емес, бағдарлама тілін қазақша сөйлет­кеніне сүйсіндік.

Шымкент қаласы